USD448.15EUR483.46RUB4.86

КСРО құлағандай дағдарыс күтіп тұр

24 маусым 2020, 14:16
БҰҰ кедей елдерді аштықтан құтқаруға шақырып отыр. Аталмыш ұйымның мәлімдеуінше, қазіргі жағдайда кедей мемлекеттерге көмектеспейтін болсақ, онда бүкіл әлемді қақтығыстар, аштық пен жоқшылық күтіп тұр. Осыған орай, БҰҰ халықаралық ұйымдарды дамуы артта қалған елдерге 6,7 млрд доллар бөлуге шақырды. Бұл ретте БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Локок: «Коронавирус пандемиясы барлығымыз үшін сынақ. Әлемдегі кедей елдер, дамушы елдер өте қиын жағдайларда қалып отыр. Қазірдің өзінде олардың экономикасына түсетін қаражаттары қысқарды, қаншама адам жұмыссыз қалды, өндіріс орындарының жұмысы тұралады. Мұның арты аштыққа, жоқшылыққа апарып соқтырады», – деді. Осылайша әлем елдеріне ашықпаудың тетігін қарастыруға қатысты үлкен қоңырау соғылды.
КСРО құлағандай дағдарыс күтіп тұр

                        Шырмауды үзудің жолы

Біздің отандық сарапшылар да «Қазақстан Кеңес Одағы құлаған кездегідей дағдарысты бастан кешуі мүмкін» екенін қатты ескерте бастады. Сарапшылардың пайымдауынша, биыл 1998 жылдан бері алғаш рет ЖІӨ өсудің орнына төмендейді. Халықаралық валюта қоры Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2020 жылы -2,5 пайыз болады деп жорамалдайды.  Ал 2019 жылы ол 4,5 пайызға өскен болатын.  Қазір дүниежүзінде мұнайға деген сұраныс тәулігіне 9,3 млн баррельге дейін азайды. Бір ғана сәуір айында мұнайға сұраныс тәулігіне 29 млн баррельге дейін төмендеді.  Коронавирустың кесірі және мұнай бағасының төмендеуі отандық экономикаға қатты күш салып тұр. Тығырықтан шығу үшін біздің мемлекет Ұлттық қордың 20 пайызына қол салды.  Бұған шетелден алынатын қарызды қоссақ, расымен де, алда үлкен ауыртпалық күтіп тұрғанын аңғарамыз. Ал енді мұндай тоқырауда экономикамызды не құтқарады? Қандай салаға басымдық беру қажет?

  Сала мамандары бұл тығырықтан бізді ашықтырмай, алып шығатын ауыл шаруашылығы екенін алға тартып отыр. Дегенмен  соңғы кезде осы саланың қатты қожырап тұрғаны көңілді алаңдатпай қоймайды. Мемлекетімізде ең көлемді ауыл шаруашылығы жері және мал өсіруге ыңғайлы орта бола тұра, біз ауыл шаруашылығының бабын келістіре алмай-ақ қойдық. Агроөнім өндіруде ісіміз алға басып, аса бір оза шауып кеткен тұсымыз да көрінбейді. Осыған орай, еліміздегі маркетингтік талдау және зерттеу орталығының мамандары қазақтың тұтынып жүрген қарапайым  ас-ауқатының сапасына сараптама жасапты. Аталмыш орталық мамандары арнайы зерттеу барысында  «Қазақстан халқы ауылшаруашылық өнімдерін тұтынып жүрген жоқ, ұтылып жүр» деген қорытындыға келген.  

                    Өзбек пен қырғыз бізден оза бастады

  Аталмыш орталықтың экономист-сарапшысы Жанарыс Анарбектің айтуынша, ТМД елдерімен салыстырар болсақ, іргеміздегі өзбек ағайындардың өзі былтыр қазақтардан етті көбірек тұтыныпты. Сол тәрізді қырғыздар да құрт, қатық, айран, сүт дегенді біздің елден көбірек тұтынған. Тәжіктердің де азық-түлік себетінде агроөнімдер біздікіне қарағанда молырақ. ТМД елдері арасында соңғы үш жылда Өзбекстанда жан басына шаққанда халық 120 келідей ет тұтынған. Ал біздің Қазақстан халқы бір жылда шамамен әр адамға шаққанда 72 келі етті місе тұтыпты. Сол сияқты қырғыздарда да бір адам ай сайын 20  литрдей сүт тұтынса, бізде бұл көрсеткіш – 9-11 литр. Тіпті халық арасында мүлде сүт тұтынбайтын, ет сатып алуды әлеуметтік жағдайы көтермейтін отбасылар көбірек кездесетін болған.

 Еуропа елдерінде азық-түлік  себетіне енетін агроөнімдердің құрамы 250-300 түрлі өнімге жетеді. Ал бізді олармен тіпті салыстыруға да келмейді. Шындығын айтқанда, біздің үкімет халықты жаппай диетаға отырғызып қойды.  Қазір не еңбекақысын ала алмай, алған күнде оны қайда жеткізерін білмей, ашқұрсақ жүрген қауымның қарасы жетерлік. Міне, мамандар «осындай жағдайдан, шындап келгенде, бізді ауыл ғана құтқарады» деп отыр. «Рас, алда тоқырау келе жатыр. КСРО құлағандай дағдарыс күтіп тұр. Бізде жер, егістік бар,  болашақта ауыл шаруашылығын дамытуға, агроөнімдерді өндіруге, мал басын өсіруге қатысты  оң өзгерістер енгізу қажет», – дейді Жанарыс Анарбек.

                       Тарықтырмаудың  төте жолы

 Жалпы, БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемде 795 млн адам немесе әрбір сегізінші адам аштық жағдайда өмір сүруде. 1,2 млрд адам ашқұрсақ болуда, аштықтан күніне 10 мың бала және 25 мың ересек адам көз жұмуда. Аштықтың жаңа түрі – бұл дамушы елдердегі адамдардың ашығып жүруі, яғни тәулігіне 2400-2500 килокалорий (ккал) орнына бар болғаны 1000-1800 ккал болатын тамақ жеу. Мұндай адам саны әлемде 2 млрд екен. Осы жерде айта кетейік, Беларусь елінде физиологиялық норма әр топты, яғни жастар мен егде адамдарды айыра отырып, олардың тағам тұтыну мөлшерін келі және килокалориймен белгілеген. Бұған қатысты экономист-ғалым Атамұрат Шәменов былай дейді: «Қазақстанда жаңадан бекітілген ондай норма жоқ. Әлемде өзін азық-түлікпен 100 пайыз қамтамасыз еткен тек жеті мемлекет, 70-80 пайызбен қамтыған 75 мемлекет болса, 50-60 пайызбен 1 млрд тұрғынын 50 мемлекет қана қамтамасыз етеді. Есептейтін болсақ, 1990 жылдан бері Жер шарында адам саны 1,9 миллиардқа көбейіп отыр,  Яғни тамаққа деген сұраныс күшеюде. Сондықтан тамақпен қамтамасыз ету – бұл мемлекеттің өз халқы алдындағы парызы ғана емес, бұл дегеніңіз – ұшы-қиырсыз сұраныс, ешқашан таусылмайтын нарық. Қазақстан келешекте азық-түлік тұтынуға сауатты қарауы керек. Осы мақсатта түрлі сауатты ауыл шаруашылығы жобаларын қолға алу керек», – дейді Атамұрат Шәменов.  

Мамандар халықты азықтан тарықтырмаудың ең төте жолы ауыл шаруашылығы саласы екенін баса айтып отыр. Еліміз, негізінен, аграрлы мемлекет екенін біздің билік те жақсы біледі. Бірақ ауыл шаруашылығы аясында шағын кластерлер құру, ауыл-аудан көлемінде оны жасақтау, агроөнімді өндіруді ең соңғы дайын өнімге дейін жеткізу ісі елде қашан алға басары белгісіз.

                         Министрлер ұсынысты ұға ма?

 Ауыл шаруашылығының аяқ алысына қатысты ұлттық экономика министрлігі мен ауыл шаруашылығы министрлігіне үлкен сын айтылып жүр. Кластерлер арқылы экономиканың ауыр жүгін жеңілдетуге болатыны жайлы  ұсыныс та айтылуда. Тіпті заңгерлер тарапынан «ол кластерлерді заңдық ұйымдастыру тіптен қиын емес. Ол үшін  Азаматтық кодекске сәйкес, ассоциация, өндірістік кооператив, ЖШС т.б. шағын орындар құрып, оны «ҚазАгро» холдингі арқылы қаржыландыру керек. Мұндай жүйені жасақтау мемлекеттік тапсырыс беру, қаржыландыру  және несиелендіру ауыл шаруашылығындағы  шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің  бірігуіне жол ашатын еді» деген де пікірлер бар.  Бірақ бізде мұндай ұсыныстарға  аса мән берілмейді. Билік өнімді тек шетелге экспорттауды ғана жолға қоя алды.

 Ал бүгінде шикізатқа байланған экономиканың шыңға шығармайтынына көзіміз әбден жетті. Қазір ауыл шаруашылығын дамытуға қабілетті елдің дені агросаясатын жөндеп жатқан тұс. Бізде, керісінше, қарапайым  ауыл тұрғындары түсінетін агросаясат жоқ. Рас, үкіметте бір-бірінен туындап жатқан бағдарламалар көп. Бір министр келіп бір бағытты айтады, екіншісі басқа бағытқа сүйрейді. Ал ауыл қауымы сол бағдарламалардың қызығын көрмек түгіл, келесісіне ауысқанша бағдарламаларды ұғынып та үлгермейді. Мысалы, бір ғана  «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жайылымдық мал шаруашылығын өркендету, мал суару үшін республика бойынша 4000 құдық қазу, ветеринарияны дамыту, ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктіру дейсіз бе – толып жатқан бағыттарға бет алғанбыз. Бірақ қазір осы бағдарламалардың нәтижесі қайда?! Қазылған 4000 құдық, жайнаған агробизнес, біріккен кооператив көрсек, қанекей?! Ауылдағы ағайын әлі сол әлеуметтік жағдайын түзей алмай, әупірімдеп отыр. Егер біздегі ысқырығы жер жарып басталатын бағдарламалардың бақылауы қатаң болғанда, мұндай  келеңсіздіктер орын алмас еді. Бақылаудың жоқтығының соңы тоқырауға апаратынын біздің биліктің әлі ұқпай келе жатқаны өкінішті.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

«Жас Алаш»

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar