USD495.2EUR522.34RUB4.94

"Ашу - дұшпан" деген бар...

23 желтоқсан 2020, 16:51
Адамдардың дөрекі мінез танытуы таңғаларлық жағдай емес. Өмірде кездескен әрбір адамдарға қарасақ, бір-бірімен ұрысып-керісуге дайын тұратынын байқаймыз. Мысалға қоғамдық көлікке мінген жолаушылар, дүкендегі сатушы мен алушы арасындағы ұрыс, сөмкесін арқалаған оқушыға дейін ауыр сөздер айтуға дайын тұрады.

Ашу – ыза, кейіс, реніш, араздық түрінде көрініс беретін адам мінезі мен көңіл-күйінің жағдайы. Өзіне әсер еткен қолайсыз нәрселерге жауап ретінде ашулы, ызалы, кекті, қаһарлы түрде көрінеді. Ашулану – адамның көркем мінез құлқын құртып, денсаулығына зиян келтіреді деседі. Өйткені, ашу денедегі қан айналым жүйесінің ауытқуына апарады. Қан тамырларының тарылуына себеп болады және қанның еркін айналуына мүмкіндік бермейді. Сол себепті жүрегі ауру адамдарға ашуланбауға кеңес беріледі. Сондай-ақ адам ашуланған кезде қанның құрамындағы қант мөлшері артады.

"Аш адам көп жейді, ашулы адам көп сөйлейді" деген мақал дәл турасындай айтылғандай. Оларды  «бетпақ адамдар» деп айтып жатады. Көбінесе бақытсыз адамдар ғана мұндай әрекет танытып, айналасындағыларға ауыр сөздер айтады. Оларды бірден айыптаудың қажеті жоқ. Ол жұмыссыз, отбасы жоқ, денсаулығы нашар, айықпас дертке шалдыққан адам болуы мүмкін. Мұндайды ешкім өз-өзіне тілеп алмайды. Олар өзіңізге шабуыл жасаған кезде, бетпақ адамның өмірде жолы болмаған адам екенін есте сақтау керек. Керісінше, бақытты адам ешуақытта дөрекі мінез көрсетпейді. Ол бұл туралы тіпті ойланбайды.

«Есіңізге түсіріп көріңізші. Сізде барлығы жақсы болған кезде, жадырап, төбеңіз көкке екі елі жетпей қалғандай күй кешесіз ғой? Қуанышыңызбен бөліскіңіз келеді. Өзгелерді ренжіту туралы мүлдем ойламайсыз",  дейді психологтар.

Ал, балалардың жиі ашуланып қалуына не себеп?.. Жүйкесі сыр беріп, бірден жылап қоя беретін, не болмаса агрессивті түрде әке-шешесіне шап етіп, өз дегенін істеткенше тынбайтын балалардың көбеюіне не себеп? Дені сау балалардың біртіндеп психологиялық ауытқушылығы бар балалардың қатарына қосылып жатқанын байқаймыз.

Шынымен де, балалардың психологиялық ауытқушылығы неге байланысты? Бірінші ойға келетіні, әрине, компьютердің зардабы. Ресми деректерге қарасақ, қазақ елінің қазіргі балаларының 80 пайыздан астамы компьютер мен ұялы телефонға қазірден бастап толықтай тәуелденген. Шұқшия қарап, қасынан бір елі шықпайды. Осының салдарынан балалар ашуланшақ болады.

Ашуланып, ұрыс іздеп тұрған адамдар айналадағылардан өкініш, реніш, қорқыныш, жас, дөрекілік сындыларды күтеді. Ешуақытта қарсы алдында тұрған адам жымияды деп ойламайды. Бәрін дұшпанындай көреді. Ол сіздің бұл әрекетіңізді түсінбей дал болады. Ойланамын дегенше ашуы тарқап, дөрекі мінезден бас тартады екен. Сол себепті ашулы адамға жай ғана үндемей, жымиып қана қоя салған дұрыс екен.

Әлия НҰРБЕКҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar