USD495.2EUR522.34RUB4.94

Қырбастың қызылы

20 желтоқсан 2019, 17:16
Қырбастың қызылы – желтоқсанның басында болатын алғашқы аяз. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде қыс ерте түсіп, шыңылтыр аяз бола бас¬тайды.
Қырбастың қызылы

Теке бұрқылдақ. Қазақ даласында желтоқсан айының қатты боран соғатын соңғы онкүндігінде киік текесінің маталу, яғни ұрғашысын қашыратын кезі. 2-3 күн ішінде маталу толық аяқталады. Сосын мамыр айының аяғында киіктер 2-3 күннің ішінде лақтап, төлдерін өргізеді. Желтоқсан айындағы бұл боранды қазақтар «теке бұрқылдақ» деп, ал кей өңірде «текенің бұрқағы» деп те атайды.

Күннің таласуы. Халықтың таным-түсінігі бойын­ша, қаңтардың алғашқы күнінде күн бой көте­реді, сол кезде ауа райы өзгеріп, қар жауады, сырғыма жүріп, боран болуы да мүмкін. Сырғыма деп, боранның әсерінен сусып, жылжыған қарды айтады.
Қыс шілдесі – қаңтардың соңғы күндеріндегі аяз. Бұл кезде қыс күшіне еніп, түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аяз болады. Қазақтар мұны «Қыс шілдесі» деп бейнелі түрде атаған. Халық есепшілері болса, Үркер мен Ай арасындағы бұрыш тіктөртбұрыш жасап орналасса, қыс шілдесі уақыты басталады деп есептеген.

Бөрі сырғақ. Ақпан айында ат құлағы көрінбейтін борандар соғады. Айдың соңындағы сырғақ пен қатты боранды күндері қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп, бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін атайды. Көпті көрген көнекөз қариялар қасқырлардың жұптасуына орай ақпанның соңғы сырғақ пен боранды күндерін «Бөрі сырғақ» деп атайды.

Алатаң қыс – қалың жауған қардан жер бетінің қарасы көрінбей сазарып жататын қыстың ұзақ түндері. Алатаң қыстан жылқы ғана күйлі шығуы. Басқа мал қатты қиналып, көп шығынға ұшырауы мүмкін.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar