
Ұшырасқан сайын, құдайдың құдіреті, неге екенін білмеймін, қысылып, қымтырылып қаламын. Әрине, оны сездірмеуге тырысып бағамын. Осы құбылыстың себебін табуға талай рет оқталған болатынмын. "Қайраттың бойында нендей сиқыры бар?” - деймін ғой, - Кеше ғана түкірігім жерге түспеген қатал бастық едім, талай шендіні қалшитып тік тұрғызған полковник болдым. Кез келген азулымен айқаса кетіп, айбаттанатын едім. Бойымда солардың біреуінің де жаңғырығы қалмағаны ма?" - деймін мен өзімді қайрағандай болып. Ертістің бетімен жөңкіп, бірінен бірі озуға асығып бастырмалатып бара жатқан сеңге қарап терең ойға шомып тұрғанда, есіме мына жағдай түсе қалды емес пе! Иә, осы сәт менің Қайраттың алдында қысылып, кішірейіп жүруімнің себебі болды-ау деп топшылаймын. Сол мезетте қаланған қарым-қатынастың іргетасына бірте-бірте қабырғалар тұрғызылды, үйге айналып, шатыры жабылды. Демек, бұзылмастай қалыптасты. Оның тарихы мынадай еді. Отставкаға шығып, "бейбіт" өмірге төселе бастап, қолыма қалам алып, ақ қағазға естеліктерді жаза бастадым. Солайша қолжазбалардың саны өсіп жатты. Менің "Даладағы жекпе-жек" атты алғашқы әңгімем "Ертіс өңірі" газетінің 2006 жылғы 19 қаңтардағы санына жарияланды. "ТВК-6” басшысы Омарбек Байуақовтың кабинетінен шығып келе жатқанымда, қабылдау бөлмесінде тұрған кісілердің арасынан маған қарай өте сымбатты, шымыр денелі бір жігіт жақындап: "Даладағы жекпе-жектің" авторы сіз бе? - деп сыпайы әдептілікпен сұрады. "Иә", - деп едім. - Мен "Ертіс өңірінің” редакторы Сайлау Төлеуов боламын. Уақытыңыз болса жүріңіз, біраз әңгімелесейік" - деп кабинетіне алып келді. Әңгімелестік. Таныстық. Біржарым жылдай шығармашылық байланыста болып, Сайлау менің бірнеше мақалаларымды газет бетінде жарық көруіне мұрындық болды. 2007 жылы Сайлау басқа қызметке ауысып кетті де, менің газетпен байланысым үзілді. Біраз уақыт өткен. Бір күні "ТВК-6" ғимаратының жанынан өтіп бара жатыр едім маған қарсы келген өңді, тұла бойы жебедей тіп-түзу бір жігіт: "Аға, Ассалаумағалейкүм" - деп бірінші қолын созды. "Уағаәлейкум" - дедім. "Жүріңіз, талқылайтын бір шаруа бар" -деп алдыма түсіп жол бастады. Мен соңынан жетектегі жабағыдай ілесіп келемін. "Қайда барамыз? Сіз кім боласыз?"- деп сұрамаппын да. Сол ілескеннен ілесіп отырып "Ертіс өңірі" газеті редакторының кабинетінен бірақ шықтым. "Сіз Сайлау кеткелі атбасын бұрмай қойдыңыз ғой. Тіпті, іздеу салуға жақын қалдық. Үнсіздікті доғарыңыз. Жазуыңызды жаңғыртыңыз. Газеттің сіз сияқты тұрақты авторлары жерде жатқан жоқ. Сізді сұраушылар бар"- деді де, алдында жатқан қойын дәптерге бірнәрселерді түртіп болып, - таяқтың ұшы маған да тиеді ғой". Тілім байланып, жауап қатуға сөз таба алмай, кінәлі адамдай отырмын. "Сөздің қорытындысы, аға, екі жаққа да пайдалы шығармашылық қарым-қатынасқа көшейік. Мүмкін басқа қырыңыздан көрінерсіз" - деді де қолын ұсынды. "Тапсырма берілді, іске сәт" - дегені екен ғой деп мен де қолымды создым. Жұмысқа келе сала Сайлауға телефон шалып, "Сәке, сіздің орныңызға келген Қайрат мырза, мені газетке жазбай кеткенім үшін сынға алып, "ұрсып" тастады" - деп, болған жағдайды қысқаша баяндап бердім. Ертіске шыжыған шілдеде мұз қатсада міз бақпайтын сабырлы Сайлау: "О-о-о, Әлеке! Қайракең өте мәдениетті, көпті көрген жақсы жігіт. Баспасөз саласының білгірі. Ең бастысы, танымал ақын азамат. Қайраткерлігі де бар. Ол сізді басқа қырыңыздан көрінуге зор ықпал етеді",- деді. "Ертіс өңірі" газетінің сол кездегі Бас редакторы Қайрат Сабырбаймен таныстығым осылай басталып еді. Бір қызығы, таныстығымызға сызат түспеген 18 жылдың барысында, біз шексіз ағытылып сырласпаған адамдармыз. Балық ауламаймыз, аңға шықпаймыз, шахмат ойнамаймыз, буханада (сауна) уақыт өлтірмейміз. Алайда, жиі кездесеміз, жиі пікір алысамыз. Сенсеңіз де сол, сенбесеңіз де сол: әңгіме-дүкен бар-жоғы 5-10 минутқа ғана созылады. Білесіз бе, осы 300-600 секунд жеткілікті. Өзіңді рухани байыту үшін институт, университет және академияларда оқудың тіптен қажеті жоқ. Диплом - ол тек қана құжат, рухани деңгейіңнің өлшемі емес. Адамды өсіретін, көзін ашатын, рухани байытатын - ата-баба мұрасы, жанашыр ортасы, адал достары. Адалдыққа мүдделі бағытта тәрбиелейтін әлемде бірде-бір оқу орны жоқ. Санаулы ғана адал достарымының арасында Қайрат Зекенұлының шоқтығы биік. Жасы кіші інінің ағаға жасаған жағымды ықпалының да деңгейі шыңға бергісіз. Қайрат бауырым, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында "Силикат" заводында кірпіш жасаушы болып жұмыс істеген. Бұл да бекер емес. Мұнда да бір сыр бар. Кірпіш жасаушы, оның қалай қаланатынын біледі. Мәселе, Абай айтпақшы, кірпіштің "кетігін тап та, бар қалан"-ында болып тұр ғой. Қайрат өзінің "Жастық" деген өлеңінде:
Жастық шақ - іргетасы өміріңнің,
Жегілме жетегіне сері күннің.
Әуелгі талпынысқа байланысты,
Топ жарып шығатыны тегі кімнің - дейді.
Қайрат бауырым "дүниенің кетігін тапқан", өз орнын нық айқындаған абыройлы азамат. Қара жұмыстың қазанында қайнап кірпіш жасап жүргенде, оны мәпелеп қолына ұстап тұрып, кірпіштермен адамша сырласып, "Сәт сапар" тілегеніне мен күмән келтірмеймін. Соның дәлелі болар:
Біреуі де шашылмасын,
жатпасын,
Қызу еңбек алаңына аттансын.
Әрбір кірпіш әдемі боп өріліп,
Маңдайтері құрылысшының ақталсын! - деп тебірене жазғаны.
2010 жылы "Время" газетінің 19 тамыздағы санына марқұм Мұрат Әуезовтың "Живя у горы, знай реки, текщие сверху" деген атаумен сұхбаты жарияланды. Неге екенін білмеймін, осы сұхбатты қазақ тіліне аударғым келіп кетті. Бірнеше қайтара оқып шығып, мен сұхбатты "Тау бөктерін мекендесең, таудан аққан өзеннің сырын біл" деген атаумен қазақшаға аударып, қыркүйектің алғашқы күндерінде Қайратқа апарып бердім. Аудармам көп ұзамай "Ертіс өңірі" газетінің 15 қыркүйектегі санында жарық көрді. Қайрат телефон шалып: -"Келіп кетіңіз" - деді. Жаппарқұлда жан бар ма, құстай ұшып жеттім. "Әл аға, сіздің аракідік орыс тілінде жазатыныңыздан хабарым бар. Алайда, аудармашы екеніңізді білмеппін. Осыдан үш жыл бұрын басқа қырыңыздан көрінерсіз деп біліп айтыппын. Аудармаңызды бірнеше қайтара оқып шығып, мін таппадым. Сондықтан, дамытып, қабілетіңізді шыңдай беріңіз"-деді. "Ойбай, Кәке! Мен өзімді аудармашы деп есептемеймін. Мұрат Әуезовтың сұхбаты ұнап қалған соң әлімнің келгенінше аударып едім. Өмірімде бірінші рет..." -дей бергенімде, Қайрат: -"Әл аға! Дүниеде барлық нәрсенің басталуы бар. Кез келген саты екінші баспалдақтан басталмайды. Сыпайлықтың да орны бар. Қабілетіңіз бар екен, оны неге төрт бүктеп төсқалтаңызға салып жасырып жүресіз? Шығарыңыз, көрсетіңіз. Одан сіз ешбір зиян шекпейсіз" - деп маған қолын созды. "Іске сәт. Боссыз!" - дегені болды ғой деп мен де қолымды ұсындым. Бас редактор уәдесінде тұрып менің бірнеше аудармамды газет бетіне жариялады.
2020 жылы наурыздың соңына таман Қайрат Зекенұлы (Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры) мені кеңсесіне шақыртты. "Ковид" деген бәле елдің берекесін қашырып жатқан кез. "Әл аға, жағдай былай, - деді алдындағы қағазы сарғайып кеткен бір құжатты үстелдің шетіне мұқият сырғытып қойып, - Мен сізге ешкімнің тісі батпаған шаруаны тапсырмақпын. Біздің кітапхананың сирек кітаптар мен құжаттар қорында "Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела императорского русского географического общества" атты 23 томнан құралған кітаптар сериясы бар. Заманның өзгеруіне байланысты кітаптардың атауы да "Русского...", Государственного..." және "Казахстанского..." болып өзгерген. Аталған кітаптардың ішінде 160-қа тарта жолжазбалар және ғылыми мақалалар бар. Кітаптың ең алғашқысы, баяғы патша заманында, 1903 жылы баспадан шыққан. Мақала авторлары Семей өңіріне саяси жер аударылған орыс ұлтының озық ойлы өкілдері, ғалымдары, кезбе көпестер, Семейге жолы түскен әртүрлі деңгейдегі өлкетанушылар. Мақалаларды орыстар жазды демесеңіз, өзегі қазақ даласы, табиғаты, тау-тасы, жануарлар әлемі, жер асты байлығы, қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы. Ең бастысы қазақ даласына орыс отарлау саясатының енуінің алғашқы кезеңін мақалалардың ішінен айнытпай аршып алуға болады. Керек десеңіз ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы бас көтерулерін де байқауға болады. Мен мақалалардың барлығымен таныспын. Оқып шықтым. Сізді шақыру себебім, осылардың барлығын қазақшаға аударасыз (жүрегім зу-у ете қалды). Сізді штатқа қабылдаймын. Жағдай жасалады. "Онлайн" режимінде жұмыс жасайсыз. Күндердің-күнінде қазақ баласы тек қазақша кітап оқитын заман туады. Жоғарыға ұсыныс түсіріп, қаражат сұратып, сіз аударған дүниелерді кітап етіп бастырып, облыстағы кітапханалардың барлығына таратамыз" - деді де маған сынай қарады. "Ойбай, Кәке-ау! Мен зейнеткермін. Жасым болса мынау. Біреу-міреу тексеріп қалып, заңды бұзып, "шалды" неге жұмысқа алдың деп сізге сөз, сөгіс келіп жүрмей ме?" - дедім қипақтап. "Әл аға, - деді терезеге бір қарап алып, - Мен сізді жекеменшік шаруама жегіп, шөп шабуға жіберейін деп жатқан жоқпын. Мәдени майдан кеңістігіне шақырып тұрмын. Талай адамға қолқа салдым. Оларға ренжудің қажеті жоқ, жүрексінді. Дүйсенбіден бастап жұмысқа кірісесіз" - деп қолын ұсынды. "Іске сәт! Бара беріңіз" - дегені ғой деп мен де қолымды создым. Үш жылға созылған жұмыс барысында Қайраттың маған айтқан "Мәдени майдан кеңістігіне шақырып тұрмын" деген сөздерінің қаншалықты маңызды және өзекті екеніне көзім анық жетті. Әрине, жұмыс жасаған уақытта, мен күндіз-түні тек аудармамен шұғылданған жоқпын. Музейдің толып жатқан өзге де үлкенді-кішілі шараларының қажетті деңгейде өтуіне шамамның келгенінше атсалыстым. Қайрат солардың бірде-біреуін назарынан тыс қалдырған емес. Жалпылама басшылықты айтпағанда, шаралардың өзегінен ұлттық құндылықтардың, қазақи тәлім-тәрбиенің, рухани ой-сананың мызғымас мәйегінің ықпал-әсерлерінің орын алуын қатаң бақылайтынына тәнті болған едім. Шаруалары шашетектен болып жатса да, мен аударған мәтіндерді оқып шығып, түпнұсқамен ерінбей салыстырып, кем-кетігін түзеуге де уақыт табатын. Осы уақыт ішінде Қайратпен пікір алмасып, ой жарыстырғанда ұққаным мәдени майданда жеңімпаз болмайды екен. Себебі ол бітпес, үзіліссіз, тынышсыз майдан. Мәселе жеңілмеу керек. Мемлекетті құсқа теңесек онда да екі қанат болады ғой. Бір қанаты экономика да екінші қанаты мәдени, рухани сала. Мемлекет те құс сияқты бір қанатпен ұша алмайды. Құс аспан төрінде самғау үшін қанаттарын кезек-кезек қақпайды ғой. Бір мезетте, тең етіп қағады. Біздің елдің соры - бір қанатпен биікке шығамыз деп ойлады. Сондықтан болар алдымен экономика, қалғаны содан соң деп далбасалап кетті. Оның соңы не болғаны бәрімізге белгілі. Рухани саласы ақсаған ел асқақтай алмайды. Қайрат ақын ғой. Оның көзқарасы, ой қорытуы, құбылысты қабылдауы өзгеше. Өткір. Қиюы келіп тұрған соң айта кетейін. Иә, ол ақын. Танымал ақын. 2017 жылы Қайраттың "Фолиант" баспасынан "Дүлдүлдер дүбірі" атты жыр жинағы мемлекеттік тапсырыспен 5000 дана болып жарық көрді. Аталған жыр жинағының тұсаукесері Семейдегі Абай театрында сол жылы желтоқсанның 1-інде өтті. Жыр аңсап шөліркеген халық театрға симай кетті. Орын жетпей түрегеп тұрғандардың, сығылысып еденде отырғандардың қарасы көп болды. Сол жылы осы жыр кеші қаладағы естеқалар мәдени және рухани оқиғалардың бірегейі болды.
2023 жылы Қайрат басқарып отырған Облыстық тарихи-өлкетану музейіне 140 жыл толды. Ол осы атаулы мерейтойды ерекше атап өту үшін бел шешіп кірісіп, ат төбеліндей ұжымды бір кісідей жұмылдыра білді. Қоңыраулатып, дауылпаздатып, сырнайлатып өткізу қолынан келіп тұрса да, оны өзге форматта жоспарлап, қазанның 19-20 аралығында "Семей-Ертіс өңірінің археологиялық мұрасы, этнографиясы және музей ісі" деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Қайраттың ресми шақыруымен конференцияға аты-жөндерінен, ғылыми атақтарынан ат үркетін ғалымдар келді. Алматыдағы "Зиялы баспасынан" осы мерейтойға арналған "140 жылдық шежіре" атты екі тілде (қазақша, орысша) жазылған кітап жарық көрді. Редакциялық құрамға Қайрат Зекенұлының өзі жетекшілік етті. Бұл білгенге оңай шаруа емес.
Қайраттың мәдени майданы 8 сағаттық қызмет барысында ғана атойлаған жоқ. Үздіксіз жүріп жатты. Тәулік бойы. Тұрмыс-тіршілік барысында да. Бір мысал келтіре кетейін. Одан бұрын "Абай жолыындағы” мына көрініске назар салыңызшы: "Абай орта тұста келе жатып, ақ үйдің сыртында оқшауырақ жерде ұзын-ұзын ақ таяқтарға төстерімен, қос қолдарын тіреп, бүгіліп тұрған отыз шамалы еркекті көрді". Естеріңізге түсті ме? Иә, Абай дүниеден өткен Бөжей ақсақалдың шаңырағына көңіл айтуға келді. Қайрат асқар тау әкесіне арнаған өлеңінде мынадай жолдар бар:
Нар әке, арқасүйер
заңғар панам,
Кезім көп қасиетіңді
аңғармаған.
Болмысың бөлек еді,
берен еді,
Буына дүниенің алданбаған.
Зекен аға дүние салғанда көңіл айтып барушылар жоғарыда "Абай жолынан” келтірілген көрініске куә болды. Қайрат бас болып бір топ ер адамдар ақ таяқтарына сүйеніп, қайғыға батып тұр екен. Қазақтың ерте заманнан келе жатқан әдет-ғұрпындағы терең мағыналы салт. Ұмытылып бара жатқан. Осы салтты Қайрат қайғы жұтып, қара жамылып тұрса да бүкіл Семей халқына қайта түлеткендей болды. Көңіл айтып барушылар Қайратқа ырзашылығын білдіріп, адал ұлдың ұлағаттығын жүрегімен қабылдап, құптап жатты. Бұл да мәдени майдан. Тәлім-тәрбие де сол майданның алғы шебі. Қазақты қазақ ететін оның бабалар дәуірінен келе жатқан құндылықтары болса керек. Иә, өмір жылжи береді, жылдар алмасады. Қайрат 40-қа келгенде:
Қоныс тептім, қырық сенің
тұсыңнан,
Разымын несібеңе ұсынған.
Болмаған соң көрсеткішім
көрнекті,
Қыдырыстан келген жандай
қысылам... - деп жырласа,
50-ге келгенде:
Толтырсам дедім қатарын
мен де текті ұлдың,
Көзімнің жасын жең
ұшыменен кептірдім.
Жаратқан жар боп, жақсылар
дем боп лайым,
Еңсемді тіктеп, елуім саған
кеп тұрмын, -деп тебіренді.
Міне, құс қанатын қаққанша, уақыт шіркін зулап өте шықты. Он жылды соңында қалдырып Қайрат Зекенұлы ақпанның 28-інде 60-қа толады. Ол ақын ғой. Мен кейде: "Апыр-ай, жаратқан ием, неткен шебер еді. Қайраттың дүние есігін қыстың соңғы күнінде ашқанын қараңызшы. 9 ай бойы көктемді кілем қоржынға салып, арқалап келіп, қыстың соңғы күнінде келесі көктемнің қақпасын қағып тұрғандай болады", - деп ойлаймын. Қайрат бауырымды мерейтойымен шын ықыласыммен құттықтай отырып, ағалық жылы лебізімді Қайраттың өз өлеңімен аяқтауды жөн көрдім.
Қай қырыңмен керек болсаң
қоғамға,
Жетелейді сені тура сол алға.
Жеткеніңше мақсат қойған
межеге,
Көңілдегі көлігіңді доғарма.
Әлихан Омарбеков,
"ҚР ІІМ Құрметті
ардагері",
Отставкадағы полковник