БЖЗҚ-ның мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимылының арқасында қызметтердің бір бөлігі автоматты режимде көрсетіледі. Операциялардың шамамен 23% (немесе 3,4 млн) жыл басынан бері осындай форматта іске асырылды. Өткен 7 ай ішінде алғашқы зейнетақы жарнасы түскен кезде автоматты түрде 191,3 мыңнан астам жеке зейнетақы шоты ашылды. Бұдан басқа, автоматты режимде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы зейнет жасына толуға байланысты төлемге өтініштер (жыл басынан бері 58 мыңнан астам) өңделді. Тұрғын үй және емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға өтініштер уәкілетті операторлардан автоматты түрде келіп түседі (7 айда 116,8 мың).
Сонымен қатар, отандастарымыз 774 107 рет қолданған жүзбе-жүз форматта қызмет алу да өзектілігін жоғалтпады. БЖЗҚ кеңселерінде 675,8 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Қор мамандарының мобильді топтары барып қызмет көрсету барысында тағы 93,5 мың операцияны іске асырып, 4,7 мыңнан астам зейнетақы қызметі "Қазпошта"АҚ бөлімшелері арқылы ұсынылды.
Қордың ең танымал қызметі әлі де жеке зейнетақы шотынан (ЖЗШ) үзінді көшірме алу болып қала береді. Жыл басынан бері салымшылар мен алушылар ЖЗШ-ның жай-күйі туралы ақпарат алу үшін 13,6 млн-нан астам рет жүгінген. Бұл барлық жүргізілген операциялардың 92% құрайды. Үзінді көшірме алудың таңдаулы тәсілі – БЖЗҚ салымшылары белсенді түрде қолдана бастаған электрондық формат. Жыл басынан бері салымшылар 105,2 мың рет хабарлау тәсілін өзгерту туралы өтінішпен жүгінген.
БЖЗҚ қызметі БАҚ өкілдерінің де назарынан тыс қалған емес. Өткен кезең ішінде (ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан 31 шілдесіне дейін) Қор хабарламалары негізінде түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ туралы 26 мыңға жуық жарияланым жарық көрді.
Кері байланыс арналары бойынша 427 мыңға жуық өтініш қаралды.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер арқылы, атап кетсек, (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsApp және Viber-дегі чат-бот, 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығы (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайты, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларында алуға болады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).