USD448.15EUR483.46RUB4.86

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ҰРПАҚ ОЙЫНА САҚТАСАҚ...

06 қаңтар 2021, 15:04
Қазақта 150-ге тарта ұлттық ойындар барын білесіз бе?! Әрине, ол ойындардың бүгінде біразы ел есінен шығып, ұмытылып кетті. Ата-бабамыз баланың зеректігін арттырып, зейінін ашатын, шынықтыратын, түрлі ұлттық ойындарды ұрпақ санасына ерте бастан сіңірді. Қазақтың қайсыбір ойынын алып қарасаңыз да, тапқырлық пен табандылықты, біліктілікті талап етеді. Ал, сол даналардан жеткен бүгінгі қазақтың әр баласы ұлттық ойын туралы ойлана ма? Жастар ұлттық ойынды ұмытып бара жатқан жоқ па? Ұлттық ойынның ұлттық тәрбиеге әсері қандай?
ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ҰРПАҚ ОЙЫНА САҚТАСАҚ...

Асық ойнау,  ақсүйек,  ләңгі тебу сияқты ұлттық ойын түрлері қазірде ақпараттық заманда  ұмыт болып бара жатыр. Әрине, ұлттық  құндылықтың жойыла бастағаны көңіл қынжылтады. Қазір тіпті, ауыл баласының өзі асық ойнау сынды ойындарды ойнамайды деуге болады. 

Өзімнен біраз жасқа кіші бауырларымнан, сіңлілерімнен қазақтың «ұлттық ойындарын білесіңдер ме?» деп сұрап көрген едім. Барлығы бір ауыздан «Ақсүйек», «Алтыбақан», «Ақсерек-көксерек», «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ» сынды санаулысын ғана атап бере алды. Бірақ сол ойындарды қалай ойнайтынына  бас қатырмайтындығын, қызыға қоймайтындығын аңғардым. Ал,  «Өз ортаңызда ұлттық ойындарды ойнайсындар ма?» деген сауалға «Оларды ойнағаннан гөрі, карта, ойын автоматын ойнаған әлдеқайда қызықты ғой» деген жауап естідім.  Иә, шындық сол, қазір жастар ұлттық ойыннан гөрі санасын улайтын құмар ойындарды артық санайды. Бірақ оның тигізер зиянына көңіл аудармайды да.

Иә, заман өзгерген, техника дамыған... Ол уақыт келмеске кеткен... Осы сылтаулармен жастар ұлттық құндылықтарға мән берместен заман ағымына ілесіп келеді. Ал ұлттық ойын кейінге  қалды. Оның кейбірі тіпті ұмыт та болып барады.

Қазіргі балалардың логикалық өрісін де тоғызқұмалақ  секілді, интеллектуалдық ойындар дәлелдеп отыр. Оның, деңгейінде бүгін батыстық болып кеткен шахмат, дойбы ойындарынан кем түспейді. Ал, бүгінде әлемге таныла бастаған қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтың 300-ге тарта түрі бар.

Бүгін компьютер алдында есі кетіп ойын ойнап отыратын бала өсе келе үйдегі компьютерді ойын автоматтары мен ойынханалардағы құмар ойындарға алмастырмайтынына  кім кепіл?! Халық данышпандығының белгісі Қазақтың ұлттық ойындары талай ғұламалар мен ойшылдарды таңғалдырған. Ол – шындық. Біздің ұлттық ойындар баланың денесін, түр-тұлғасын жетілдіріп, дамытып қана қоймай, ақыл-ойын, сана-сезімін, ұлттық рухын, ар-намысын қалыптастырып, жетілдіретін бірден-бір тәрбие құралы екенін көптеген зерттеушілер мойындаған екен.

Мәселен, қазақтың ұлттық ойындары: «Бәйге», «Көкпар», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Қыз қуу», «Тоғызқұмалақ», т.б. балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін арттырады, қай нәрседе де, қандай жағдайда да жетістікке жетуге ұмтылдырады. Халық ойындарында халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілік еңбегі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі, адалдыққа, күштілікке ұмтылуы, шыдамдылық, икемділік, дәлдік сынды, т.б. құндылықтарға мән берілуі себепті оларды ойнаған бала, біріншіден, ата-баба тарихынан хабардар болады, екіншіден, батылдыққа бейім болады, үшіншіден, қиындыққа төзе білгіш, шыдамдылығы шыңдалады, төртіншіден, ойындағы өлеңдер арқылы бала бабаларының бай ауыз әдебиетінің бір ұшығынан болса да хабардар болады.

«Ұлт болам десең, ұрпағыңда ойла» деген қазақта сөз бар. Ендеше, ел ертеңі бүгінгі жастың болашағы бұлыңғыр болмасын десек, құмар ойыннан өзіміз де, өзгені де алыс ұстап, ұлттық ойындарға бір сәт болса да көңіл аударып, ұрпағымызға ұлттық тәрбие бергеніміз абзал болар еді.

                                                                                                                                               Әлия НҰРБЕКҚЫЗЫ

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar