Бет-аузымыз сыртқы суықтың әсерінен қырауланып, екі бетіміз алмадай қызарып тоңсақ та үйге кірмек емеспіз. Сырғанақтың қызығы басылып, екі жақтап қар домалатып, үш домалақты бірінің үстіне бірін тұрғызып аққаланың қалпын жасап, кішкентай ғана көмір қиыршықтарынан көздерін жасап, басына даладағы түбі тесілген шелекті іліп қойдық. Үлкен істі бітіріп, сіңлімді шанаға салып сүйрей жөнелдім, артыма қарап қоямын, сықылықтай күліп сіңлім мәз болып отыр. Бір уақытта күлген дауысы жоғалып, сүйреген шанамның ауырлығы басылып қалды. Неге олай деген оймен артыма жалт бұрылдым. Шанам бос!.. Сіңлім жоқ!.. Жүрегім ұшып кеткендей болды. Айналамды бір демде қара түнек басып, қолымдағы бос шананы да жұтып алып кетті... Сіңлімнің атын бірнеше мәрте бар дауысыммен айқайлап іздеп жүріп оянып кеттім.
Жүрегім әлі де кеудемнен ұшып шығардай тарсылдап соғып жатыр. Уфф... Түсім екен ғой. Үйімде өз төсегімде жатыр екенмін. Қасымда кешегі реніштен кейін маған теріс қараған күйі бұрылмай, пысылдап ұйықтап жатқан күйеуім жатыр. Тәтті ұйқысын бұзғым келмей, ақырын қозғала төсектің шетіне жайғастым.
Жаңағы түс қайтадан ойыма келді. Расымен, сіңлім жоқ қой бұл өмірде... Жоқтығына сене алмай сағыныштан ішім өртеніп, өткен шақтың елестерін қанағат тұтып келе жатқаныма төрт жылдан асты. Көзіме жас үйіріліп, тамағыма өксік тығылып қалды. Бауыр етім, жар дегенде жалғыз сіңілімнің ғұмыры небәрі жиырма жылдың жүзі болды... Жанымның бір бөлшегін жоғалтқалы әрдайым сол жағым сыздап тұрады. Тас түскен жеріне ауыр...
Көзім жаңағы ұйқыда жатқан жан-жарыма түсті. Ертең бір-бірімізге ренжіп жатқанымыздан тұрмай қалып жатсақ, өмір бойғы өкініш жанымызды тырмалап өтпей-ме? Құм сағаттағы өлшеніп берген уақытымыз қашан таусыларын білмейміз? Мәңгі жасайтындай бір-бірімізге болмашы жағдай үшін ренжіп, ауыр сөздер айтып, жанымызды жаралап жатқанымыз не?! Мәңгілік болсақ менің сіңлім неге жоқ?!.
Бүгін түнде түсіме енсе? Құшақтасам! Жүзін бір көрсем арман бар ма? - деп өкінгенімізше уақытында бағалап, қадірін білсек - деген ойлар шырмап, манадан жатқан жарымды қапсыра құшақтап алдым...
Айжан Жұмағазықызы