USD444.32EUR473.33RUB4.76

Қайсар рухты тұлға

28 мамыр 2020, 15:36
2019 жылдың аяқталуына санаулы күндер қалғанда Алматыдан жеткен қайғылы хабар күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырып кетті. Алатаудан Арқа төсіне бет алған алып ұшақ әуеге көтеріле бере тосын апатқа ұшырап, он екі отан¬дасымыз опат болды. Тұтас елдің көңіліне тұман орнатып, Ұлттық аза тұту күні туындаған қайғылы жағдайдан – әділет саласының айбынды өкілі, «Генералдар кеңесінің» төрағасы Рүстем Қайдаров көз жұмған болатын. Бұл суық хабар ол кісіні білетін кім-кімге болса да оңай тиген жоқ. Одан бері де жарты жылға жуық уақыт өтіпті. Егемен еліміздің тарихында есімі алтын әріппен әдіптелетін ерен тұлға арамызда болса бүгін сексен жасқа толар еді.
Қайсар рухты тұлға

Иә, өнегелі өмірін ұлт мұ­ра­тына бағыштаған тағы­лым­ды тұлғаның мерейлі беле­сі сән-салтанатпен аталып өтер еді... Сайдың серке тасындай сар­баздар тізіле сап құрып, әске­ри оркестр сырнай сазын қалық­та­тып, ел ағалары ізгі шуақ құт­тық­тауларын жолдаған бұл той – күллі қазақ құқық қорғау саласының томағалы тойы болар еді-ау. Тағдыр ісіне шара жоқ десек те, адам баласының арманы таусылған ба?! Көңіл көгіне қатталған бұл эпизод біздің ғана емес, осы саланың шетінде жүрген талай азаматтың ойын мазалап, көз алдына елестегені анық. Себебі ұлтқа қызмет етудің үздік үлгісін көрсеткен Рүстем Есімханұлының жүріп өткен жолы, әскери өмірдің айнасына айналғысы келген әрбір жанға айнымас үлгі.

 Өмір өткелдеріне зер салсақ, еңбек жолын қарапайым тергеу­ші­ден бастаған әділет генерал-майоры Ішкі істер министрінің бірінші орынбасарына дейінгі лауазымды қызметтерді саты-сатысымен алғаусыз атқарғанын көре­міз. Заманында еңбектің ша­рығында шың­далған шымыр жігіт жүк тиеуші, орман шаруа­шы­лығын электрмен ара­ла­ушы, тіпті тракторшы да болған. Ар­манға қанат қаққан қағі­лез жан ақы­­ры өз саласын жаңылмай та­уыпты. Оның есімі ел аузынан түспейтін себе­бі маман­­ды­ғынан адамдығын биік қой­­ған­­­дығында болар. Қай биікке шық­са да қарапайым қалыбынан жаңыл­мапты. Қазақстандық поли­цияның қалыптасуы мен дамуына, қылмыспен күреске және қоғамдық тәртіпті сақтауға қомақты үлес қосты. Еліміздің әр түп­кірінде басшылық лауазым­да лайықты қызмет атқарып жүр­ген құқық қорғау жүйесінің қаншама буынын тәрбиелеп шығарды. Құрметті еңбек демалысында жүрсе де қоғамдық өмірге белсене араласып, тәртіп сақшыларының жаңа буынын патриоттық рухта тәрбиелеу, ұр­п­ақтар сабақтастығын жалғау, ісі­не қажыр-қайратын арнады. Құқықтық құрылым өкілдеріне қаталдық қана тән деген қасаң қағиданы балталап, ізгілік пен мейірім шуағы болмаса, ұстанған мұрат кемеліне жетпейтінін шәкірт­терінің бойына сіңіріп өтті. Ұлттық тамырдан ажыра­май, Отанға адал қызмет етуді өмірлік мақсұтына балады. Темірдей тәртіп таным мен түй­сіктен бастау алатынын, нәзік­ті­гі жоқ жүректен батылдық шық­пай­тынын шегелеп айтты.

Генерал-майор кезекті бір конференцияда сөйлеген сө­зін­­де: «Қазақ асқақ рухты ха­лық. Оның жауынгерлік тари­хы тым тереңде жатыр. Мұны ұрпақ білуге тиіс. Ата-ба­ба­ла­рымыздың рухы­нан келе жат­қан, отансүйгіштік қасиет бү­гін­гі ұрпақтың тамырын­да да бар. Соны қалғытып алмау керек. Ұлы Отан соғы­сын­да Ке­ңес Одағының батыр­ла­ры­ның саны бойынша қазақтар алдыңғы қатарда болды. Яғни біз. Бұл деген – қазақ жа­уынгер әрі батыр халық деген белгі. Ұлтымызға берген биік рухтың күші қазірде біздің бо­йы­мыздан табылып, бабалар ама­натын жалғастыруымыз керек. Мәселен, отбасы деген – кішкентай мемлекет. Біз сол мемлекеттен патриоттарды тәрбиелеп шығарсақ игі. Қай елдің жастарының санасы сергек, рухы биік болса, сол елдің болашағы жарқын», депті. Отанды сүюдің көркем өнегесін көр­сеткен жан осындай жалынды ойларымен жастардың жіге­рін жанып, жанына жалау бола білді.

 Расында да, қай мемлекеттің болсын айбарын аспандатып, халықтың тыныштығын қорғауда елдің ішкі қауіпсіздігі маңызды рөл атқарады. Аза­мат­тардың құқықтары жоғарғы деңгейде қорғалып, кез келген ірілі-ұсақты құқық бұзушылыққа қарсы ымы­расыз күрес жүргізіліп, темірдей тәртіп сақталған жерде ғана мемлекет экономикасының абыройы артып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді қадам баспақ. Рүстем Қайдаров мемлекетіміздің ішкі қа­уіпсіздігі мен тыныштығы – тұ­рақты дамудың кепілі еке­нін, сол себепті де сала қыз­меткерлерін жан-жақты қол­дау­дың маңызы зор екенін биік мінбелерден көтергенін әріп­тестері мақтанышпен айтады.

 Генерал болу әр солдаттың арманы болғанымен, мыңның бірінің ғана маңдайына бұйы­ра­тын бақ. Рүстем Қайдаров негізін қалап, он тоғыз жыл бойы басқарған «Генералдар кеңе­сі» бірлестігі қауіпсіздік сала­сын­дағы барлық құры­лым­дар­ға бағыт сілтейтін, ақыл-кеңесін беретін жолбасшы ұйым болды десек қателеспейміз. Аталған қоғамдық бірлестік ТМД елдері бойынша тұңғыш рет біздің елімізде құрылып, татулық тамырының тереңге тамыр жаюына сеп болды. Түбі бір бауырлас халықтарды да ынтымақ пен бірлікке ұйыстырды. Ақеділ ағаның әріптестері тілге тиек еткендей, Мәскеу төріндегі Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған мемориалдық музейде екі дүркін Кеңес Одағының Батыры атағын алған Талғат Бигелдинов пен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болған Кеңес Одағының Баты­ры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов мүсін­де­­рінің тұғырға қонуына ұйытқы болды. Сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шараларын ұйымдастырып, хабарсыз кеткен боздақтарды іздестіруге күш-жігерін жұм­са­ды. Бұл еңбектері үшін Ресей Федерациясы Сенатының төра­ға­сы В.Матвиенконың, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ал­ғыс хатын алды. Сол секілді «Пара­сат», «Құрмет», «Достық жұлдызы», «Отанға қызметі үшін», «Еңбегі үшін» орден-медальдерімен және Қазақстан, Ресей, Украина елдерінің отыздан астам медалімен марапатталды.

Аға туралы мақала әзірлеп жат­­қа­нымызды айтып, елу төрт жыл өмір­лік серігі бол­ған ұла­ғат­ты ұстаз Әймен Жексем­бай­қызына хабарластық. «Рүстем Есімханұлы жар ретінде, әке ретінде қандай адам еді?» деген сұрағымызға апамыз көңілі босап отырып жауап берді.

– Тұрлауы жоқ тіршілік кімге мәңгі тұрақ болған дейсің. Дегенмен, бәрі дәл бұлай болады деген ой түсімізге де кірген емес. «Сексен жасымды дүркіретіп атап өтсек, көңілі жақын аза­мат­тардың басын қосып, өткен күнге есті есеп берсек» деп айтып отырушы еді. Денсаулығы жақсы еді. 70 жасында «Өмір өткелдері» деп аталатын жинағы жарық көрді. Сол кітапта туған жеріне, мамандығына деген шексіз махаббаты әсерлі баяндалады. Отбасына ерекше көңіл бөлетін. Балалары десе жанын беруге даяр еді. Мені қамқор ниетпен алақанға салып аялап өтті десем артық айтқандығым емес. Қиналған адамды көрсе көмектесуге бейіл тұратын. Әр таңда өмірден өткен ата-баба жақындарының, абзал аза­мат­тар­дың атын қалдырмай атап құран бағыштайтын. Әр іске таза кө­ңіл­мен кірісетін. Ағаң халықтың перзенті еді ғой. Ол кісіні халқы ұмытпайды, – деп тебіренді Әймен Жексенбайқызы.

 Әймен апай тілге тиек еткендей, халық өзінің аяулы перзентін жүрегінде мәңгі әлдилейтініне шүбә жоқ. Күні кеше Семей қалалық полиция басқармасы музейінен Рүстем Қай­даровқа арналған бұрыш ашылды. Онда ғибратты ғұмыр иесінің өмір іздерінен сыр шертетін естеліктер топтастырылған. Өмірден көшсе де, көңілден өшпейтін шұғылалы сәуле қалдырып, Алатау атаның құшағында мәңгілікке дамыл тапқан бекзат болмыс қазақ поли­циясының мыңдаған буынына бағдаршам болары анық. Сөз соңында ағамызбен қатар жүрген ел ағаларының ізгішуақ көңілден шыққан шағын естеліктерін ұсынуды жөн көрдік.

А.ОКТЯБРЬ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar