USD495.2EUR522.34RUB4.94

СТУДЕНТТЕРДІҢ ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНГЕН ҰСТАЗ, КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМ

19 мамыр 2023, 17:18
М.А.Кинеевтің өмір жолына зер сала қараған адам оның Қазақстан ғылымымен қатар, жоғары білім саласында да қызмет еткенін байқары сөзсіз. Өйткені, Марат Айдарұлы саналы ғұмырының біраз бөлігін Семей зоотехникалық-маләрігерлік институтында ұстаздық қызметпен айналысып, студенттерге дәріс оқып, тәжірибелік және зертхананалық сабақтар жүргізіп, ауыл шаруашылығы үшін жоғары білімді, білікті мамандар дайындауға да елеулі еңбек сіңірді. Мен ол кісінің дәрістерін тыңдап, үлгі-өнегесін, тағлымын көрген мыңдаған шәкірттерінің бірі болғандықтан мерейтойлы мезет тұсында ұстазым туралы өзімнің ой-пікіріммен бөліскенді жөн көрдім.
СТУДЕНТТЕРДІҢ ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНГЕН ҰСТАЗ, КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМ

Бұл мақаланы жазу барысында мен өз көрген-білгендеріммен қатар Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің архивіндегі бұрынғы Семей зоотехникалық-маләрігерлік институтының іс-қағаз, құжаттары арасында сақталған М.А.Кинеевтің жеке ісімен де танысқан едім.

Марат Айдарұлы, 1939 жылы Алматы облысы Кеген ауданында дүниеге келген. 1968 жылы Алматы зоотехникалық-маләрігерлік институтының аспирантурасын бітірген соң жолдамамен Семей зоотехникалық-маләрігерлік институтына келіп, «Ауыл шаруашылығы малдарын азықтандыру» кафедрасына бірден доцент лауазымы міндетін атқарушы болып жұмысқа қабылданыпты. Келесі жылы профессор А.К.Росляковтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғаған соң, ректордың бұйрығымен аталған кафедраның меңгерушісі міндетін атқарушы болып тағайындалыпты. Міне осы кезден 1976 жылға дейін, яғни 8 жылға таяу зоотехникалық факультеттегі іргелі кафедраның меңгерушісі болып, мерзімі аяқталған соң 1981 жылға дейін аға ғылыми қызметкер және доцент болып жұмыс істейді. Арасында зоотехникалық факультетте деканның орынбасары да болды. Сонымен ол кісі Семей зоотехникалық-маләрігерлік институтында барлығы 14 жылдай қызмет атқарыпты. Әрине, бұл аз уақыт емес.

Институтқа 1970 жылы түскен біздің курсқа М.А.Кинеевтің «Ауыл шаруашылығы малдарын азықтандыру» пәнінен 3-ші курста лекция оқыды. Бұл кезде біз талай пәнді оқып, қаншама оқытушылардың дәрісін тыңдап, жоғары оқу орнының атмосферасына бейімделіп қалған кезіміз болатын, яғни біз үшін таңғаларлықтай ештеме қалмағандай көрінетін. Алайда, Марат Айдарұлы бізді бір көргеннен, бірінші лекциядан-ақ баурап алды.

 Ол қандай ерекшеліктерімен көзге түсті? Алдымен ол кісінің офицердей жүріс-тұрысы, яғни жинақылығы, операция жасайтын хирургтай аппақ халаттағы мұнтаздай киім киісі, тазалық тұрпатты көзге ұрып тұратын бейнесі, тіпті жиі алмастыратын неше түрлі стильдегі костюм, көйлек-галстуктеріне дейін тартымдылығымен ерекшеленіп тұрды. Ал лекторлық шеберлігінде мін жоқ деуге боларлықтай, жоспардағы сұрақтарды миыңа құйып, түсінікті қылып жоғары деңгейде жеткізе білетін. Ол кездегі оқуымыз тек орыс тілінде болғандықтан, Марат Айдарұлының орысшаға жетіктігі, лекция оқу барысындағы шешендігі, яғни өз ойлары мен тұжырымдарын акцентсіз құлаққа құйғандай жеткізетіндігімен, көптеген оқытушыларымыздан озық тұратын.

М.А.Кинеевтің басшы ретінде ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, мақсат пен міндеттерді орындау жолында талапшыл басшы болғанын сол кезеңде «Мал азықтандыру» кафедрасының институттағы социалистік жарыстың қорытындысы бойынша бірінші және екінші орындар алып, марапатқа ие болуынан да анық байқауға болады. Кафедрада оқу процесі мен мал азықтандыру бойынша ғылыми зерттеулердің методикасын жетілдіруге баса назар аударылды. Марат Айдарұлының «Ауыл шаруашылығы малдарын нормаларға сәйкес азықтандырудың теориялық негіздері» атты бағытта жүргізген зерттеулері 1976 жылы Харьков зооветеринарлық институтында өткен Бүкілодақтық жиналыста жоғары бағаланды, сонымен қатар «КСРО жоғары мектебінің хабаршысы» (Мәскеу) журналының бірнеше нөмірінде жарияланды.

Кафедраны басқарған жылдары ол республиканың негізінен солтүстік-шығыс, шығыс және солтүстік өңірлеріне білікті мамандар дайындау барысында олардың мал азықтандыруға қатысты сапалы білім алу үшін тек оқулықтар мен оқу құралдары және әдістемелік нұсқаулар ғана жеткіліксіз екенін ескеріп, білімдерін жетілдіріп қана қоймай, сонымен бірге ғылыми үйірмеге көптеген студенттер тартып, олардың ғылыми жұмыстарға, зерттеулерге машықтанып, нәтижелерін жариялап, студенттік жұмыстардың Бүкілодақтық және республикалық конкурстарында жүлдегер атанып, кейін өз өмірлерін ғылым саласына арнауына ықпал етті. Олардың арасынан шыққан Мұсаев З.К., Бексеитов Т.К., Тамаровский м.В., Жамансарин Т.М. секілді үздіктер ғылым докторы, профессорлар атанса, ғылым кандидаттары (Абдуллаев Қ.Ш., Абжанов С.К., Грассман Л.А., Казыбаков В.А., Сейтпан К.М., Ступак Л.И.) бір шоғыр. Бұдан бөлек ол кісіден білім алған көптеген білікті мамандар ауыл шаруашылығы өндірісінде жемісті еңбек етіп, еліміздің экономикасын дамытуға зор үлес қосқанын да айтпай кетуге болмас. Бұл орайда Марат Айдарұлының кафедра меңгерушісі болып тұрғанда сол кезде күрестен әлемдік, Одақ деңгейіндегі жарыстарда топ жарып, Семей зоотехникалық-маләрігерлік институтының атын шығарып жүрген талантты спортшы студент Жақсылық Үшкемпіровке бүйрегі бұрып, оны кафедрадағы үйірменің ғылыми жұмыстарына тартып, өзінің жетекшілігімен дипломдық жұмысын жақсы қорғап шығуына жағдай жасап, қол үшін созған еңбегін айту орынды деп есептейміз. Ал Жақсылық ұстазының үмітін абыроймен ақтап, 1980 жылы Мәскеу олимпиадасының чемпионы атанғаны, бір жылдан соң әлем біріншілігінде алтын медальға ие болғаны белгілі. Кейін Ж.Үшкемпіров спортпен қана шектеліп қалмай өзі білім алған зоотехния саласына оралып, ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысып, мыңғыраған мал өсіріп, оның өнімдерін еселеп арттырудағы зор табыстары, орасан жетістіктері үшін Қазақстанның Еңбек Ері атанғанын жұртшылық жақсы біледі.

М.А.Кинеевтің Семей зоотехникалық-маләрігерлік нститутында жемісті еңбек еткенінің тағы бір мысалы, ол кісі дайындаған республиканың солтүстік-шығысында өсірілетін сүтті бағыттағы сиырларына арналған 23 көрсеткіштер бойынша типтік рациондар мен азықтандыру жүйесі Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің Коллегиясы мақұлдап, 1978 жылы Методикалық ұсыныстар, ал 1980 жылы жеке кітап болып басылуы дер едік. Сонымен қатар осы жылдары  Марат Айдарұлы Семей, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары шаруашылықтары үшін Ертіс өзенінің су жайылатын алқаптарындағы өсірілетін көк шөптер мен эспарцеттен сенаж дайындау технологиясын жасау жолдарын көрсетіп берді. Жалпы, ғалымның бұл еңбегінің кейін Семей облысының Жаңасемей, Шар аудандарындағы шөптен мал азығын дайындайтын арнаулы совхоздар құрылғанда пайдалы болғандығын айтқан жөн. Сонымен қатар осында басталған зерттеулері кейін Солтүстік Қазақстанда қызмет атқарғанда да жалғасын тауып, докторлық диссертация (1994) қорғауына негіз болғанды.

Семейде қызмет істеген жылдары М.А.Кинеев қоғамдық жұмыстармен де белсене айналысып, облыстық ғылыми-техникалық қоғамның секция төрағасы, облыстық «Білім» қоғамының лекторы болып, жыл сайын ондаған шаруашылықтарды аралап лекция оқып тұрған екен. Әр түрлі тақырыптарға жазған мақалалары облыстық «Иртыш», «Семей таңы» газеттерінде жарияланатын.

Марат Айдарұлының студенттер арасында беделі жоғары болғандығының тағы бір себебі, ол кісі сол кезде тек қана зооветинститутта ғана емес бүкіл қала жастарына танымал студенттердің «Армандастар» атты атақты вокалды-инструменталды ансамблдің сүйемелдеуімен ара-тұра мейрам кездерінде институт сахнасына шығып, қазақ, орыс тілдерінде тамылжыта ән шырқайтын. Студенттердің ұстазымызға деген құрметі, сондағы олардың ыстық ылтипаты, ду қолшапалақтаудан байқалып тұратын.

Біз оқыған 1970-1975 жылдары студенттердің көпшілігі мемлекеттік емтихан тапсыратын, ал диплом қорғайтындар аздау болатын. Ол кісі біздің курстың А.Дарибаев, Л.Питайчук деген студенттерінің дипломдық жұмыстарына жетекшілік жасады. Олар жұмыстарын «өте жақсы» бағаға қорғағандарын білем. Ал есімде қалғаны, жатақханада бізбен тұрып жатқан Амангельді Дарибаетың дипломды қорғаған соң, оларды Марат Айдарұлы үйіне шақырып, дастархан жайып, қонақ қылғанын аса ризашылықпен жырдай қылып айтып отырғаны есімде қалыпты. Міне бұл мысал да ұстазымыздың қазақтың қанына сіңген қонақжайлығы, дархан кеңпейілдігін сақтай білген, «ұлық болсаң, кішік бол» деген адамгершілік тұрғысынан келгендегі қасиетін бойына сіңіргендігін айғақтаса керек.

Сөз соңында, Қазақстанның ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымына елеулі еңбек сіңірген ғалым Марат Айдарұлы Кинеевтің әлі де тұғырдан түспей Алматыдағы «Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ғылыми зерттеулермен айналысып, жемісті еңбек етіп жатқанына ол кісіден білім алған мыңдаған шәкірттерінің бірі ретінде қуаныштымыз. Біз, М.А.Кинеевтей сегіз қырлы, бір сырлы адамның алдын көріп, сөзін тыңдап, үлгі-өнеге, тағлым алғанымызға мақтанамыз.

Өмірзақ Сұлтанов,

С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты

Астана

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar