Ұлттық Дельфий Комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалін өткізген болатын.
Жуырда ғана республикалық "Туған жер" шығармашыл жастар фестивалі мәресіне жеткені белгілі. Өздеріңіз білетіндей, фестивальдің қазылар алқасы халықтық дауыс беру арқылы фестиваль финалистерін анықтаған болатын.
Республикалық "Туған жер" фестивалін Ұлттық Дельфий Комитеті «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткізді. Өнер бәйгесіне 14 пен 29 жас аралығындағы жас авторлар қатысты.
Фестиваль жастар арасында кіші отан, өзінің өлкесі, мемлекетін насихаттауды мақсат тұтты.
Жоба «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, ойнау, хореография), «Көркем шығармашылық» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет) және "Сөз өнері" (оқу, әңгімелеу) аталымдары бойынша өтті.
Халықтық дауыс беру нәтижесі арқылы 80 финалист анықталды. Оза шапқан 1,2,3 орын лауреаттары Қазақстанды еліміздің Ұлттық Дельфий құрамасы құрамында Қазақстанның намысын қорғайтын болады. Сондай-ақ, "Туған жер" фестивалінің аясында додаға қатысқан өнерпаздарымыздың шығармашылығын насихаттайтын танымдық шағын фильмдер топтамасын қолға алынды.
Солардың бірі – фестиваліміздің «Сөз өнері» (қойылым) аталымында жеңімпаз атанған «Тамшы» балалар театры. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат аулының балаларынан құралған театр ұжымының болашаққа жоспарлары көп. Актер, режиссер Бейбіт Құсанбаевтың бастамасымен ашылған театр – аталмыш ауылда құрылған алғашқы театр.
Театр әлемінің әр жанға ерекше әсер сыйлайтын құдіреті бары айтпаса да түсінікті. Баланың талғамын қалыптастырып, қиялын дамытады.
«Жалпы бала тәрбиесіне театр өнері, оның ішінде, актерлік шеберлік, сахна тілі деген пәндер өте көп септігін тигізеді. Өсиет, нақыл сөздерді біз көп қолданамыз. Бұл біріншіден, баланың санасын тәрбиелесе, екіншіден, баланың тілін тәрбиелейді. Үшіншіден, жалпы ойлау, жаттау қабілетін жақсартады» дейді театрдың жетекшісі Бейбіт Құсанбаев.
Театрда ойнау арқылы бала өзін-өзі ұстауды үйренеді. Өнер орталығында
60-қа жуық дарынды балалар өнер көрсетеді. 1 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан ұжым түрлі байқауларға, концерттерге қатысып, өздерін жан-жақты дамытып келеді.
Аяғын тәй-тәй басқан өнер ұжымы туралы фильмді Ұлттық Дельфий Комитетінің facebook және Youtube желілерінің әлеуметтік парақшаларынан тамашалай аласыздар.
Ұлттық Дельфий Комитетінің Баспасөз қызметі