USD495.2EUR522.34RUB4.94

«Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ…»

20 желтоқсан 2019, 17:16
Қыс – күзден кейін келетін, жылдың ең суық мезгілі. Күнтізбе жүйесі бойынша Желтоқсан, Қаңтар, Ақпан қыс айлары болып саналады.
«Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ…»

Қыста түн ұзақ, күн қысқа болып, Үркер жұлдызы көкке өрмелеп жоғары көтерілген сайын суыта түседі. Қыс мерзімін халқымыз өзінше бағалап, өз тұрғысынан сипаттап келеді. Осы тұста қыстың бейнесін тірі жанға балаған Ұлы Абайдың мына өлең шумақтары еріксіз тіл ұшына оралады:

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.

Бұл мезгілде болатын табиғи құбылыстардың бірін қалдырмай аса көркемдікпен суреттеген Жүсіпбек Аймауытовтың және Ілияс Жансүгіровтің төмендегі өлең жолдары қыстың қатал мінезін көз алдымызда жандандырып тұрғандай:

Жалп-жалп, жалп-жалп жауды қар.
Тон киіндік, тоңды мал.
Бұрқ-бұрқ, бұрқ-бұрқ боран бар,
Боран жоқта тұман бар.
Қызыл шұнақ қызыл бар.
Суда айна тас мүсін бар,
Қылаулатқан қырау бар.

(Жүсіпбек Аймауытов)

Қыс, қар, мұз, қырау, қылау – жерді көміп,
Бұлт бүркеп, тұман төніп, баса шөгіп,
Жер-көкті аяз бүріп, қызыл жалап,
Бұрқ-сарқ боран құсып, шашып, төгіп.
Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ,
Кейде еркек, кейде күрпік, кейде сырғақ,
Жер тарпып, аспанды аршып алтын күрек,
Сапырар сұрапылды кейде бір уақ.

(Ілияс Жансүгіров)

Әйтсе де, Еділ мен Алтайға дейін алып кеңістікте жатқан қазақ даласында қыстың түсуі әркелкі. Қазақстанның солтүстігі мен шығысына қыс күздің ортасында-ақ түссе, оңтүстігі мен батысына желтоқсан айының ішінде түседі. Халық есепшілері келер қыстың қандай болатынын, кейде басқа жыл мезгілдеріндегі ауа-райымен байланыстыра отырып болжайды. Мәселен, «Көктем ерте туса, қыс та ерте түседі»; «Жаз жауын-шашынды болса, қыс боранды болады»; «Жаз ыстық болса, қыс суық болады»; «Егер қоңыр күз тез өтсе, қатал қысты күтіңіз» және т.б.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:
Қырбастың қызылы
20 желтоқсан 2019, 17:16

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar