USD443.85EUR474.3RUB4.8

Домбыраға қатысты тіркелген рекордтар мен қызық деректер

20 желтоқсан 2019, 17:32
Домбыра қай қазақтың болмасын жүрегіне жақын аспап. Себебі ол ата-бабадан қалған мұра, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени-эстетикалық туындыларымыздың жеткізушісі. Домбыра бар жерде қазақ халқының тiлi, өнерi, тарихы бiрге жүредi. Киелі аспапты қастерлеу, дәріптеу, түп тамырын ұмытпау әр қазақтың міндеті, осы орайда домбыраға қатысты қызықты деректерді ұсынамыз.
Домбыраға қатысты тіркелген рекордтар мен қызық деректер

Ең көп адам ойнаған күй

2010 жылы Қытайдағы Толы ауданы қазақтарының арқасында домбыра Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Бұл туралы ақпарат таратқан "Азаттық Радиосының" мәліметінше, 10450 домбырашы Дәулеткерейдің "Кеңес" күйін бірге орындап, рекорд жасаған. Жаппай орындауға дайындық екі жылға созылған. © chinanews.com Алдымен 160 адам ауданның шебер күйшілерінен тәлім алап, өз кезегінде олар басқаларға да үйреткен. Шыдамдылық пен ерен еңбектің арқасында Толы қазақтары діттеген мақсатына жетті. Гиннестің рекордтар кітабының өкілдерін таңғалдырып, рекорд орнатты.

Ең кішкентай домбыра

2012 жылы қытайлық қазақ Болатбек Кәрімханұлы әлемдегі ең кішкентай домбыраны жасап шықты. "Айқын" газетіндегі мәліметке қарағанда, домбыраның ұзындығы - 4,5 сантиметр, ені - 1,4 сантиметр, биіктігі - 1,2 сантиметр ғана болатын қос ішекті аспапты инемен шертіп, ойнауға болады. Дауысы дұрыс шығу үшін қа­ражиде ағашын алып, әрбір бөлшегін жеке жонып, бір-бі­рімен қиюластырып отырады. Сырт пі­шінін қазақы ою-өрнектерімен бе­зендіріп, әспеттей түседі. Тексерудің нәтижесінде домбыра барлық талапқа сай екені дәлелденіп, онымен толыққанды күй ойнауға болатыны айтылды. Нәтижесінде ол Гиннестің рекордтар кітабына енді. Болатбектің ендігі арманы - ең үлкен домбыраны жасап шығару.

Ең үлкен домбыра

Қытайдағы қандастарымыз әлемдегі ең үлкен домбыраны жасаған. ҚХР Құлжа ауданында тұратын ағайынды домбыра жасау шеберлері Бақытнұр мен інісі Бақыткелді Аренғазыұлы ұзындығы 7,5 метр, шанағының кеңдігі 1,8 метр келетін алып домбыраны жасап шыққан. Ағайындылар қазақтың домбырасын жасаудан Қытай еліне танымал азаматтар екен. Оларға "Қазақтың ұлттық мәдениетінің мұрагерлері" деген атақ та берілген. Алыс-жақынға танымал Абай және Жамбыл домбыраларын ойып жасаудың шеберлері "Қос домбыралы шаңырақ", "Қондырғылы домбыра" өнер туындылары Қытай мемлекетінің ең үздік туристік музыка кәдесыйы болып бағаланған. Бұл алып домбыра Қытайдағы қазақтар жиі қоныстанған Іле қазақ автономиялы облысының құрылғанына 60 жыл толуына орай дүниеге келген.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar