Әлқисса, облысымыздың Абай атын алып, қайта құрылғаны - 2022 жыл, 8 маусым. Сонан беріде екі жылдан астам уақыт зымырап өте шықты. Оған дейінгі ширек ғасыр бойы Семей өгей баладай қараусыз қалды. Азып-тозып, орыс сөзінше, "большая деревняға" айналды, шыны. Шаң-тозаңға батып тұнжыраған көшелер, әбден тозығы жеткен жолдар мен тротуарлар, қуарған ескі ағаштар, қараусыз қалып, сан жылдар сылақ көрмей сырты сұрықсызданған көпқабатты үйлер, жүдеген парктер мен скверлер қаламызға сырттан келген кім-кімнің де көңілін пәс ететін. Бұлар - енді кешегі күн.
Көне Семей осынау аз уақытта Феникс құсы тәрізді қайта тірілді. Тірілді деу аз, жасарып, құлпырып кетті. Оң өзгерістер өте көп. Мәселен, бұрындары кварталішілік аула алаңдары мен қалтарыстар бомба түскендей жайрап жатушы еді. Қазір ше? Мұндай квартал ай сайын азайып, басым көпшілігі тазарып, боялып, сырланып жайнап тұр. Сондықтан "апырай, қалай үлгерген, қайтіп іске асырған?" деп таң қалмасқа лажың жоқ. Осы айтылғанның бәрі облыс басшысы пәрменінің, қала әкімі қаракетінің жемісі екені хақ.
Әрине, бұл ретте "Е-е, гәп қаржыда ғой, ол көп бөлінсе, кім де болса қатырады" деуіңіз мүмкін. Бірақ, өз білуімде, қаржы шешуші фактор бола алмайды. Мол қаржы бөлінсе де тұралап жатқан салалар (транспорт, күре жолдар, ауыл шаруашылығы, уран өндірісі және т.б.) қаншама. Құмға сіңген судай не желге ұшқандай ысыраптар шаш-етектен. Сондықтан қаржы мол бөлінді, болды, бітті, енді оңалып, түзеліп кетеміз деу аңғалдық. "Кадр (маман) бәрін шешеді" деген тектен текке айтылмаған, істің жемісті, нәтижелі болуы, айналып келгенде, білікті де іскер басшыға тірелмек.
Қала күні болған соң қаламыздың мэрі Нұрбол Төлегенұлының ісіне ауысайын. Қысқаша өмір дерек: Шығыс Қазақстан облысының тумасы, қос диплом иесі: Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазақ автокөлік жол институтын бітірген. Еңбек жолын Құрылыс істері жөніндегі комитетте бастаған. 2008-2011 жж. Астана қаласының құрылыс басқармасы басшысы, онан соң осы қаланың аудандық әкімі қызметін атқарған. 2022 жылы Абай облысы әкімінің орынбасары, осы жылдың қазан айында Семей қаласының әкімі қызметіне тағайындалған.
Қала басшысы болғаннан беріде Нұрбол Нұрсағатов тек биіктен көріне білді. Қаржыны тек халыққа пайда әкелетін шаруаларға жұмсау және қолда барды әр теңгесіне шекті ұқсатып, ысырапқа жол бермеу аса маңызды. Кейіпкерімізді Семейдің бағын ашқан азамат деуіміздің мәнісі осы арада.
Енді қала өмірінен нақты мысалдарға келейік. Қаламыздың "Қарағайлы" мөлтек ауданында 13 көппәтерлі үйлер салынуда. Олар аяқталса қаншама тұрғындар баспаналы болады десеңізші. Үй салу құрылысы соңғы жылдары қаланың барлық аумағында қарқын алды. Абай заманынан бар, әбден ескірген жер үйлер сүріліп, орнына тұруға қолайлы, қарасаң көз тоймайтын көрікті биік үйлер бой көтерді. Олар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады десек те болады. Жаңасемейде Ертістің жағалауы, бұрынғы "Заря" делінетін аумақ, түгелдей құрылыс алаңына айналуда. Ол аумақта тұрғын үйден бөлек, мемлекеттік мекемелер, мектептер салынуда.
Әсем қала Астананың бір ауданын басқарған, авангард идеяларға қанық Нұрболдың қаланы көркейтудің шебері болуы заңдылық. Әсіресе, орталық көшелердің сән-салтанаты қайран қалдырады. Мәңгілік ел деген, көпшілік "Арбат" дейтін көше соның бірі ғана. Сондай-ақ, халық бала-шағасымен серуендеп, алаңсыз дем алатын саябақ, аллея қаланың қай тұсына барсаңыз да алдыңыздан шығады. Е-е, әкім күш-қаржыны тек қана қала орталығына төгіп жатыр демеңіз. Шеткері аумақтар да құралақан емес. Шығыс кентінде алғаш рет тротуар төселді, Қызыл Кордон аумағы тұрғындарына ауыз су құбыры тартылды. Ал, Бобровка мен Мұрат елді мекендерінде тротуар, ішкі жолдар төселіп, электр желісі жаңарғанын айта отырайық.
Аға буын біледі, Семейде мәдени ошақтар мен архитектуралық мұралар көп болды, сол себепті кезінде "қазақтың Санкт-Петербургі" деп дәріптелді. Қала көшін бастаған сәттен-ақ Нұрбол Төлегенұлы осы атақты қайтаруды мақсат тұтқан, тегі. Өйткені, қалада саябақтар, көшелерде мүсіндер көбейді. Соңғы жайт, қаланың ажарын ашты, оның бұрын-соңды болмаған өзіндік склупьтуралық келбеті қалыптасты. Біреу біледі, біреу білмейді, әкім Нұрбол мен мүсінші Нұрбол тандемін. Бірі - тапсырыс беруші, бірі - орындаушы болып, екеуі қалада мүсінді көбейту ісін тізе қоса атқарып, таң қаларлық деңгейде тындыруда. Атап айтқанда, Абай музейі ауласында "Абай және ұлдары" деген, ал Абай алаңында "Ұстаз бен шәкірт" деген еңселі ескерткіштер, онан бөлек, орталық көше қиылыстарына қойылған сан алуан шағын мүсіндер қаншама. Әне-міне, ғұлама Шәкәрімнің ескерткіші өз атындағы даңғылдың көркін кіргізбекші.
Байқағанымыз, Нұрбол мырза "қалаға керегі - интеллектуал мен сұлулық, олпы-солпыға жол жоқ" деген принципке берік. Жолдардың сапасына құрылысшының, қаланың сәулетіне архитектордың, әрненің сырты мен іші үйлесімін суретшінің дәлді көзімен саралап алып, шешім қабылдайды. Айталық, Абай атындағы Орталық мешіттің бір жағы - бой көтеріп келе жатқан жастарды дамыту кешені, екінші жағы - биік үйдің қабырғасына салынған ұлы ақынның маңайына нұрын шашып тұрғандай әсерлі сурет-кескіні. Тұтастай алғанда, бұл аумақ гармония әлеміне айналып, көз қуантады.
Мэрімізді асыра мақтап, алқалап қаланың күллі проблемасын шешті, болды, бітті деуден аулақпын. Тұрғындар саны 350 мыңнан асқан шаһардың проблемасыз болуы мүмкін емес нәрсе. Мысалға автобустар қозғалысы, жүргіншілерді тасымалдау әзірге сын көтермейді. Тұрғын үйлер қарқынды салынып жатыр десек те, халықтың пәтермен қамтылуы өткір мәселе. Қазандықтар мен жер асты құбырларының жарым-жартысы тозып тұр. Жаңа автокөлік көпірін уақытында пайдалануға берудің өзектілігі сөзсіз. Сондай-ақ, жаңа жылу электро орталығын (ЖЭО-3) салу мен Сібір құбырына қосып, Семейді газбен қамтамасыз ету - кезегін күткен алдағы перспектива. Айта берсек, әкім иығына түсетін үлкенді-кішілі жобалар көп-ақ.
Ғұламаһи Шәкәрімнің өсиеті:
Тәңірі жолы ақжүрек,
Сайтан деген қиянат.
Ақжүректі ертерек,
Ескер-дағы қыл әдет!
Жатса-тұрса көптің қамын ойлау - ақжүректіктің белгісі, арлының ісі. Нұрбол әкім Абай, Шәкәрім аңсаған ақжүрек азамат. Ол күллі қала тірлігінің пульсін бақылау (қаланы қалтарысына шекті білу, құрылыс қарқынын, су мен жылу жүйесін, жол жөндеу, құбыр жөндеудің сапасын тексеру және т.б.) мен бәріне тың серпін беру міндетін байыз таппай атқарып, ел үмітін ақтады. Айтпақшы, Нұрекең әлемжеліде халықпен байланыс рейтингісі бойынша да алда келеді. Әкім қабылдайтын күні кеңсеге 40-50 адам келеді, сан алуан өтінішпен. Сол қабылдаудан шыққан бір қарияның: "Ойпырмай, тез шешіп, шапшаң шара қабылдауы ғажап, Семейдің бағына келген жігіт мен кісі танысам!" деп сүйсінгенін өз құлағыммен естідім.
Баяндалған жәйттерден шығар қорытынды: мақаламыздың кейіпкері Нұрбол Төлегенұлы небары екі жылда ондаған жылдар қордаланған проблемаларды еңсеріп, "қала әкімі" деген жауапкершілігі зор ауыр жүкті қоңыраулы қара нардай көтеріп келеді. Семей жұрты атынан ақ жолдан айнымаған, "әкім бол, халқыңа жақын бол" деген қағидадан сынық сүйем таймаған атпал азаматқа зор денсаулық, мұқалмас жігер, қажымас қайрат және алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз.
Асан Омаров
03 қазан 2024, 10:54
03 қазан 2024, 10:50
02 қазан 2024, 16:00
02 қазан 2024, 14:18
30 қыркүйек 2024, 11:55
30 қыркүйек 2024, 11:52
30 қыркүйек 2024, 11:49
27 қыркүйек 2024, 10:07
27 қыркүйек 2024, 09:07
27 қыркүйек 2024, 09:03
26 қыркүйек 2024, 10:49
26 қыркүйек 2024, 09:35
26 қыркүйек 2024, 09:31
26 қыркүйек 2024, 09:28