USD447.4EUR477.55RUB4.76

Мұғалімнің мәртебесі артты ма?

20 қаңтар 2021, 14:09
«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі», - деген Мағжан ақынның қанатты сөзінің дәл қазіргі уақытта маңызы зор. Жасыратыны жоқ ұстаздар қауымының қоғамдағы маңызы, абырой-беделіне қатысты түрлі алып қашпа пікірлер бар.
Мұғалімнің мәртебесі артты ма?

   Ата-аналарымыздың, алдыңғы толқынның тарапынан осы тақырып қозғалғанда: «Мұғалімімізді көріп қалсақ алдынан өтуге ұялып, айналып кететінбіз. Үйіміздегі әке-шешеміз: ұстазың не айтса, соныкі – заң. Үйімізге мұғаліміміз ұрысты деп келсек, қазіргі ата-ана сияқты бізді өбектеп, менің баламда несі бар демейді, керісінше құлағымыздан сүйреп, өзімізді кінәлап, ұстазыңды неге ренжітесің деп, үйден де қуып шыққан кездері де болған»  дегенді жиі естиміз. Расында ұстаздардың сол уақытта беделі жоғары болғаны соншалық, ата-апаларымыз үйіндегі ұл-қыздарын да болашағын осы мамандықпен байланыстыруға  барын салатын.

  Ал, қазіргі уақытта мұғалім боласың десе ат-тонын ала қашады. Неге? Өйткені, ұстаздар қауымын заман ыңғайы қоғамның қолбаласына айналдырып жіберді. Бітпейтін қағазбастылық, міндетіне кірмейтін істер, заңсыз тексерістер...«Бір әріп үйреткенге, қырық жыл тағзым ет»- деген мағынасы терең сөзді қазіргі оқушыларымыз ұғынып жүр ме? Жоқ!..

   Қазіргінің ата-анасы да бұрынғының ата-анасы емес. «Сіздің құқығыңыз жоқ» деп айтуды үйретіп қояды, оны үйренген бала ұстазынан артық білетіндей кеудесін кере ашып, маңғаздыққа салынады. Ұстазға деген сыйласымдылықтың төмендеуі, әрине көңіл қынжылтады. Бірақ, Мемлекет басшысы қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» Заң осыған тоқтау салмақ деген ойдамыз. Президенттің биылғы тамыз айының кеңесінде және де өз Жолдауында осы заңның шеңберінде ұстаздардың жалақысын екі есе өсіру, мұғалімдердің жүктемесін азайту, өзіне тән емес жұмыстардан босату мәселелерін қарастыруды тапсырған болатын.  Сол заңда жазылғандай шынымен де ұстаздарымыздың жалақысы 25% өсті ме?  Қағазбастылық пен міндетіне кірмейтін жұмыстардан шеттетілді ме? Осыны білу мақсатында қаламыздағы мектептердің бірінде оқушы тәрбиелеп жүрген Айнұр есімді білікті ұстазды (белгілі себепке байланысты аты-жөні өзгертілді) сөзге тартқан едік.

- Айнұр ханым педагогикалық салада қанша жылдан бері еңбек етіп келесіз?

- Жалпы үйде мен ғана емес, аға-бауырларым мен апа-сіңлілерім де мұғалімдер. Бұл мамандыққа бет бұруымызға  марқұм анам септігін тигізді. Барлық буынды сауаттылыққа үйретіп, әріп танытып, білім бергендіктен ұстаздық мамандықтың беделі биік болатын. Сондықтан анам барлығымызды мұғалім боласыңдар деді, біз соған қуана келістік. Еңбек еткеніме қазір жиырма жылға таяп қалды. Мектепке мұғалім болып алғаш келгенім есімде. Уыздай жаспын, қорқыныш та бар. Бірақ, оқушыларымның көзінен білімге деген ұмтылысы мен ынталарын көріп қобалжуды ұмытып, құлшына кірісіп кеттім. Дегенмен, қиындықтар болмады демеймін, қағазбастылық, жалақыңның еңбегіңе сай болмауы, басшылық тарапынан міндетімізге кірмейтін жұмыстарды тапсыруы, бітпейтін тексерістер, ата-анамен де, біраз оқушылармен де жұмыс жасау қиын болды. Соған қарамастан сынбадым, шыңдалдым, тәжірибие жинадым. Ал, енді, көп талқымен қабылдаған «Педагог мәртебесі»  Заңнамасы үшін алғысым шексіз, мүмкіндігінше орындалып жатыр негізі...  Бұрынғыдан әлде қайда жақсы.

- Ашып айтсақ, ең маңызды деген 25% жалақының өскені байқала ма? Қағазбастылық, артық міндеттемелер жойылды ма?

- Бұрынғымен салыстырғанда біршама өзгеріс бар, жалақы өсті, алайда, қағазбастылық пен артық міндеттемелер толықтай жойылды дей алмаймын.

- Осы заңнамаға енгізсе, қарастырылмай қалды деген қандай да бір ұсыныстарыңыз бар ма?

- Қосса, қарастырса деген мәселелер бар. Олар мұғалімдер арасында конкурс жоқтың қасы. Республикалық, облыстық сайыстар аз. Ақылы сайыстарды да алып тастады. Аттестацияға өткенде қиналып қаламыз. Сол жағына да баса назар аударса деймін.

  Осылайша ойын ортаға салған ұстаздың сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Қоғамдағы мұғалімнің алар орнына қатысты айтарыңыз болса, мархабат сізге, оқырман!

Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar