USD447.4EUR477.55RUB4.76

ҚАМЫ ҮШІН ҚАНЫН САТҚАНДАР...

28 шілде 2022, 16:11
Құбылмалы түлкідей бұлғаңдаған заманда адамды ойландыратын, мазалайтын сұрақ көп. Өз пайымдауымша, бүгінде біздің еліміздегі өзекті мәселелердің бірі «аралас неке», яғни өзге ұлт өкілдерінің қазақтың ұл-қыздарымен некеге тұруы. Кейде көшеде ұлты бөлек жат біреудің құшағында кетіп бара жатқан қазақтың үріп ауызға салғандай сылқым ару қызын көріп, жүрегіңе тас түскендей жиі соғып, ішкі дүниең алай-дүлей күйге еніп, санаңа ауыр оймен ине қадалғандай сезімге тап болатыным бар.
ҚАМЫ ҮШІН ҚАНЫН САТҚАНДАР...

Иә, бұл мына сайқымазақ қазіргі өмірде кездесіп жатқан құбылыс. Осы бір ушығып тұрған проблеманың себебіне зер салсақ. Аралас некенің артуының басты себебі – ұлттық рухтың әлсіздігі. Байлыққа, дүниеге, әдемі мамыражай өмірге деген  қызығушылық рухани қазынадан алыстатып барады біздерді бүгінгі таңда. Баюды, жеңіл, уайымсыз бақытты өмірді аңсаған кейбір жандар өз ұлтына менсінбей қарап, өзге ұлттың «жылтырағына» қызығып тұратындығы тайға таңба басқандай із қалдыруда.

Қазағымыздың аяулы қыздарын шетке ысырып қойып, өзге ұлттардың қыздарына көз салғаны былай тұрсын жар қылып алып жатқан жігіттеріміз де қаншама? Неліктен? Бұған не себеп? Не түрткі? Ондағы мақтамыз не? Аралас некенің қазақ ұлтының болашағына берері қандай? Міне, осындай сан сауал санаға маза бермейді ғой. Біреулер үшін бұл жай ғана қарапайым күнделікті жағдай тәрізді қалыпты дүние болуы мүмкін. Бірақ мен үшін, жалпы жаны қазақ әр азамат пен азаматша үшін бұл үлкен мәселе деп білемін.

Қазақстан статистика комитетінің дерегіне сүйенер болсақ, 2016 жылы елде 4860 қазақ жігіті басқа этнос өкілдерімен некеге тұрған. Ал, 4328 қазақ қызы өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шыққан. Ал, соңғы екі-үш жылда аралас некенің саны 20 мыңнан асқан көрінеді. Бұл жай ғана көрсеткіш сандар болғанымен, астарында талай дүние бар. Қан араласып, ұрпақтың алмасуын былай қойғанда, қазіргі бойдақ жастарымыздың да көбеюінің бірден-бір себебі осы деп ойлаймын.

Қыздарымыздың мұхит асып кетуі, жағдайдың жоқтығы мен көңілдің тоқтығы, жеке басын күйттеуі делік. Ал, шетелдік күйеубалаға не керек? Тамыры тереңде ме? Әлде менің күмәнім орынсыз ба? Кім білсін? Осы елде тұрақтап қалудың жайы мен амалын жасап жатқандай ма? Қалай?

Кейде ойлаймын, сүйдім-күйдім деп шетелдік азаматтардың етегін ұстап, шекара асып жатқан қаракөздеріміздің хал-жағдайы шынамен кинодағыдай ма деп. Алайда, үлкен мәселеге айналып тұрған бұл жайтты екі күннің бірінде естіп, ендігі қалыпты жағдай сияқты қарайтын хәлге жеттік шамасы. «Өлдім, біттім» дегендерге қарап, еміреңіп есіміз кетіп қуанбасақ та, мұсылман болса болды дейтіндей күйге әкелді.

Өзге ұлттан алған келін қазақша сөйлеп, орамал тағып, иіліп сәлем беруші ме еді? Өзге елге тұрмысқа шыққан қыз өз жұртын ойлаушы ма еді? Сонда айналып келгенде «Қазаққа» кімнің жаны ашиды? Өзіңіз сәл де болса ойлап қараңызшы бұл жайтты.

Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа деп – қазақстанның әр аймағындағы адамдар кейде түсінісе алмай жатады. Бір елдің ішінде осылай болса, шетелге не пайда? Тілі де, діні де, ділі де, салт–дәстүрі де мүлдем жат.

Төс қағысып, құйрық-бауыр жемесе, несіне құда деседі деген сөздің де астарына үңіліп жатқан ешкім жоқ. Кит кигізіп, салт жөн-жоралғы орындауды қоя бер, арыға бару арман болды. Дүкендегі сөреден зат алғандай, іліп әкетіп жатқандардың бағы бес елі. Күң болды ма? Әлде құн болды ма? Ойласам, тәрбиенің тал бесіктен екені миыма сақ ете қалатындай. Біз осы кімдерді тәрбиелеп жатырмыз? Миға да қонымсыз. Экран алдына шығып алып, өрімдей ұл-қыздарымыз өзіне өмірлік серік іздеп отырғаны тағы бар. Қой дейтін қожа, әй дейтін әже болмағанының кейпі бұл. Заманға жабамыз бәрін әкеліп, алайда адам солай, қоғам солай.

Шетелде білім алып жүрген қаракөздеріміздің  басым көпшілігі әртүрлі себептермен қайтып елге оралмайды, сол жақта тұрмысқа шығып, «өз бақыттарын» табады. Тағы бір өмірдің сорақысы, аралас некенің көбеюіне ғаламтордың, ұялы телефондардың, танысу агенттіктерінің ықпалы бір сөзбен айтқанда әлеуметтік желілердің де жалау болғанын жасыра алмаймыз. Көптеген қазақ қыздары бүгінде түрік, араб, әзірбайжан, дүнген, татармен отау құруға қарсылық танытпауда. Алайда, зерделеп қарасақ, мұның өзі қазақ халқына үлкен қауіп төндіреді. Себебі, демографиялық көрсеткішке көз жүгіртсек, арабтар әлемде 300 миллионға жуық, ал түріктер 80 миллион, әзірбайжандар 25 миллион, өзбектер 32 миллионды құрайды. Олар біздің текті, қаны бұзылмаған қазақтың қыздарын алғылары келеді. Соңғы деректерге сенсек, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары аз емес екен. Бейресми мәлімет бойынша 30 мың қытай азаматы қазақ қыздарын алып, Қазақстанда тұрып жатқан көрінеді. Осындай үрдіс жыл өткен сайын кең тарап барады. Әлгілерден дүниеге келген «жиендер» шешесі қанша қазақ болғанымен ешқашан қазақ бола алмайды, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен, мәдениетінен мақұрым болып өседі деуге де болады.

Отырсам ойға шомып, ойым намысты қозғайды. Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен танысуға рұқсат берілмейді. Арабтар өзге ұлтқа қыздарын тұрмысқа бермейді. Түрікменстанда жергілікті қызды алу үшін сол елдің азаматтығын қабылдап барып, сосын Үкіметке 150 мың АҚШ долларын салық қылып төлеуі керек. Ал, бізде ше? Су тегін...

Өтіп бара жатқандар өктемдігін көрсетіп, келе жатқандар кербезденген заман болды. Осы мемлекеттер сияқты заңды күшейтсек қана, төбемізге тас түскендей тәубемізге келерміз.

Несін жасырамыз, «Менің қызым ағылшынға тиіп, Лондонға кетті», «Менің қызым Германияда тұрып жатыр, күйеуі неміс», «Күйеубалам түрік» деп мақтанатын қазақтар шықты соңғы кезде. Ал, біле-білсек, бұл мақтанатын дүние емес, төніп тұрған қайғы-қасірет қой?! Бір сөзбен айтқанда сен оны өзгеге берген күні ол қызыңның «жаназасын» шығардың деген сөз. Бұл қатты, сүйекке батыра айтылған пікір болар. Алайда, шындық осы. Санасында саңылауы бар адамды терең ойға қалдыратыны анық. Өзгенің емес, өзіңнің топырағыңа жетер жер бар ма, сірә, өгейдің  есігіне телміргенше өз бесігіңді тербет қазақ қызы!

Әрине, адамның кімге үйленуі, болмаса кімді жар етіп алуы - әркімнің еркіндігіндегі шаруа болар. Алайда, аралас неке қазақты жоюдың ұтымды жолы өзге ұлт үшін. Ойланайықшы арулар мен бауырлар!

Адам баласы өмірде жар таңдау мен мамандық таңдаудан адаспаса керек-ті. Себебі, ертең үлкен үлгілі шаңырақ болып, өзгелерге үлгі болу үшін де алған жарың мен таңдап сүйген серігің сені түсіне білгені жөн. Сондықтан өз өміріміздің тек өз қолымызда екенін де естен шығармасақ етті.

Сымбат  Қайратқызы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar