USD446.49EUR475.38RUB4.79

Көпбалалы ана: Балалардың шотына ұлттық қор табысын аудару – болашаққа инвестиция

12 қыркүйек 2022, 16:39
– Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында тұратын көпбалалы ана Гүлназ Жанаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан бірқатар бастамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көпбалалы ана: Балалардың шотына ұлттық қор табысын аудару – болашаққа инвестиция

Зайсан ауданы Дайыр ауылында тұратын Гүлназ Жанаева жұбайымен бірге 4 бала тәрбиелеп отыр. Күйеуі ауылда электрші, ал өзі үй шаруасында.

Олар 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын теледидардан көрген.

«Өзім көпбалалы ана болғандықтан, әрине, бірінші кезекте Ұлттық қордың жылдық табысының жартысы әр баланың есепшотына 18-ге толғанша аударылатындығын естігенде қатты қуандым. Бұл - болашаққа құйылған инвестиция. Себебі елдің келешегі – балалардың қолында», - дейді Гүлназ Жанаева.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда көпбалалы отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осының арқасында халық саны артатындығы сөзсіз.

«Мемлекеттің қолға алып жатқан шараларын көрген ерлі-зайыптылар үшінші, төртінші балаларын өмірге әкеліп жатыр. Ай сайын берілетін жәрдемақы үлкен көмек. Баспанамен қамтылып жатқандар да көбейді. Өзіміз кезегімізді тосып жүрміз. Жаңа Жолдауда бала күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы жәрдемақы уақыты 1 жылдан бір жарым жылға созылатындығы көптің көңілінен шықты. Себебі бұған дейін бір жыл өткен соң жәрдемақы таусылғандықтан аналар қосымша табыс іздеуге мәжбүр болды. Олардың әлеуметтік желілерде үйде отырып қыруар табыс табуға шақыратын алаяқтардың тұзағына түсіп те жатқаны шындық», - дейді көпбалалы ана.

Өз сөзінде ол ауыл медицинасын дамытудың маңызы зор екендігін жеткізді.

«Жолдауда ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт салынатындығы, аудандық ауруханалардың заманауи жаңартылатындығы айтылды. Ашығын айтқанда, ауылдарда медицина сапасы төмен. Халықтың жаппай қалаға көшіп жатуының басты себептерінің бірі осы. Егер елді мекендерде тұрғындардың денсаулығын күтетін жақсы медициналық мекемелер ашылса, ауылын тастап кететіндер азаяр еді», - дейді Гүлназ Жанаева.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar