Қара орман, қап-қара орман, қаралы орман,
Өзегі -өрт, бауыры-жалын, жаралы орман.
Өрт шалған сояу-сояу қарағайды,
Таянып, «ой-баурымға» салады орман.
Құдайға зарын айтып жылайды орман,
Көл қылып көздің жасын бұлайды орман.
Шырағы сөнер-сөнбес, қалт-құлт етіп,
Тәңірден жалғыз медет сұрайды орман.
Жаһанда жалғыз үміт қаза боған,
Анадай аңырайды азалы орман.
Қаптаған қара сояу көкке ұмтылып,
Құдайға көрден қолын созады орман.
Теңселіп, тебіреніп, шулайды орман,
Көретін күні жақын қурай болған.
Көзі еді динозавр заманының,
Көне алмай тағдырына тулайды орман!
Шыдаған дәуірлерге, замандарға,
Ес болған, пана болған адамдарға.
Араға миллион жыл салып келіп,
Талтүсте жалмап жатса, амал бар ма?!
Зарынан замананың таңдай тозар,
Бар ма екен бұл фәниде сондай да ажал?
Керемет не құдірет, не құбыжық,
Жалмаған қара орманды қандай тажал?!
Тажалда тәбет болмас сірә да осал,
Ойың мен орманыңды бірақ асар.
Жұлып жеп, жұтайын деп ол келгенде,
Ойбайлап албастың да тұра қашар!
Ойлауға ойым жетпей жөйдесіне,
Түседі сұлабасы кейде есіме.
Төбесі көк тіреген кингконгтай,
Керемет құбыжықтың бейнесіне.
Кінәрат айта алмайсың заманға көп,
Көңілде үрей тұрар " адам ба" деп?
Дәрменсіз өкімет те бір сормаңдай,
Тажалды тізгіндейтін амал да жоқ!
Өрт болса, неге бір сәт тоқтамайды?
Дерт болса неге емін жоқтамайды?
Құқұқшыл жампоз болса біздің қоғам,
Неге оны ар алдында соттамайды?!
Кім шешер бұл түйіннің ақ-қарасын?
Шындыққа секілді бір жоқ таласың.
Шыңғырсаң естімейтін таскереңдік,
Құдай да саңырау ма деп қаласың.
Сондықтан сұмдық менің сұрағым бар,
Тоқтатар қандай тәмсіл-құраның бар?!
Мұң-зарын қара орманның естімеген,
Құзырына құдайдың да күмәнім бар.
Амалсыз, айтарың жоқ, қандай шара
Жазылған тағдыр осы маңдайшаға.
Сенсіз де шулайтындар жетіп жатыр,
Айқайлап не қыласың, ей, бейшара?!
Қара орман, кап-қара орман, қаралы орман,
Өзегі — өрт, бауыры — жалын, жаралы орман.
Өрт шалған сояу-сояу қарағайды,
Таянып, «ой-баурымға» салады орман..
ҚҰСМІЛИЯ ЖЫРҒАЛҰЛЫ