USD503.05EUR542.99RUB5.98

САЛДӘУРЕННІҢ САҒЫМЫ (Қайрат Зекенұлының шығармашылығы жайлы сөз)

03 наурыз 2025, 11:40
Өлең - ақынның жүрек лүпілі, жан сыры, өмірлік ұстанымының көрінісі. Ақын өз туындылары арқылы оқырманын терең ойға жетелеп, адам болмысын, уақыттың сырын, ұлттық рух пен тағдырдың қыры мен сырын паш етеді.
САЛДӘУРЕННІҢ САҒЫМЫ (Қайрат Зекенұлының шығармашылығы жайлы сөз)

Қазақ халқы үшін жылқы - символдық тұрғыдан алғанда ұлттық рухтың, еркіндіктің, көшпенді өмір салтының нышаны. Тұлпардың тұяғымен дүбірлеткен ұлан-ғайыр далада қазақтың жаны жылқымен егіз десек, сол арғымақтарды жырлап жүрген ақындарымыз да аз емес. Солардың бірі - Қайрат Зекенұлы, ол өз шығармашылығында жылқының бейнесін ерекше сипаттап, оны еркіндік пен тектіліктің символы ретінде жырлаған қаламгер.
Жылқы - қазақ үшін ең қадірлі жануарлардың бірі. Қ.Зекенұлы оны қазақ халқының мінезімен, еркіндігімен, биік рухымен теңестіреді. Ақынның шығармаларында бәйгеге шапқан арғымақтар, батырлар мінген тұлпарлар, ел қорғаған жылқылар жиі кездеседі.
"Қозыкүрең" өлеңінде ақын былайша жырлайды:
Қолтума, қоян жонды Қозыкүрең,
Жануар жарыстардан озып жүрген.
Кең тыныс, кере қарыс кеудесіне,
Түсетін атқұмардың көзі бірден.
Бойы бар көзге қораш тайдай ғана,
Осылай жаралған соң айлаң бар ма?
Алайда, ауыздығын сүзе тартып,
Басатын төрт аяғын тайраң қаға.
Бұл - қазақтың көшпенді өмірін, тұлпарлармен бірге көсілген кең даласын аңсау мен мақтаныштың көрінісі. Тұлпардың мінезі - ұлт тағдырының да мінезі. "Ұлтқа қызмет ету - білімнен емес, мінезден" деп алаш қайраткері тегін айтпаса керек. Сәйгүлікті тізгіндей білген адам өмірдің де қиындығына мойымай, діттеген мақсатына жетуге тырысады. 
Ақынның өлеңдерінен көшпенді халықтың еркіндігі, бабаларымыздың тұлпарға деген ерекше құрметі мен махаббаты анық байқалады.
Ал "Салдәурен" өлеңі - жастық шақтың елесін көз алдына әкелетін мұңлы да сыршыл туынды. Ақын жастықтың желігін, еркіндігін, бейқам күндерін еске ала отырып, соның өтпелі екенін мойындайды. "Салдәуренім сағымға орандың ба?" деген сауалы - өткен күнге деген сағынышты, тоқтаусыз уақытты айшықтайды. Бұл өлеңде жастық дәуренге деген қимастық, өмірдің заңдылығын түсіну, өткен шақтың оралмасына мойынсұну сияқты терең философиялық мән бар.
"Қыр қазағы" өлеңінде қазақ даласының ұлы болмысы көрініс табады. Ақын өзі кешкен жылқышылық өмір арқылы қазақы тіршіліктің қарапайым, бірақ мағыналы суретін береді. "Жайлаудағы жағалай қонған елден / Көруші едім үлгісін ынтымақтың" деген жолдар арқылы автор қазақ халқының бірлігі мен ынтымағын дәріптейді. Бұл туындыда ұлттық болмысқа деген құрмет, дала мәдениетіне деген сүйіспеншілік көрініс тапқан.
Тұлпарлар - ұлттық код, ұлттық мәдениеттің бір бөлшегі. Байырғы қазақ халқының жоғары мәдениеттілігін салт аттың жүрісімен, алтын мен күміспен безендірілген ат әбзелдерінен білуге болады. Сақ, Ғұн дәуірінде адам о дүниеге аттанғанда қасына сәйгүлікті қойып, бірге жерлеген дәстүрлерді де білеміз. Бұл да - бітісіп кеткен өмір салтының бейнесі. "Жануар жарыстардан озып жүрген" деген жолдардан тұлпардың тек жүйріктігі емес, рухани қуаты да байқалады. Бұл жырларда қазақтың жылқыға деген ерекше ықыласы, халқымыздың көшпенді өмір салтының бір бөлшегі ретінде жылқыны кие тұтуы анық сезіледі.
Ақынның поэтикалық қуаты - поэмаларынан аңғарылады. Қ.Зекенұлының "Кетбұғаның шешімі" атты поэмасын оқи отырып, көркем тіл мен көркем ойдың үйлесімділігін байқаймыз. Арнасына сыймай, асып-тасып тұрған сезім бұлқынысы поэманың тұтас болмысына дарыған. Қай шумағын алсаңыз да, кем-кетіксіз, олқылықсыз өрілген. Осылайша, төгіліп тұрған шынайы жыр - сұлу таққан моншақтай өне-бойға әсем жарасып, ішкі көркемдікпен үйлескен.
Поэма жанры ақынның тарихи тұлғаларға деген құрметі мен өткенге ой жүгіртуінің айқын көрінісі. "Кетбұғаның шешімі" поэмасы осы бағытта жазылған. "Ер қайда... Кетбұғадай шешім қылар, / Ханға да, қараға да залалы жоқ" деген жолдарда әділдіктің, даналықтың, көрегендіктің маңызы ерекше айтылады. Кетбұғаның образын сомдау арқылы автор бүгінгі заманмен байланысты орнатуға тырысқандай. Өткеннің ұлы тұлғаларын еске алу - тарих сабақтарынан ғибрат алу деген сөз.
Тұлпарды жырлау - қаншалықты қиын болатыны секілді өмірді жырлау, өмірді түсіну - соншалықты күрделі құбылыс. Жақынды жат, жайдарлыны жалақорға айналдыруға тырысатын қағілез қоғамның алдында сәби-жүрек дәрменсіз. Осындай жағдаяттардан түршіккен жүрек: "Дүбірге толы бұл өмір,
/ Күбірге де кенде емес..." дейді. Және тағы бір өлеңінде жан-дүниеге үміт беріп: "Жанды көрдім тек қана мін іздеген, / Нарды көрдім жүректен нұр іздеген" деп ойын жалғастырады. Демек, автордың ойынша, ішкі катарсис - басты орында. Көлеңкелі тұстан, Күн шуақты жағы жақсырақ деген сыңайда.
Қорытындылай келе, ақынның бұл өлеңдерінен терең ой, ұлттық рух, табиғат пен жылқыға деген ерекше сүйіспеншілікті түсіндік. Поэзия арқылы ақын оқырманына ұлттық болмысымызды, тарихымызды, өткеннің даналығы мен жастық шақтың жалынды кезеңін жеткізеді. Бұл жырлар тек эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, ұлттың рухани мұрасын дәріптеуге де зор үлес қосады. 
Біржан  Ахмер

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2025
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar