Семей қаласында көптеген жаңа автобустар шықты дегенімен, қала ішінде көп жүре бермейді. Яғни, шыққан жаңа автобустар басында жақсы жүре бастаған, бірақ кейінгі кезде азайып, жолда талай сынып қалған автобустарды көрген болатынбыз. Мысал келтіретін болсам, бір автобусты қанша уақыт бойы тосып тұрасың, ал ол сынып жолда қалып кояды және бұл ескі емес жаңа автобус. Өзіңіз ойлап қараңызшы, сізге діттеген жерге жету үшін оның қызметі ауадай қажет. Осындай жайттардан соң адамдар оқуларына, жұмыстарына, жалпы айтқанда жету керек межелеріне уақытынан кешігіп жатады. Кейін ескі, ақырын жүретін автобустар қайтып жұмыс істей бастады. Бір жақсысы қазір «инфобус» сайты арқылы автобус қай жерде екенін қарауға болады. Бұл үшін халық дән риза. Себебі, үйден ерте шығып қойып күннің суығында немесе ыстығында сағаттап тұрғанша, инфобус арқылы автобустың бағытын қараған әлдеқайда тиімдірек. Бірақ бір өкініштісі ол үнемі дұрыс жұмыс жасай бермейді. Бірде автобус келе жатса, енді бірде жоқ болып кетеді. Көптеген адамдар осы мәселеге ескертулер жасаған болатын. Және де өздеріңіз байқап жүргендей, екі күннің бірінде осы қоғамдық көлікпен байланысты бір оқиға орын алып жатады. Оның ішіне қоғамдық көліктегі жанжалдар, ұрлық, жарақаттар тіпті қан қысымы жоғары, жасы үлкен кісілер мен денсаулығы нашар адамдардың ауаның жетіспеушілігі әсерінен талып қалуы жиі кездеседі. Мұның барлығы әрқайсымыздың көз алдымызда болып жатқан дүниелер.
Студент ретінде, қоғамдық көлікті қолдану мен үшін тиімді болып табылады. Дегенмен, қоғамдық көліктегі адам санының шамадан тыс болуы, мен үшін ғана емес өзгелер үшін де қиындықтар туғызатыны белгілі. Мысалы, түс кезінде қоғамдық көліктер қозғалысы бəсеңдейді. Бұл кезде олар базар маңы мен адамдар көп шоғырланатын жерлерді торуылдап, көп кідіреді. "Неге жүрмейсіздер?" – деп сұрасаңыз, "уақытқа байланысты" деген жауап естисіз. Сонда таңертеңгі қозғалыста уақыт жоқ па? Адамдарды ала қойдай тиеп алып, жоғары жылдамдықпен жүрген кезде адамдар бір-біріне соғылып, құлап жатса да жүргізушіге бәрібір. Сол себептен айғай шу болып, адамдар бірін-бірін жұлқылауға дейін барады. Ауыздарына алмайтын сөздерді айтып, сыйластықты ұмытып кетеді. Автобуста ұстайтын жерде болмай қалады, жерге болмаса адамдар бірінің үстіне бірі құлаған оқиғалар да орын алып жатады. Бұның барлығы адам санының көп болуына байланысты жоғарыда айтылып кеткендей ұрыс-керіс, егде жастағы адамдарға отыратын бос орын болмағаны үшін жастарға айтатын сөздері тағы да басқа жағдайлар орын алады. Осының барлығы дерлік көлік жүргізушісінің адам санына қарамай ақшаға қызығып, мөлшерден тыс адамдарды көлікке толтырып алуында. Адамдардың да үйге тез қайту мақсатында, тіпті кіретін орынның жоқтығына қарамастан, итерілісіп тұрып алуы тағы бар.
Ал енді “неліктен осындай жағдай орын алады” деген сұрақ пайда болады. Бір жағынан автобус саны аз. Теледидардан тамашалап отырған жаңалықтардан белгілі бір автопаркке 100 дана автобус сатып алынды деген хабарларды естіп, көріп жатамыз, соған қуанып қаламыз. Бірақ соның өзінде бұл мәселе шешіле қойған жоқ. Себебі, автобустардың жүру жиілігі, яғни уақыты 20-30 минутқа дейін барады. Әсіресе жұмыстан, сабақтан шыққан уақытта немесе таңертен автобустағы адам саны нормадан 2, одан аса 3 есе көп болады. Тіпті сенбі, жексенбі күндері автобус таба алмай жатамыз, басқа күндерге қарағанда демалыс күні мүлдем автобус саны азайып кетеді. Сол күні тұрғындар базарға не жақынына қонаққа баратын болар. Айналып кеп сол баяғы бес бағыттағы жаңа автобустарды ғана көреміз. Осы орайда кәсіпкерлер халыққа сапалы қызмет етуді ұмытпаса керек-ті.
Түйін. Қорытындыға келетін болсам, егер де автобустар арасындағы жүру жиілігін катаң сақтап, автобус санын көбейтсе қоғамдық көлік мәселесін біраз болсын шешуге болатынына сенімдімін.
Назым Нұрымбекова