– Аға, бойдақ едім, ауылыңда жақсы қыздар бар ма? Біреуінің мекен-жайын берші, хат жазып танысайын, – деп болмайды сабаз. Асты-үстіне түсіп, алдын орай береді. Сол кезде есіне Жораның жас келіншегі түсе кеткені. Ойланып жатпастан әлгіге соның аты-жөнін, мекен-жайын айта қояды. «Құрдасым бір туласын» деп ойлаған. Сонымен, зорға дегенде сессияны тәмамдап, Боря үйіне де келеді. Бір күні жас жұбайын қолтықтап Жора құрдасының үйіне барған. Шай үстінде почташы келіп, газет-журналдармен қоса бір хатты беріп кетеді. Ол хат Жораның келіншегіне арналған екен. Келіншек хатты оқи бастап өңі бір қызарып, бір бозарды. Жораға жалтақтап қарап қояды. Мына хаттың тегін еместігін Жора да сезеді, жігіттік намысына басып: «Дауыстап оқы», – деп бұйырады әйеліне. Амал жоқ, әйелі хатты дауыстап оқиды. Бастан-аяқ «күйдім-сүйдім», «өлдім-жандым» деп қақсап қалған біреу. «Бәлен жерде кездесейік деген уәдені неге бұздың?» дей ме-ау, «саған деген өз көңілім баяғыдай» дей ме-ау, «өзіңді аймалап сүйюші Толигің» дей ме-ау, әбден-ақ сандырақтапты. Сол мезет Боряның іші қылп ете түсіп, ақырын хаттың конвертіне көз жүгіртеді. Өзі оқитын техникумнан екен. Әлгі антұрғанның жұмысы.
Ал Жора шеке тамырлары білеуленіп, азу тістері қышырлап ашуға мінді. «Толигім бар деп маған айтқан жоқ едің, сырыңды жасырдың», – деп келіншегіне ежірейеді. Ол болса: «Ойбай, ондайды білмеймін, көрген де емеспін», – деп азар да безер болады. Боря миығынан күліп ,бұдан әрі не болар екен деп, аңысын аңдып отыр. Бірақ әңгіме ушығып, кеше ғана үйленген жас жұбайлардың аузынан зілді сөздер шыға бастады. Міне, сонда барып қана Боря мән-жайды түсіндірген. Бұл осымен ұмытылып та кеткендей еді. Бірде шофер Жораның сапары ұзаққа түсті. Алыстағы үлкен қалаға келіп, әскерде бірге болған бір жолдасының үйіне соққан. Үй иелері жоқ екен, «қазір келіп қалар», – деген соң, күтіп отырады. Үстел үстінде тұрған жазу машинкасын көргенде басына бір ой келе қалады. «Боря қудың анадағы қалжыңына қарымта қайтарса, несі бар?..» Отыра қалып машинканың әріптерін санап басып ,ғашығына жете алмай үздіккен қыздың тілімен термелей жөнеледі. «Өліп-өшу», «сүйіп-күю» жағынан ол анадағы хаттан да асып түседі. Қысқасы, «Өзіңмен өткізген кештерім есімнен кетер емес, бәлен айдың түген күнінде өзің білетін жерде кездесейік. Өзіңнің Ғалияң», – деп нүктені қояды да конвертке салып айдап жібереді. Күндердің бір күнінде «Борялар ұрсысып қалыпты» деген сыбыс естіледі.
– Не болыпты?
– Боряның жүретін қызы бар екен, соның хаты келіншегінің қолына түсіпті.
– Ол кім, қайдағы қыз?
– Ғалия дей ме, қалада тұрады екен. Хатты мәшіңкемен жазыпты. Өкімет-ау деймін. Жора, әрине, бәрін түсіне қояды. Десе де түк білмегенсіп, сыр бермейді. Ертеңіне келіншегін ертіп, Боряның үйіне келеді. Құрдасы мен әйелі кекірейіп сырт қарасып қалған екен. Боря ашудан түтігіп, мұның қолына анада шабыттанып отырып өзі жазған хатты ұстатады.
– Техникумдағы қағынғы тигір қыздардың бірі қалжыңдап жазған десем, мынау түсінбейді. «Кетемін» деп отыр, – дейді қолын шарасыз сілтеп.
– Кетемін, сенің оқымысты нақсүйерің барын жазған басым қайдан білейін? – деп әйеліне де тіл бітіп, шақ-шақ етеді. – Балаң да бар шығар, бәлкім? Әрине, Жора күліп жіберуге шақ тұрса да ,сырын ішіне бүгіп, сабырлы қалып байқатады. Әншейінде басынан сөз асырмайтын Боря жынын алдырған бақсыдай сылқиып қалыпты. Ал әйелі тайраңдап ,басқа-төске шығады.
– Ертең техникумға барамын. Директорына кіремін. Мынаның нақсүйерін таппай қоймаймын. Екеуін де окудан шығартамын, – дейді түтіге өзеуреп. Жора-Жамбыл бұдан әріге шыдамады. Манадан бері аузын шым-шымдап әзер қысып отырған месқарын жарылды, ағыл-тегіл күлкі ағылды. Ішін басып, көзінен жасы аға қарқылдаған бұған ана үшеуі аңтарыла қарайды. Ол болса күлкісін баса алмай, қақалып-шашалып отырып түсіндірген болады… Әлден уақытта барып жетесіне жеткенде Боря-Бекболат күледі… Одан соң екі келіншек күледі… Төртеуі бірін-бірі саусағымен нұкып, ал кеп күлсін. Өстіп ойыннан өрт шыға жаздағаны бар.
Құрманбек ӘЛІМЖАН
ЖЕЗДЕ МЕН БАЛДЫЗ АЙТЫСЫ
Әмір мен Гүлнәр ұзақ жылдар бойы бір мекемеде қызмет істеді. Әмірдің әйелі мен Гүлнәр рулас болғандықтан олар бірін-бірі «жезде», «балдыз» деп әзілдесіп жүреді. Әзілдескенде де кейде тіпті қатты кететін кездері бар. Бірақ оған ешқайсысы да ренжімейді. Әмір 70 жасқа келгенге дейін қызмет істеп, жұмыстан кетсе де, «туған» мекемесіне ара-тұра келіп тұрады. Гүлнәр болса 50-ді енді еңсерген, әлі қызметте. Екеуінің де өлең жазатындары бар.Бүгін де Әмір «өз» мекемесіне кіріп, дәлізбен келе жатыр еді, ашық тұрған есіктен Гүлнәрдің «жезде» деп айқай салған дауысын естіді. Кабинетте заты әйел екі адам отыр екен.
– Жезде, апам қалай? – дейді Гүлнәр көзі ойнақшып.
Сонда Әмір сәл үнсіз отырып, былай дейді:
Мен сені баяғыдан «балдыз» деймін,
Жетеді саған сірә қай қыз деймін.
Апаң қартайып, қасына жолатпайды,
Жездең қалай жатады жалғыз деймін,
Осыны бір ойлашы ,балдыз деймін.
Отырғандар ду күледі. Әмір кабинеттен шығып кетеді. Бір сағаттай сондағы жігіттермен әңгімелесіп, қайтып келе жатқанында «жезде» деп айқайлаған Гүлнәрдің дауысы тағы естіледі. Кабинетке кірген Әмірге Гүлнәр былай дейді:
Мен сен баяғыдан «жезде» деймін,
Қыз іздеп, көшелерді кезбе деймін.
Айтқанын балдызыңның тыңдамасаң.
Қаларсың 70-іңде сөзге деймін.
– Ой, бәрекелді, балдыз, – деп қуанып қалған Әмір, сәл үнсіздіктен кейін:
Бұл маған «тиыш жүр» деп тыйғаның ба,
Жоқ әлде басқаларға қимадың ба?
Қыз іздеп, көше кезіп қайтейін мен,
Балпанақтай балдызым тұрғанында, –
деп кабинеттен шығып кетеді.
Бір сағаттан кейін оның телефонына СМС келеді. Онда былай деп жазылған екен.
Жыланның құйрығын сен басып кеттің,
Жеңдім деп мені ,өзіңше тасып кеттің.
Бір шумақ өлеңіңді айта салып,
Жездеке, неге жылдам қашып кеттің?
Әмір аз ойланып отырып, оған СМС-пен былай деп жауап қайтарады:
Маңдайға тағдыр жазған бұйрықпенен,
Жақсы ғой басып жүрсең құйрық деген.
Жылан болып қайтесің, балдызым-ау,
Қорқытпа мені ондай «сұмдықпенен».
Айтыс СМС арқылы одан әрі жалғасады.
Балдызы:
Үйде жатып, жездеке, ерігесің,
Жас жігіттей қиялға берілесің.
Қуарып, суалған шақ «жетпісіңде»,
Неменеңе жетісіп, желігесің?
Жездесі:
Қуарып, суалдың деп табаладың,
«Асып-тасқан» көңіліме қарамадың.
Мен де бір ұрпағымын, сексенінде,
Серілік құрған кеше бабалардың.
Балдызы:
Мықты болды ол рас ,бабаларым,
Оларға қалай кінә таға алармын.
Жас ет жеп, қымыз ішіп, серілік қылса,
Білген ғой, сірә өзінің шамаларын.
Қуарып, суалмай ма жетпісінде,
Арақ ішсе бүгінгі ағаларым.
Жездеке, «сау сиырдың» бірі емессің,
Сондықтан көңіліңе қарамадым.
Балдызы СМС арқылы жіберілетін жездесі Әмірдің жауабын әлі күтуде.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Әзіл Әлемі
Түнде әйелі мен күйеуі. Күйеу:
- Жаным, ұйықтап қалдың ба?
- Жоқ.
- Онда, маған қарап жатшы.
- Қойшы, сен сарымсақ жедің.
- Маған қарап жат деймін, сен горох жедің ғой.
***
-Дәрiгер, 1 апта болды ,түсiме футбол ойнап жүрген тышқандар кiредi.
- Мiне, мына дәрiнi iшсеңiз ,бәрi дұрыс болады.
- Ертең iшсем бола ма?
- Неге?
- Бүгiн финал едi.
***
- Менде 2 хабар бар, біреуі жақсы ал екіншісі жаман. Қайсысынан бастайын?
- Жаманынан.
- Біз қателесіп,сау аяғыңызды кесіп тастадық.
- Қалай?! Ал жақсысы???
- Ауру аяғыңызды емдеуге болады.
***
Ауру: - Дәрігер менде склероз басталды.
Дәрігер: - Қашан басталды?
Ауру: - Не қашан басталды?
***
Баяғыда бір апамыз жетінші күйеуге тиіп бара жатып:
- Өстіп жүріп бұзылып кетпесем болды ғой! - депті.
***
Бассейнге 60 литр су құйылып, 64 литр су шығарылады екен...
***
Мұғалім оқушыларға еркін тақырыпта шығарма жазып келіңдер деп тапсырма береді. Балалардың біреуінің шығармада “шамамен, болжам бойынша” деген сөздерді көп қолданғанын көрген ұстазы, сен үлкейгенде кім боласың деп сұрайды. Әлгі оқушы кідірместен: «Ауа райы болжаушысы боламын» деген екен.
***
Нью-Йоркта бір банктің алдына соңғы модельді люкс класты көліктен түскен адам жылдам қадамдармен банкке кіріп келіп шұғыл түрде кредит алғысы келетінін айтады. Банк қызметкеріне өте шұғыл шаруалармен Еуропаға кетуі керектігін және осы себепті 1 апта көлеміне бес мың доллар кредит алуы керектігін айтады. Банк қызметкері клиент турасында қысқаша анықтама жинағаннан кейін: «Финанциялық және материалдық жағдайыңызды қарадық. Бұл кредитті алуыңызға ешқандай кедергі жоқ. Бірақ біздің банкімізбен бұрын соңды жұмыс істемеген екенсіз. Банк ретінде сізді танымаймыз. Осы себепті кредитті бере алуымыз үшін сізден кепілдік сұрауға мәжбүрміз» дейді. Әлгі адам стол үстіне көлігінің кілті мен құжаттарын қойып: «Өте асығыс едім, ұшаққа үлгеруім керек. Кепілдікке есік алдындағы люкс көлігімді алсаңыздар болады» дейді.
Кредит рәсімдері тез арада бітіп, банк қызметкерлері көлікті банк гаражына кіргізеді де әлгі кісіге бес мың доллар береді. Банк қызметкері бір апта бойы бұл кісі туралы ақпарат жинап, оның өте бай адам екенін анықтайды. Бір аптадан кейін әлгі адам келіп бес мың долларлық қарызы мен 9,5 долларлық апталық пайызын төлейді. Банк қызметкері клиентінен таңдана сұрайды:
- Сіз өте бай кәсіпкер екенсіз ғой. Айтыңызшы, сіз үшін арзымаған сома болатын бес мың долларлық кредитті не үшін алдыңыз?- дейді. Бай кәсіпкердің жауабы:
- Мынадай люкс көлікті Нью-Йоркта қай жабық гаражға 9,5 доллармен 1 аптаға қалдыра алар едім?!