USD443.35EUR475.54RUB4.82

Адасқан аудармалар

27 қаңтар 2023, 14:35
Қазіргі қоғамды әлеуметтік желілерсіз елестету мүмкін болмай бара жатыр. Оны барша адамзат баласы да біледі. Алайда, сол әлеуметтік желілерде ақпаратты жылдам жеткізеді дегені болмаса кәдімгі теледидардан берілетін жаңалықтармен пара пар. Тек айта кететін біраз қателіктері болмаса.
Адасқан аудармалар

Айтайын дегенім біз алғашқы ақпаратты қалай көріп оқимыз, солай қабылдаймыз. Ал, содан кейінгі шыққан ақпараттармен салыстырып қарау не болмаса қай ақпарат шын қайсысы жалған деп еш уақытта талқыламаймыз. Мұны жазбай кетуге болмас деп мен де осы инстаграмм желісінен көрген бірер дүниені түртіп қойған едім. Басты тақырып мынада. Әңгіменің басын әріректен бастасақ сол баяғы қатеге толы аудармалар жайында. Әлеуметтік желі өз алдына, онда отыратын қаншама оқырман қауымы бар. Және қанша адам бар болса, соншалықты пікірдің де болатыны заңдылық қой. Талай БАҚ өкілдерінің жазып, жауыр болған тақырыптарының бірі де осы аудармалар жөнінде емес пе. Нәтиже қайда?

Әлеуметтік желілерді қай уақытта ашып қарасаңыз да жалтыраған жарнамалардан көз ашпайсыз. Оның бірі пайдаға жараса, енді бірі тіпті қарауға да тұрмайды. ХХІ ғасырдың алаяқтары деп те атауға болады кейде осы желілерді. Неге дейсіз бе? Себебі, осы әлеуметтік желілерді қараған әр он адамның жоқ дегенде 3-4 адамы осындағы жарнамаларға сеніп, қалталарындағы соңғы тиыны қалғанша ұтысқа қатысуға құмар болып тұрады. Оның себебі де жасырын емес, аяқасты оңай олжаға кенеле қалсам деген арзан ой ғана санадағы. Және сол жарнамалардағы «әріп» деп ерекшелеп алмасақ та, сөз қатесі деген дүние ескеріліп те жатқан жоқ. Мұның бәрін қойшы, айтылған сөз сөз күйінде қалып қояды. Себебі, елеп-ескере қоятын құлақ қайдан болсын. Әркімге өз саудасын жүргізіп, жұмысын алға бастырса болғаны емес пе қазіргі күнде.

Қателерді былай қойғанда алдамшы аудармалардың жайына келсеңіз де осы. Тіпті, суреттер мен дәлелдемесін де келтіріп қойдым. Бұл біз көріп қалған санаулы ғана аудармалардың бірі, біз көрмегеніміз қаншама. Сонда қазақ жерінде тұрып, суын ішіп, асын жеп жатсақ та қазақ тіліндегі аудармаға келгенде біз неге ақсап қаламыз осы? Кейде, тіпті мынадай ой келеді маған. Жоғары оқу орындарындағы оқытылып жатқан аудармашы мамандығы не үйретеді осы студенттер қауымына деген. Шындық қой бұл. Аудармашы деген бір ауыз сөздің астарында қанша мағына мен мән жатыр. Ол тек қана орыс не болмаса, ағылшын тілдеріне қазақша сөздерді аударумен шектелмейтін шығар. Қазақша сөзді орыс және ағылшын тілдеріне аударған адамға сол сөздің қазақша мағынасын да түсініп алған  жөн емес пе?!.

Расымен де қоғамдық орындарда жазулы тұратын, кейде тіпті әспеттеп төрге іліп қоятын сөздердің басым бөлігі төте аударылып жазылған. Қанша қазақ сол жерге барып, көзбен көріп тұрса да ауыз ашпайды. Себебі, оған бас қатырғысы да келмейді. Кейде тіпті өз тілін өзі келемеждегендей болып, мысқылдап күліп те алады. Қайтеміз саналы деген ұрпақтың санасы осыған ғана жетіп тұрса. Мен салып отырған мына аудармалар да сол әлеуметтік желі арқылы көргендерім. Мұны меннен де басқа жүздеген тіпті мыңдаған адам көріп отыр. Тіпті, сол суреттің астына пікір қалдырғандар арасында да күлкіге қарық болып отырған өзіміздің қандастарымыз. Бұл күлетін емес, шындығында масқара дүние. «Шешіндірме», «Себелек» деген сөздердің мағынасын түсіндіріп бере алатын жан бар ма? Жоқ. Себебі, бұл аудармалардың өзі төте аударылған. Ал, қалғандарын тіпті де айтуға ауыз бармас.

Әлеуметтік желідегілері өз алдына, көше бойында ілулі тұратын үлкен жарнамаларды айтсаңызшы. Басқасы басқа қала көлемінде де мұндай жарнамалардың анығын айтқанда адасқан аудармалардың сан мыңдаған түрі кездеседі. Көрсек те көрмегендей болып жүре берудің өзі ұятты нәрсе. Алайда, бір-екі адамның айтқанымен үдеп тұрған мәселе шешімін таба қоймас. Менің жеке тұлғалық ойым бойынша кеше ғана заңға енгізіліп жатқан «қоғамдық орындарда бейәдеп» сөз айтылса айыппұл төлеп, болмаса қамауға алынады деген тармақты осы аудармаларды жасап отыратын адамдарға да қолданған дұрыс сияқты. Өйткені, басқаша амалды көріп те тұрған жоқпын. Бір емес, бірнеше рет ескерту алғанның өзінде нәтиже жоқ. Тіпті, үлкен компаниялар мен тауар өндірушілердің өзі әр сөздің аудармасын ыңғайына қарай қолданып, тайға таңба басқандай етіп жапсыра салатынды шығарған. Оларға да бір қатал заң жобасының керегі анық-ақ.

Заң бар жерде, талап қойылған жерде барлығы да тәртіпке бағынады деп білемін. Сондықтан, әрқайсымыз өз-өзімізден бастап, көрген қатені уақытылы түзетіп, не болмаса қажетті тұлғаларға ескерту айтып өтуіміз керек деп ойлаймын. Осы орайда қала тұрғындарына да адасқан аудармалар жайлы сұрақтарымызды қойып, жауабын алған едік:

- Иә, расымен де мен күнделікті жұмысыма байланысты (такси жүргізушісі) болғандықтан түрлі көшелермен жүріп өтемін. Сол сәтте көптеген сауда үйлерінің, дүкендердің, тіпті машина бөлшектерін жөндеумен айналысатын орындардың жазып қойған хабарландыруларын жиі көремін. Қала тұрғындары орыс, қазағы аралас болғандықтан деп ойлаймын көп жерде екі тілде жазылған жарнамалар көп. Анығын айтсақ, аудармалар дегеніміз дұрыс болар. Орыс тілінен тікелей аударған аудармалардың мән-мағынасын түсінудің өзі қиын. Соған қарамастан тайға таңба басқандай қылып іліп қоятынын қайтерсіз,- дейді қала тұрғыны Мұратхан Абаев.

Шынымен де сөзінің жаны бар. Аударма дегеніміз бергі жағында қалып қояр. Бұл нағыз сауатсыздықтың сипаты дерсіз. Тіпті, үй жағдайында отырып-ақ сан мыңдаған қате аудармаларға куә боламыз. Дүкеннен әкелінген азық-түліктің де сыртқы қораптарына мән беріп қарасаңыз осындай келеңсіздіктерге тап боласыз. Ол жерлерде қазақша білетін адам жоқ деп айтудың өзі ұят болар. Себебі, ірі кәсіпорындар мен фирмаларда мұндай жазбалар үшін жауапты маманның болатыны да шындық. Демек, аударманы адастырып отырған да өзіміз емес пе.

- Біз дүкеннен тауар алғанда көп жағдайда жарамдылық мерзімі мен сапасына мән беріп қарап оқып жатамыз. Сонда кейбір заттардың сыртындағы 4-5 жолдан тұратын сөздердің аудармасына назар салсаңыз қатеден көз ашпайсыз. Анығын айтқанда қазақша аударылған мағынасын түсінбегендіктен, орысша нұсқасын оқуға тура келеді. Кейде ойлаймын осы жазбаларды аудару барысында бір емес, бірнеше адам болса, солардың біреуінің де қазақша сөздің баламасын білмегені ме деп. Расымен де осындай қате аударылған сөздер мен жазбалар үшін соған жауапты адамдарды жазаға тарту да керек шығар. Сонда барлығына бірдей сабақ болар ма еді,- дейді Гүлбаршын Ахметжанқызы.

Біз мәселені қарастырып, жазбаша жаздық. Енді осыдан бүкіл ел болып болмаса да қала тұрғындары соның ішінде кәсіпкерліктер, жарнаманы жасаушылар, және ең маңыздысы осы аудармаларды аударатын мамандар нәтиже шығарса дейміз. Қазақ болғаннан кейін қазақша сөздердің мағынасын түсінбей түсініксіз аудармалар жазу ең алдымен бізге сын.

Гүлім ЗАМАНБЕКҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar