USD495.2EUR522.34RUB4.94

«Ақы алмай, балаларға сабақ берген...»

27 қаңтар 2021, 14:12
Көкбай Жанатайұлының 160, Көкбай медресесінің 120 жылдығына орай Көкбай Жанатайұлы (1861, Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Шыңғыстау бөктері, Тақыр ауылы, - 1925 сонда) – Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі, ақын М.О.Әуезов айтқандай Абайдың дәл өз тұсындағы, өз дәуіріндегі Ақылбай, Мағауия, Шәкәрім сияқты толық мағынадағы төрт шәкірттерінің бірі, ұстаз, дін жолын насихаттаған қажы-молда.
«Ақы алмай, балаларға сабақ берген...»

К.Жанатайұлының өміріне қысқаша тоқталсақ, әкесінен хат таныған соң ақын үш жыл мөлшерінде Төлетай молдадан дәріс алады. Семей қаласына келіп Қамали қазірет медресесінде, уездік училищеде оқиды. Ел ортасында медресе ашып, білім сәулесін түсірген оқымысты молда, қажы Көкбай Абайдың әрі шәкірті, әрі іні-досы ретінде ұлы ақын өмірден өткен соң оның мұрасын, қаншама өлеңдерін, ғұмырнамалық дәлді деректерін бізге жеткізуші.

«Ел ортасындағы бір сайлаудың үстінде Семейдің сол күнгі оязы – Көкбай берген бір арыз бойынша оны жазаламақ болады. Сонда өнерлі, оқуы бар жігітті Абай кепілдікке алады. Осыдан соң Көкбай өмір бойы, Абай өлгенше оның іні-досы, шәкірті боп кетеді», – дейді Мұхтар Әуезов «Көкбайдың ақындығы» атты мақаласында.

Осы оқиғадан бастап ұлы ақын Абай мен тәрбиесіне алған шәкірті Көкбайдың достығы басталады, өзара шығармашылық жолдары тоғысады. Ұстазының қасында жүріп Көкбай өзінің дүниетанымдық көзқарасын кеңейтіп, ақын талантын ұштай жүреді, әрі Абайдың жақын серігі, іні-досы болады. «Абай маған кепіл болып алып шықты, осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды. Жаңағы оқиға 1880 жылдардың шамасында болып еді. Содан кейін жаз болсын, күз болсын Абай ел араласа қасында жүріп, аулына келе, үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп келіп, бір әредік толас болғанда ғана өз үйіме бір жұма, көп болса он күнге рұқсат алып келіп, артынан қайта барамын», – дейді Көкбай өз естелігінде.

Абай осы кездері өз өлеңдерін Көкбай атымен жариялап, таратып жүреді. Көкбайдың есімі Абай өлеңдері арқылы таныла бастайды. «Жаз», «Күлембайға» деген шығармалары К.Жанатайұлы есімімен «Дала уалаяты» газетінде жарияланды.

Өзге шәкірттеріне тақырып бергендей, Абай Көкбайға тарихи тақырыпты береді. Бұл жөнінде Әрхам былай дейді: «Абай өлеңді өзі ғана жазып, соған қанағаттанған ақын емес, сонымен бірге жаңа талапты жас, ақындық таланты барларды жиып, соларға ұстаздық жасаған. Мысалы: балалары Ақылбай, Мағауия және тәрбиесінде болған Көкбайларға тақырып, тапсырма беріп, оны өзі сынап баға беріп, түзу жолға сілтеп отырған сыншы». Абай өзінің шәкірттеріне тақырып бергенде кең ауқымды мәселелерді негіз етеді. Көкбайға қазақтың өткенін бейнелейтін тарихи жағдайларды, Шәкәрім мен Мағауияға ғашықтық салт жырды, Ақылбайға шығыс поэмаларының негізіндегі романтикалық поэма тақырыбын таңдап береді. Осылардың барлығы Абайдың нақтылы ұстаз болып, шәкірттерін баулап отырғандығын көрсетеді. Осы уақыт аралығында шәкіртіне Абай қалжыңмен екі-үш өлең арнайды. Дана ұстаздың дара шәкірті, інісіндей болған жақын досы Көкбай болғаны даусыз.

Көкбайдың адал достығы 1898 жылы Мұқыр сайлауында Оразбай, Әбен бастаған адамдардың Абайға қастандық жасаған кезінде де көрінеді. Абайдың Мұқыр оқиғасынан кейін 1900 жылы «Үкімет сенатына» жазған хатында өзіне ниеттес Уәйіс Сопыұлы, Қыдыралы Байысов, Ысқақ Солтабаевтармен бірге Көкбай Жанатайұлының есімі бар. Абайды қастандық әрекетінен сақтап қалған да осылар. «Көкбай Жанатаев Абайдың куәларының бірі. Сонымен бірге съезд болған жерге Абайға арнап үй тіккізіп, қошамет-құрмет көрсетуші де Көкбай».

Көкбай Жанатайұлы 1901 жылы Мұқыр болысына молда болып сайланады. «Семей облысы. Бұйрық №81.1901.10 сентябрь. Семей уезі Мұқыр болысына Көкбай Жанатайұлының молда сайлануы туралы бұйрық». Бұл бұйрық осы жылғы «Дала уалаятының газетінің» отызыншы қыркүйек күнгі санында жарияланған. Көкбай ұстазы Абайдың ақыл-кеңесімен, рұқсатымен 40 жасынан бастап Тақыр өзенінің бойындағы қорасының қасынан медресе салып, бала оқытуға кіріседі. Медресе алғаш ашылған жылдары оқушылардың саны өте көп болады. Көкбай медресесінде оқыған шәкірттердің естелігіне қарағанда алғашқы жылдары 200-300-дей оқушылар білім алған. Онда бір Көкше, не Тобықтының балалары ғана емес, Арғын, Найман, Керей, Уақ т.б. бірнеше ел-болыстардан да келіп оқыған.

Көкбай білім беруді, бойда бар ғылымды кейінгіге үйретуді мұсылманшылық парыз деп ұққан. Өзі дінді берік ұстап, халықты оқу-білімге, адамгершілікке, имандылыққа шақырған. Сахарада медресе ашып, елді имандылыққа шақырған, келешек жас ұрпаққа білім сәулесін таратқан Көкбай Жанатайұлының еңбегі ұшан-теңіз. Өз елінің ғана емес, өзге болыс елдерден білім іздеп, рухани шөлдеп келген шәкірттерден ақы алмай, тегін оқытуы Көкбай есімін жоғарылата береді.

 

                                   «Үй бердім баласына тамақ бердім,

                                   Ақы алмай, балаларына сабақ бердім»,-

 

дейді, ақын өз өлеңінде. Көкбайдың осы сөзін шәкірті, көптеген жылдар бойы білім беру саласында ұстаз жолын жалғастырған, «ҚазССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алған Үкіжан Қордабаев былай деп бекітеді: «Мен тоғыз жасымда Көкбай молдадан оқыдым. Көкең әділ, адамгершілігі мол, өз заманында оқымысты, прогресшіл, әдепті, Абайдан үлгі алған нағыз шәкірті деп толық есептеймін. Менің әкем кедей болды. Көкбай бір ата, менің әкем басқа атадан. Көкбай өз өлеңінде: «Үй бердім баласына тамақ бердім, ақы алмай балаларына сабақ бердім»,- деп жазады. Бұл анық және шындық. Интернат ашып, онда бай, кедей демей барлық балаларды бірдей ұстады және тамақтандырды, бұған мен өз басым көп мән беремін».

   Медреседе сабақ мұсылманша, яғни арабша және орыс тілінде жүргізілген.

  Көкбай шәкірттеріне араб тілін үйрету үшін «Араб тілінің қағидаларын» өлеңмен жазып шығады. Орыс тілін үйрету үшін Семейден үш орыс мұғалімін жалдап әкелген. Солардың бірі И.В.Тютиков. Новгород қаласынан шақырылған солдат. Әскери бөлімше Семей арқылы Новосибирскіге кетіп бара жатқанда Тютиков жасырынып қалып қояды. Оған кездескен Көкбай ақын оның оқыған, байсалды жігіт екенін байқап, өзімен келіседі де, оны аулына алып қайтады. Екі жылдай Көкбай медресесінде сабақ берген Тютиковты шәкірттері жол қаражатын, сыйлықтарын беріп құрметтеп қоштасады.

   Кейіннен медреседе мұсылманша оқуды халифелері жүргізсе, орыс тілін Көкбайдың өзі оқытыпты.                             

Көкбай медресесінде, өзі айтқандай Арғыннан, Найманнан, Керей мен Уақтан келіп, жатып оқитын болған. Медресенің ұзын көше бойындағы бір бөлмесінде бала оқытатын болса, екіншісі олардың жататын бөлмесі екен. Көкбай өз жұмысын үлкен құмарлықпен, қызығушылықпен атқарады. Ұстазы Абайдың өнегелі өсиетін іс жүзінде орындайды.

Ұстаздық жолды Көкбайдың шәкірттері де жалғастырады.

1916 жылы басталған дүрбелең заманның салқыны қазақ даласына көптеген әсерлерін тигізді. Ел ішінде алып-қашпа сөз, түрлі жорамалдар көбейеді. Заман ағысы қалай толқитынын білмеген халық болашақты түрліше түрлендіріп елестетті. Көкбай медресесінде жүздеп оқитын шәкірттер қатары сирей бастайды. 1917-1920 жылдарда оның медресесінде балалар саны азайып, кей жылдары сабақ өтілмей қалып жүреді. Бұған біріншіден, төңкерістер дәуірінің әсері болса, екіншіден, қалада жаңа оқу шығыпты деген сөздің зор ықпалы еді.

    1920 жылдардан ауырып-сырқай бастаған К.Жанатайұлы замана талабы сол болғандықтан, Кеңес өкіметінің саясатымен өзге жолмен оқытатын оқу әдісіне, жүйесіне қарсылығын білдірмей, өзінің қаншама жыл ұстаздық еткен, маңдайтері, адал еңбегімен салынған медіресесін 1921 жылы оны жаңа оқу жүйесімен оқытатын мұғалімге босатып береді. Онда 1928 жылға дейін мектеп болады.

Көкбай Жанатайұлы ел ортасында медресе ашып, ағартушылық іспен айналысуымен қатар, 1908 жылы елді дін жолында бекем ұстау үшін мұсылманға үлкен сауап болатын мешіт салдырады. Қазіргі кездегідей ғылым мен техниканың дамымаған уақытында қала үлгісімен биік мұнаралы мешіт салу оңай дүние емес. Оның құрылыс материалдарының бағасын айтпағанда, сонау Семейден Шыңғыстауға жеткізу де үлкен шаруа, зор бейнет. Осы іске ұйтқы болып, жақсы бастама, өнегелі жұмысқа негіз болған К.Жанатайұлына туыстары, ауылдастары, Семейдің кейбір байлары қолдарынан келгенше өз көмектерін беруге тырысады. Мысалға, тек ағаш құралдарды жеткізу үшін әр болыстан арнайы жіберілген көмек ретінде елу шақты ат-арба жұмыс істейді. Мешітті салу барысында әркім негізгі құрылыстарды бөліп алып, соған басшылық жасайды. Сайфутин деген татар қалау жағын басқарса, Нәби деген татар ағаш жұмыстарын басшылыққа алады. Бұларды Көкбай Семей қаласынан жалдап әкелген. Нәби жанұясымен келіп, медресенің бір үйінде тұрады. Сонымен қатар мешітті салуға тікелей қатысушылар сол кездегі ел аузына ілігіп жүрген ағаш-балта шеберлері: Берлібек, Мұхамеджан, Өкімбай дегендер еді.

     Мешіт Абай қайтыс болғанына төрт жыл болған кезде толық салынып бітеді. Мешіттің қабырғасы қаланған қызыл кірпіш, асты-үсті қаңылтыр, сары тақтай, биік етіп төбесін тақтаймен, көк қаңылтырмен шатырлаған. Одан жоғары мұнара орнатып, соның үстіне ай орнатқан. Сонда жерден сегіз метрдей болады. Мешіт алдында қолдан еккен үйеңкі, қара ағаш бар. Ал, сыртқы айналасын сегіз метрдей жерден қоршаған. Мұнда, қоршауды жиырма-отыз сантиметрдей  қырлы қашаған тастармен қалап, арасынан түзу қарағайдан үш күрке жасаған. Бұл тасты Тақырдың қабағынан жер астынан қазып алған еді. Бұл мешіт қазіргі аудан орталығы Қарауылдағы елге көрінетін» дейді Көкбай шәкірттері.

Жақын жердегі ауыл адамдары Көкбай мешітіне барып, намаз оқи бастайды. Көкбай туралы өз естелігінде әжем, Шәрбан Ботағазықызы аталарымыздың ауыл ақсақалдарымен бірге Көкбай мешітіне  жұма намазына жиі барып отыратын айтатын.

Аудан көлімінде 1928 жылы үлкен конфиске жүрген. Одан кейінгі колхоздастыру кезінде халықтың алдындағы күнкөріп отырған азын-аулақ малын тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып алады. Халықтың қиналысымен бірге Көкбай салдырған мешіт-медресе де күйзеліске ұшырай бастайды. Ең алдымен астық қоймасы болып, ақырында халықтың талан-таражысына түседі. Тоқсаныншы жылдарға мешіт-медресенің сыртқы төрт қабырғасы, оның жанындағы құлауға айналған, кірпіші су шайған ақын моласы жеткен еді.

Абайдың 150 жылдық тойының қарсаңында ауылдастары, ақын ұрпақтары, аруақ қадірлейтін халық Көкбай зиратын Маңғыстаудың ақ тасымен қайта қалап, Көкбай салған медресе жаңарып, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің Тақырдағы «К.Жанатайұлының мешіт-медіресе экспозициясы» болып 1997 жылдың он екінші қыркүйек күні ашылды. Қазіргі таңда Көкбай музейінде ақын турасында, оның төңірегіндегі шәкірттері, ақындар жайында көптеген деректер, суреттер қоры жинақталған.

Көкбай медресесінде ұстаз бола жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты сол кезде құрылып жатқан уездік земствоның мүшесі болады. Көкбай екінші сайлау округы, ал Шәкәрім Құдайбердіұлы бесінші округтен земство мүшесі болады.

К.Жанатайұлы ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ еліндегі ұлт азаттық қозғалысының басшысы, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановпен ертеден таныс болып, жақсы байланыста болады. Шәкәрім және басқа Абай шәкірттері әрдайым Ә.Бөкейхановты қолдап отырған.

Көкбай «Ә.Бөкейханұлына» атты өлеңінде Әлиханның жарқын бейнесі, адамгершілік тұлғасы кескінделген. Оның сөзі мен ісінің бір жерден шығатынын, тегіне тартқан ерлігі мен білімдарлығын, тектілігін жоғары бағалайды. «Анау бір Орынборда екі жігіт, сенен соң жұрт солардан қылады үміт» деп Орынборда «Қазақ» газетін шығарып жүрген А.Байтұрсынов пен М.Дулатовты өлеңге қосады. Осы үшеуі ел тарыққанда жол сілтейтін, елі үшін тәуекелге бел байлайтын қазақтың адал перзенттері екендігін, халықты түсінгендігін айтады.

Жиырмасыншы жылдары ақын ауырып, Мәскеу, Томск, Санкт-Петербург, Омбы сияқты қалаларға барып емделіп жүреді. Ауырғанына қарамастан 1924 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 20 жыл болуына орай өткен кешке қатысып, ұстазы жөнінде естелік әңгімесін айтады. Көкбай естелігінде Абайдың мінез көріністерінің ерекшеліктеріне тоқталу барысында, ақындық тұлғасы, келбеті, адамгершілік қасиеттері сияқты көптеген жайларды қамтыған. Абайдың кепілдікке алып, жолдастықтары басталғаннан бастап өзі көрген, байқаған, есіне сақтағандарын ешбір қоспасыз, шынайы баяндайды.

1925 жылы Мәскеуге емделуге бара жатқан сапарында дүниеден қайтады.

К.Жанатайұлы он бес жасынан айналасына өткір тілді, өжет, суырыпсалма ақын ретінде таныла бастайды. Шәкірттерінің ішінде Абайдың өлеңдеріне аты кірген жалғыз Көкбай болса, ұстазына ең көп жыр жолдарын арнаған тағы сол. «Семейге Абай келсе бізге думан», «Абайдан ұл тумағы болар ғайып», «Абайдан сабақ алдым бала жастан», «Жәннатта жаның болғыр Абай құтып» т.б. өлеңдері осы сөздің айғағы.

Көкбайдың «Дүтбайға», «Күлембайға» сияқты өлеңдері Абай үлгісіндегі сыншылдық қасиетті көрсетеді. Ол айналасындағы Дүтбай мен Күлембай сияқты болыс-билерді ұстазынша өткір сатирамен әйгілеп, өлеңмен түйрегені Абай дәстүріндегі ақын екенін көрсетеді.

Бірде ол елге сараңдығымен әйгілі болған Алдырахметті («Сараң байға»), билік үшін ырылдасқан шенқұмарлықты («Күлембай мен Дүтбайға»), үй ішіне қарамай таң атқаннан ел кезіп жүретін қыдырампаздықты, еңбексіз ат мініп, ас ішіп, пәлеқұмар, ашқарақ, қомағай, мешкейлікті («Тоғыз көк»), сауда үшін ар-иманын сатып күнкөретін алыпсатарлықты («Семей саудагерлері», «Ұсақ байларға») сынаса, енді бірде өсек десе ішкен асын жерге қояр, кесел іздеп жүретін ұрыншақтықты, оқу мен өнер-білімде жұмысы жоқ, сергелдең серілікті («Салдарға») тілге тиек етеді. Оспан, Базаралы, Әлихан Бөкейханов сияқты азаматтардың ізгі қасиеттерін, адамгершіліктерін мадақтаса, мақтаса, Оразбай, Баймұрындарды ащы әжуалап, келеке етіп, міндерін беттеріне басады.

Айналасындағы толып жатқан ұрлық-қарлық, қулық-сұмдық, алаяқтық ақынды толғандырмай қоймайды. Әділ, тура биліктің құны кетіп, шындық пен адалдықтың аяқ асты болуы, жуанның момынға істеген зорлығы, өктемдігі ақын өлеңдерінде кең көрініс тапқан. «Жақсылыққа», «Абыралы Сарытау», «Хафиз Қабылбековқа» деген өлеңдері осы бағытта туындаған.

   К.Жанатайұлының «Ұмсындыққа» деген өлеңі әйел бостандығы, қалыңмал мәселесіне, «Жаз болса жалқау қазақ жатушы едің» деп басталатын өлеңі еңбек тақырыбына арналған.

К.Жанатайұлының Әріп, Кемпірбай, Боранбай, Жүнісхан, Жидебай, Саржан, Міржақыптармен айтыс-қағыстары сақталған. Әсіресе нағашылы-жиенді Әріппен сөз сайыстары көбірек болып, кең тараған.

Көкбайдың «Абылай. Сабалақ», «Қандыжап» атты поэмалары,  «Ғаділ патша», «Арон Рашид» қиссалары көпке мәлім. «Абылай. Сабалақты» мезгілі, мазмұны кейіпкерлеріне қарай үш дәуірдің адамдары туралы жазылған, айқын жіктелетін үш бөлімін жеке поэма ретінде тануға болады. Алғашқы бөлімін  Абылай ханға арналған «Сабалақ» поэмасы десек, екінші бөлімі - Абылайдың бір топ нәсілдеріне арналған «Төрт төре» шығармасы. Ал үшіншісі - Наурызбай жайында жазылған «Наурызбай-Фатима» атты ғашық поэма. «Қандыжапта» да Абылайдың ерліктері баяндалған. «Құлынды» поэмасы қазіргі таңға дейін табылмай келеді.

Көкбайдың ақындық дарынына М.О.Әуезов «Көкбайдың ақындығы» атты еңбегінде, Қ.Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында, Б.Абылқасымұлы «ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары» атты ұжымдық монографияда жоғары баға берген. Көкбайдың алғашқы шығармалар жинағы біздің құрастырып, алғы сөзі мен түсініктемелерін жазуымен 2001 жылы жарық көрді. 2002 жылы «Шындықтан басқа жолға түсе алмаймын» атты  Көкбай Жанатайұлы хақында монографиямыз шықты. 2011 жылы «Фолиант» баспасынан ақын мұрасы жарық көріп, қалың елге тарап, кітапханаларға жеткізілді.

Көкбай Жанатайұлы атына Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында, Абай ауданында Қарауыл селосында көше берілген. Көкбай ауылындағы орта мектепке де ақын есімі берілген.

 

 

Жандос Әубәкір

«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының

директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar