USD448.15EUR483.46RUB4.86

Бүгінгі күннің батырлары

03 мамыр 2023, 12:27
Төтенше жағдайлар қызметінде еңбек ету батылдықты талап ететіні анық. Тұрғындар өміріне араша түсу үшін аяғынан тік тұрып, басын қатерге тігетін құтқарушылар мақтауға лайық. Қостанай облысында орын алған алапат өртті сөндіру үшін төтеншеліктер күні-түні аянбай еңбек етті. Оған дейін болған қаншама оқыс оқиғаның ортасынан табылып, көрсеткен ерліктері бір төбе. Жалпы, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құрылымдар 1 миллион 545 мың мәрте төтенше жағдай мен өрттің алдын алған. 401 мың адам құтқарылып, төтенше жағдай аймағынан 366 мыңға жуық азамат эвакуацияланған.
Бүгінгі күннің батырлары

Құтқарушыларды бүгінгі күннің батырлары десек артық айтқанымыз емес. Әрине, адам өмірін сақтау үшін жүйелі дайындық қажет. Қызметкер әмбебап болып, жүргізушінің, өрт сөндірушінің, дәрігердің, сүңгуірдің міндетін атқаруға дайын болуы керек.

Салада қандай жаңашылдық бар? Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков айтып берді.

 – Құтқарушы мамандығы әлемдегі ең қауіптілердің бірі болып саналады. Олар кез келген оқыс оқиғада өз өмірін қатерге тігіп, міндетін мінсіз орындауға тырысады. Жалпы, біздің құрылымда өрт сөндіруші және құтқарушылармен қатар, дәрігерлер, психологтер, әскери қызметкерлер, ұшқыштар, инспекторлар, бақылау және қадағалау қызметі сияқты көптеген мамандық иелері бар. Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінде жалпы саны 26 мың қызметкер еңбек етеді.

Елімізде азаматтық қорғаныс күштері офицерлерін даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Көкшетау қала­сындағы Мәлік Ғабдуллин атын­дағы Азаматтық қорғау академиясы. Аза­маттық қорғаныс органдарына кәмелетке толған кез келген Қазақ­стан азаматы қабылдана алады. 35 жастан асқандар қабылданбайды. Бұл саланы таңдайтындар өзіне сенімді, жауапкершілігі мол, кез келген жағдайда батыл іс-әрекет ететін, адамгершілік қасиеттері мол жандар екенін өмір өзі дәлелдеп берді. Құтқарушыларға қойылатын талап өте жоғары. Олар қауіпсіздік ережелерін сақтай отыра, құтқару құралдарымен биіктікте де еркін қимылдап, алғашқы медициналық көмек көрсетуге әзір болуға тиіс. Физи­калық және психо­логиялық жүк­темеге төзе білуге тиіс. Олардың әр қимылы адамның тағдырын шешетінін естен шығармаған жөн. Өкінішке қарай, кейде адамдар көз алдында жан тапсырып жатады. Мұндай ауыртпалықты да көтеру оңай емес, – дейді Марат Күлдіков.

Жыл сайын елімізде 14 мыңға жуық төтенше жағдайлар тіркелетін көрінеді. Оқыс оқиғалардың саны азайып келе жатқанымен, табиғи апаттар (геометеорологиялық және геологиялық құбылыстар, табиғи өрт) саны артып келеді. Әрине, оқыс оқиғалардың санын бірден азайту мүмкін емес. Десе де төтеншеліктер жағымсыз жағдайлардың санын азайтумен қатар, көлемін, салдарын қысқартуды естен шығармаған емес. Бұл – экономикалық тұрғыдан шығын мөлшерін азайтуға жол ашпақ.

Соңғы жылдары салада цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс­тар қолға алынған. Төтенше жағ­дайлар министрлігінің аумақтық құрылымдары өрт пен су тасқынының алдын алу үшін ғарыштық бақы­лау жүйесін қолданып жатыр. Cell Broadcast және MassAlert сервистері арқылы қанатқақты жобалар қолға алынып, хабарламаларды ұялы телефонға 3-6 секунд ішінде жіберуге мүмкіндік туды. Цифрлық технологиялар арқылы судағы төтенше жағдайларды ескертуге мүмкіндік бар. Мысалы, Ақтөбе облысында FSM Expert бағдарламасы іске қосылып, демалыс орындардағы және су тоғандарындағы жағдайды бақылау жеңілдей түскен.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar