Кейде біз «жастар кітап оқымайды, олар әлеуметтік желінің құрбандары болып жүр» дейміз. Қазірде олардан «қандай кітап оқығансың?» дегеннен гөрі, «инстаграм» желісінде кімге жазылғансың?» деген сұрақты қойған жеңілірек сияқты көрінеді. Дегенмен әлеуметтік желілерді дұрыс мақсатта қолдана білсек, оның артықшылықтары да жоқ емес. Бәрі де адамның өзіне байланысты ғой. Мысалы, халық арасында осы әлеуметтік желінің көмегімен табыс тауып жүргендер қаншама. Өз басым «инстаграм» желісін жиі пайдаланамын. Өйткені, студенттік шақта ата-анаммен хал сұрасып сөйлесуге де кейде уақыт жетпей жататын кездер болады. Ал, мен осы желі арқылы сурет жүктеп, бейнежазба салып, өзімнің қайда жүргенімді, марапаттарымды жариялаймын. Соның арқасында ата-анам мен үшін көп алаңдамай, амандығымды көріп, біліп отырады.
Десек те, әр нәрсенің шегі бар екенін ұмытпауымыз керек. Смартфонды шамадан тыс пайдалананып, көзге зиян келтіріп алмауды да қаперден шығармасақ екен. Кейде «инстаграм» арқылы өзгенің өміріне қызығып жүрген жастардың көп екенін де байқаймын. Ол қаншалықты қажет? Осындай сауалдар өзімді жиі мазалайды. Сіздер не дейсіздер?
Жанерке Сағымжан