USD446.49EUR475.38RUB4.79

Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың назарына!

17 наурыз 2021, 14:22
Көпшілік «Құр» көпіріне алаңдап отыр Осыдан 8 жыл шамасы бұрын, 2013 жылдың наурыз айында Семей қаласында шаһар мен «Суықбастау» кентін жалғастыратын көпірді су тасқыны шайып кетті. Семей қаласындағы көпір құлады» деген жаңалықтар жұртшылықты дүр сілкіндерген еді.
Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың назарына!

  Оқиға орнында болған сол кездегі  қала әкімі Айбек Кәрімов қалалық тұрғынүй-коммуналды шаруашылық бөліміне зақымданған жол бөлігін тез арада жөндеу жөнінде тапсырма берген екен. Нәтижесінде көпір қалпына келтіріліп, қаламен байланыс қалпына келген. Алайда, бұл жағдай 2017 жылы қала әкімі Ермак Сәлімов болып тұрған кезде дәл сол наурыз айында тағы да қайталанғанын да ешкім ұмыта қойған жоқ.

   Ал, жылдағыдай биыл да қардың қалың түсуіне байланысты бұл екі ортаны жалғап тұрған, еңісте орналасқан көпірді тағы да су шаю қаупі төніп тұр. Мұндай  жағдай жергілікті тұрғындарға  өте қиын соғады. Себебі, қоғамдық көлік те, басқа көлік түрлері де не бергі бетке, не арғы бетке  өте алмай тұйықталып кімнің болсын, жүйкесіне салмақ түсетіні рас. Бұл жердің жұртшылығы қарасуықта, жердің тайғанақ уақытында бес аялдамадан астам жерді жаяу жүріп, қатты ағынды суды кешіп өтуге мәжбүр болған да кездері бар. 2013 жылы алғаш шайғанда маңында зиратты да қиратып, бұл жердің тұрғындары амалдың жоқтығынан шашылып қалған адам сүйектері мен сынған табыттардың жанынан өтіп жүргенне не дерсіз?!.

Бұл мәселеге байланысты кент тұрғындарының айтары жеткілікті.

 

Төрт жылда қайталанатын «дәстүр»

Көріп отырғандарыңыздай бұл көпір өте ыңғайсыз орналасқан. Яғни, жоғары көтеріліп емес, тасжолдың тура төменге түскен тұсында тұр. 2013 жылдан бері басталған проблема

бір қызығы төрт жыл уақыт аралығында қайталатын дәстүрлі үрдіс сияқты. Қар қалың жауып, көктемнің басталар уақытында еріп келген қар суы бұл көпірді екі  мәрте шайып өткен. Көпірдің екі жағы өзеннің ұзын терең жолы болып жатқасын аққан су ешқайда бұрылмастан тура осы көпірді басып өтеді. Нәтижесінде осы Суықбастаудың  халқы зардап шегеді. Жұмысқа баратын халық, сабаққа баратын бала-шаға, емханаға қаралып жүрген науқастар да еріксіз бірнеше шақырымды жаяу жүріп, арғы бетке өткенше бір сағаттан артық уақытымыз кетеді» – дейді Суықбастау кентінің тұрғыны Мұратбек Тәукебаев.

М. Тәукебаевтың айтуынша, қазіргі күнде көпір астындағы су өтетін тұсы бітеліп тұр. Нақтысы, көпір үстін жоғары көтеріп бекітпейінше, мәселе әлі де күрделі қалпында қала беретін жайы бар.

- 2013 жылы бұл көпірді шайып кеткеннің ертеңінде келіп, плиткаларды қойып, зақымданған бөлігін жамап, бірнеше күн жүрді. Сол уақытта көпірге дейін автобус жеткізді, бірақ опырылып жатқан жердегі арматуралары сорайып үстінен қорқынышпен өтіп жүрдік. Бір қате қадам жасап қалудан қорықтық. Ал, 2017 жылы көпірді зақымдамай қатты су ағыны осы көпірдің үстімен өтті.  Онда да анау жақтан осы көпірге дейін жаяу келуге мәжбүр болдық. Ағынды судың үстінен аттап-кешіп өттік, әйтеуір. Біз алаңдаулымыз, неге бұл проблеманың алды алынбайды, неге тура шайған уақытта келіп жөндеу жұмысы жүргізіледі? Биыл да қар қалың, ертеңдері тағы да осы көпірден өте алмай қаламыз. Осы проблеманың алды алынса дейміз» - дейді Гүлназира Бөлекбаева.

 - Бұл анау Абай ауданы жақтағы таулардан және Жарқын ауылындағы, жан-жақтан жол бойындағы қарларды ерітіп қатты ағынмен келетін су. Бөгет болмағандықтан, көпір ылдида тұрғандықтан әрине шайып өтеді. Осы көпірді жалпы көтеріп жасаса, немесе еріп келетін ағынды суға тосқауыл қойса нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ,тосқауыл қойылса, екі жақ шетінде орналасқан үйлерге де су кіріп кетуі мүмкін. Ең абзалы көпірді жоғары көтергені дұрыс деп ойлаймын, -дейді суықбастаулық тағы бір тұрғыны Касира Жабайханова.

  Қаланың қазіргі басшысы Нұрымбет Сақтағанов Семейдің шет аймағындағы тұрғындармен кездесіп жүргенінен хабардармыз.

Айжан Жұмағазықызы

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar