
Кеңес Одағының барша халқымен бірге, Семей өңірінің халқы да осы Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты.
«Барлығы да - майдан үшін, барлығы да – Жеңіс үшін!» деген ұран баршаны біріктірді.
Облысымыздан майданға 106277 адам аттанып, 44984 адам майданда ерлікпен қаза тапты. Жерлестеріміздің арасынан 56 Кеңес Одағының Батыры, «Даңқ» орденінің 13 толық иегері шықты, мыңдаған жерлестеріміз жасаған ерлігі үшін ордендермен, медальдармен наградталды.
Егде адамдар, қариялар, әйелдер, бұғанасы қатпаған балалар майданға елін қорғауға аттанған жауынгерлердің орнын басты.
Отан қорғау жолында кеудесін оққа төсеп, шайқасып жатқан жауынгерлерді азық-түлікпен, жылы киіммен, қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін бүкіл халық бір кісідей жұмылды.
Қаламызда 238 (30) санды гвардиялық дивизия және 8-Ямпольдық атқыштар дивизиясы құрылды. Осы дивизиялардың жауынгерлік ерлігіне қысқаша тоқталып, шегініс жасалық.
238 (30) дивизия 1941 жылғы 26 қыркүйекте Батыс майданға жіберіліп, 49-Армияның құрамына енгізіліп, жауынгерлік тапсырманы орындауға дереу кірісіп кетті. Басты мақсат жау шабуылына тойтарыс беріп, жауды Ока өзенінің шығыс жағалауына жібермеу еді. Дивизия бұл жауапты тапсырманы абыроймен орындап, фашистердің Тула-Мәскеу тас жолына шықпақ болған жоспары іске аспай қалды. Одан кейін дивизия қараша айында Гудерианның танк дивизияларымен кескілескен шайқасқа қатысты. 5-6 желтоқсанда Кеңес Армиясы Мәскеу түбінде қарсы шабуылға шығып, жауға аса қатты соққы берді. Осы ұрыстардың алғы шебінде 238-атқыштар дивизиямыз күші өзінен үш есе басым жаумен шайқасып, Алексин қаласын жаудан азат етті. Қолбасшының тапсырмаларын ойдағыдай орындап, батылдық пен ерлік көрсеткені үшін дивизия Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қорғаныс Халық Комиссариатының 1942 жылғы 24 мамырдағы бұйрығымен 30-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Соғыс жылдары дивизия кескілескен шайқастарда 1000 шақырымдай жер жүріп, 1200-ден астам елді мекенді жаудан азат етті. Жаумен кескілескен шайқаста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін дивизияның 13 мыңнан астам жауынгері үкімет наградаларына ие болды.
1941 жылдың күзінде қаламызда 8-Ямпольдық атқыштар дивизиясы құрылып, жауынгерлік даярлықтан өтті. 1942 жылғы 9-10 шілдеде Воронеждің солтүстігіндегі Ливна қаласында жаудың шабуылына тосқауыл қойды. Сталинград шайқасындағы жеңістен кейін дивизия Воронеж-Касторная операциясына қатысты. Одан кейінгі уақытта 8-дивизия 13-Армияның алғы шебіндегі топқа енгізіліп, қыстың аса ауыр жағдайында жаудың күшті қорғаныс бекіністерін бұзды. Дивизия жауынгерлері тарихи Курск шайқасының барлық учаскелерінде ерлікпен шайқасты. Дивизияның жауынгерлік тарихында Днепрден шабуылмен өткені ерекше орын алады. Түрлі құрал-жабдықтарды шеберлікпен пайдаланған дивизия жауынгерлері бір түннің ішінде Днепрдің оң жағалауына, Киевтің солтүстігіне өтіп алды, осылайша 13-Армияның Днепрдің оң жағалауындағы бекінісі күшейтілді. Ерлігі мен батылдығы үшін 44 семейлік жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, 11 адам Даңқ орденінің толық иегері болды.
Қаламызда жасақталып, қан майданға аттанған, майдан даласында ердік пен қаһармандықтың қаншама ғажайып үлгісін көрсеткен осы екі дивизия құрметіне ағымдағы жылғы 9 сәуірде Семей қалалық ардагерлер ұйымы қала әкімдігінің қолдауымен, Шығыс өңірлік әскери басшылығының , қаламыздағы басқа да әскери ұйымдардың қатысуымен Мәдениет сарайында «Отты жылдар әндері» атты қалалық фестиваль өткізді.
Фестиваль салтанатты түрде ашылып, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.
Елдің азаттығы мен жарқын болашағымыз үшін шайқасқан , Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
Фестивальға 6 ансамбль: «Ахау Семей» ардагерлердің ұлттық салт-дәстүр ансамблі (жетекшісі - Гүлғайша Әубәкірова), («Айша-Бибі» халықтық фольклорлық ансамблі (жетекшісі - Айман Боқпасарова), «Иртыш моңнары» татар ән-би ансамблі, «Истәлек» татар халықтық фольклорлық ансамблі (жетекшісі - Ғабдулхақ Ахунжанов), «Иртышаночка» халықтық ансамблі (жетекшісі - Дмитрий Лобанов), «Братцы» халықтық ансамблі (жетекшісі – Владимир Копеечкин); 2 хор: «С песней по жизни» атты ардагерлер хоры (жетекшісі – Александр Барабанов), «Истоки» орыс және казак әндері халықтық хоры (жетекшісі – Александр Барабанов), ; «Асыл әже» кеңесінің «Кестелі орамал» вокалдық тобы (жетекшісі – Жанат Сембаева) қатысты және жеке орындаушы ардагерлер өнер көрсетті.
Бұл фестиваль Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты қарсы алу» туралы тапсырмасын жүзеге асыруға арналған «Ұлы Жеңістің 80 жылдығына – 80 қадам» акциясы аясындағы игілікті іс-шаралардың бірі болып табылады.
Фестивальда орындалған туындылар бәрі де керемет, бірінен бірі өтеді. Дегенмен, осылардың арасынан ең ерекше есте қалатындарын, көрермен ретінде маған ерекше ұнағандарын атай кеткім келеді.
Қасым Аманжоловтың «Дариға сол қыз» әнін орындаған Құсмілия Жырғалұлы Нұрқасым жауынгер киімін киіп, қолына домбырасын ұстап сахнаға шығып, ән алдында соғысқа елден қаншама мыңдаған адам аттанып, көбі майданда қаза тауып, ұрпақсыз қалғанын айтып, біз соғыстан қайтқан жауынгерлердің балаларымыз, сондықтан да бұл Жеңістің біз үшін орны бөлек, деп тебіреніп, әнді бастады, жиналған халық әнді сілтідей тынып тыңдады. Көрермендердің көпшілігінің көзіне жас үйірілді.
№49 мектептің «Асыл әже» кеңесінің орындауындағы «Кестелі орамал» әні көрермендер жүрегін баурап алды. Сахнаға дөңгелек жер үстел, үстелге кәресін шам қойылып, шам жарығында диірменмен ұн тартып, мына жағында келі түйіп, қызу еңбектеніп жатқан еңбекқор әйелдер жұмыс үстінде «Кестелі орамалды» орындағанда, соғыс кезіндегі аналарымыздың көрген қиындықтары, жеңіске деген асыл сенімдері көз алдымызға елестеп, сондай бір ғажайып әсер тудырды.
Тағы бір осындай жақсы табысты туынды Айтпану Мұхамеджанованың орындауындағы «Ах, Самара, городок» әні болды. Майдандағы жауынгерлер алдында ән салып, өнер көрсеткен Халық қаһарманы Роза Бағланова апамыздың өшпес бейнесі көз алдымызға келді.
Осындай сахналанған әндерді орындап, сұрапыл соғыс көріністерін көз алдымызға әкелген «Асыл әже» тобына (жетекшісі – Жанат Нұрахметқызы Сембаева) жұртшылық ерекше риза болды.
Сахнаға көгілдір аққулардай сызылып шығып, қолдарында орамалдары желбіреген хор әншілері қандай десеші!
Әсем әндер бірін-бірі алмастырды.
Фестиваль соңында «Истоки» орыс және казак әндері халықтық хоры ерекше шабытпен орындаған «Атамекен» әнін бүкіл көрнрмендер орындарынан тік тұрып, өздері қосыла айтты.
Залдағы бүкіл халық бір үйдің баласындай бірлік, ынтымақтастық, жақындық, бауырластықты терең сезініп, біртұтас берекенің жанды белгісіне айналды.
Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығаратын осындай сәтті басқосулар алда да жалғаса бергей!
Зере Оразалина,
журналист