«Екі ел өз мәдениетімен, экономикасымен бұрыннан келе жатқан достық және серіктестік қатынастармен өзара тығыз байланысты. Мемлекет басшылары жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударады. Жақын арада визасыз режимді ашуды пысықтап жатырмыз. Бұл мәдени-гуманитарлық және экономикалық қатынастардың дамуын күшейтуге айтарлықтай серпін беретіні сөзсіз»-деді С.Жұманғарин.
Вице-премьер Қазақстанға келетін инвестициялардың негізгі үш бағытын айқындады. Біріншісі — инфрақұрылымды, жүктеу-түсіру орталықтарын, қолданыстағы және жаңа бағыттарды ашуды, дамытуды қамтитын логистика бағыты. Осы бағыт ірі көлік операторлары үшін ерекше қызығушылық тудырады.
«Бүгінде шекара маңында сауда-экономикалық хабтар, логистикалық орталықтар желісі құрылуда, олар кеңейту әлеуетін арттыра отыра ЕАЭО және Орталық Азия елдерінің негізі болмақ. Қазақстанның әр облысында белгілі бір өңірдің ерекшелігі ескеріле отыра арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бар. Оларға салықтық преференциялар пулы ұсынылып, арнайы құқықтық режим қолданылады, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
— Салықтар мен баждарды төлеуден босату түріндегі инвестициялық преференциялармен қоса, жақында инвесторларға бастапқы кезеңде жүктемені азайтуға бағытталған инвестициялық салық кредиті енгізілді. Яғни инвесторларға корпоративтік табыс салығы және (немесе) мүлік салығы аясында төлемдерді үш жылға дейінгі мерзімге 100%-ға төмендету мүмкіндігі беріледі».
Бүгінгі таңда Қытай шекарасында кедергісіз сауданы дамыту үшін «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА қалыптастыру толығымен аяқталды. АЭА инфрақұрылымына индустриялық және логистикалық аймақтармен қатар 2015 жылы елдің шығысында жүктерді шоғырландыру және тарату үшін іске қосылған құрғақ порт кіреді. 2014 жылы Ляньюньган портында қытайлық серіктестермен бірлескен логистикалық терминал құрылды, ол бүгінде Қазақстанға/Қазақстаннан жүк ағындарын шоғырландырудың негізгі пункті болып келеді. Қытаймен шекарадағы «Жетіген-Қорғас» теміржолымен және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің технологиялық байланысы және ірі көліктік-логистикалық операторларды тарту арқылы Құрғақ порты Еуразиялық трансконтиненталдық тасымалдарды дамытудың жаңа кезеңін ашты.
Инвестициялардың екінші бағыты — өнімді терең өңдеу.
«Біз қытайлық серіктестерді қайта өңдеудің барлық салаларына шақырамыз. Бірінші кезекте — табиғи ресурстарды өңдеуге. Сіздерде осы салада өңдеудің озық тәжірибесі жинақталған. Осы тәжіриебелеріңіз Қазақстанның мұнай және тау-кен өнеркәсібінде қолдану үшін өте пайдалы болары сөзсіз», — деп жалғастырды Қазақстан вице-премьері.
Үшінші бағыт — Қазақстанның ауыл шаруашылығы.
«Біз Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторына, оның ішінде органикалық өнім өндірісіне инвестиция салудың кең спектрін ұсына аламыз. Қазақстан жоғары сапалы органикалық өнімдерді өндірудің зор әлеуетіне ие. Соңғы 10 жылда еліміз ауыл шаруашылығы саласында үлкен экспорттық әлеуетті арттыра алды. Қазақстандық тауарлар Орталық Азия, ЕО және Таяу Шығыс елдерінде сатылуда. Бүгін Қытайдың бизнес капитандарымен дөңгелек үстелде біз 400 мың гектар жерге топырақты дамыту жөнінде ұсыныстар естідік. Мұндай ұсыныстарды біз қолдаймыз», — Серік Жұманғарин айтты.