USD495.2EUR522.34RUB4.94

Мотивация менен, тыңдау сізден!

14 шілде 2022, 10:35
Меңіреу, соқыр қоғам дерсіз бүгінгі қоғамды. Тек ауыз қимылдайды. Ол бос сөз бен тамақ шайнаудан босамайды. Таусылмайтын, қисынсыз бәсеке-жарыс… Сондағысы біреуден бір жылтырақ артық көрсетіп, жан-жағына масаттану қазіргі адамзаттың біз көріп жүрген бейнесі.
Мотивация менен, тыңдау сізден!

Мақтанумен ғана өзін тірі сезінетін пенде. Өзі жетпеген “жеңісті” мереке санап  жүрген біреу. Біреу біреуді мұқатқанына бақытты, аяғынан шалғанына, біреу біреуге күшін көрсеткеніне мәз. Санасы дертке шалдыққан яғни иманы әлсіреген қоғам. Бақытты болудың жолдарын жанұшыра іздеп, жиған-тергенін беріп, әлемді шарлап, дамыл таппай ерсілі-қарсылы безілдеп жүргендер ғасыры.

Іздегені әу бастан өзінде, өзінен бір елі де ажыраған емес, оны көретін көз, еститін құлақ, сезетін жүрек жоқ. Өзің мейірімді болсаң ғана мейірімді ортада өмір сүресің. Өзгені жақсы көре алсаң сені де өзгелер жақсы көреді. Өзіңде жоқты өзгеден іздеу- бос сандалу. Құрмет, даңқ, махаббат тақтан тайған, аттан түскен сәтте жоқ болады. Олар сондай тұрақсыз, әсіресе қазіргі біз өмір сүріп жатқан мынадай қоғамда.

Әрине барлығын бірдей жоққа шығаруға да болмайды. Таяқтың екі ұшы бар дегенді де ұмытпаған абзал. Бойыңдағы ең қымбат ресурсты қулық, сұмдыққа жұмсап өзіңді, өміріңді қор қылма. Адамның бойында дүниенің байлығы тұр. Өзіңе пайдалысын босағада қалып, зияндысы төрге озбауы керек әрине.

Адамның көрсеткіші - оның қасиеттері ғана. Бізді мақұлықтан ажыратып тұрған да сол. Алдымен өзіңді оят, өзіңдегіні оят, қалағаның өзі-ақ алдыңнан шығады. Жақындарыңызға жақсы көретініңізді айтып жүріңіз, тек шын көңілден шыққанын. Жаттанды сөздер, дайын фразаларды емес, әр нәрседе табиғилықты сақтаған жөн. Ол қарапаймдылықтың бір көрінісі. Біз жақындарымызға оларды қалай жақсы көретінімізді, бағалайтынымызды айтуға ұялып, тартынып жүргенде өмір өтіп кетеді. Әсіресе, шығыс халқы дәл осы тұста ұяң. Өтірік айтуға, алдауға, ұрысуға, ренжітуге, өкпелеуге келгенде ұялмаймыз, тартынбаймыз. Жақсы көретініңді білдіруді осалдық деп санау надандық есепті.

Адамға тірі кезінде жасау керек жақсылықты, көрсету керек мейірімді, айту керек жақсы сөзді. Өлген адам естімейді. Оған қажеті де жоқ. Бүгін айту керек, бүгін қуанту керек, ертең бар ма, жоқ па ешкім білмейді. Өмірдің жалғыз мәні - жақсы көру, жақсылық жасау, қуаныш сыйлау. “Әй, қап!” дегізген өкініштен артық жаза да, қайғы да жоқ пенде үшін. Жақсы көрем деп тек жақсы көретін жандарға ғана айтыңыздар! Пайда үшін, мансап, атақ басқа үшін жақсы көрем деп өтірік айтпаңыз. Бұл өзіңізді адам санамағаныңыз. Бұл өзіңізді ақымақ есептегеніңіз. Өзіңізді қорлағаныңыз!

     Бірдеңені сатып алғанда біз ақшаға сатып алып жатырмыз деп ойлаймыз, шындығында оны сол ақшаны табуға кеткен өмірімізге, күндер мен жылдарымызға сатып аламыз. Ал, ақшаға сол күндерді қайта сатып ала алмаймыз әлбетте. Сүйікті іспен шұғылдану керек екенін түсіндіңіз бе?! Жаныңызда кімдер жүр, кіммен өмір сүріп жатырсыз? Мұның бәрі сіздің ғана өміріңіз, сіздің ғана таңдауыңыз. Сіздің айналаңызда сіз рұқсат еткен құбылыстар ғана болады. Оны өзгертетін де өзіңіз.

Кей адам кішкене даңқты көтере алмай күлкіге қалады. Бүгінгі қоғамда білімді болу тым аз, саналы адам, мықты тұлға болу қажет. Ол адами қасиеттермен келеді. Өзіңізді құрметтеңіз. Бір адамды басқарсаңыз да, ел алдына шығу үшін де лайық болыңыз. Өзіңді құрметтеу деген осы.

Қаламай тұрған дүниеге аттың басындай алтын берсе де “иә” деп айта алмайсыз. Қалаған дүниеге, ешкімге ұнамаса да “жоқ” демейсіз. Адамдардың бақытты алыстан іздейтіні осы екі сұраққа шын жауап бермеуінде. Бақытты адамдар өзіне адал. Миындағы әр «тараканның» атын біледі. Олар ең алдымен өзіне ұнауы тиіс. Содан кейін басқаларға. Олар күн сайын әлемді жақсы жағына өзгертіп отырады. Жоқ дегенде бір адамның әлемін өзгертіп жүреді. «Жоқ» деп айтуға қорықпайды, әділетсіздікке төзбейді, әлсіздерді тастамайды, мықтыларды қызғанбайды. Олар жай ғана, әлемге жар салмай-ақ, бақытты өмір сүреді.

Міне, әр тұлғаның өмірі өз қолында екенін осыдан ақ аңғаруға болады. Өмірді жақсы немесе жаман арнаға бұрып, оны жағымды немесе жағымсыз қылып сүре білу де өз қолымызда. Сіз қандай болсаңыз, сіздің ортаңыз да дәл сондай күйде болмақ. Бұдан түйіндейтін ой мынадай – өмірді сүре білудің өзіде зор бақыт.

Сымбат ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar