Біз шанышар
Ертеректе қазақтарда қонақтарын ақы алмай күткен, ол үшін арнайы жатын үйлерін, ас дайындайтын асханасын, күтушілерді, тіпті көлігіне дейін алдын ала сайлап қоятын болған. Қонақтың жағдайын жасап, дұрыс күте алмаса сөгіс естіп, тіпті ондайда айыпқа дейін салатын болған. Мәселен, табаққа салынған еттің ақ тамыры не қол еттің безі алынбай қонағына тартылса, айыбын қоса төлеген.
Осы көп тегін тамақтың бірі – түстік ас. Қазақ түскі асын жаз кезінде таяқтың көлеңкесі жоғалып, күн шаңырақтың үстінен түскен кезде ішкен. Осы уақытқа тап келгендер үй иелерімен бірге отырып, шайын ішіп, тамағын жеген соң аттанып кетеді. Көбіне қона бермейді.
Ал "біз шаншуға" келгендер ешкіммен сөйлеспей, аттарының ер тоқымын бір жерге жинап, түскі астан соң да кетпей қояды. Үй иесі қонаққа арнап мал сояды. Қонған адам ертесіне сиыр түсте үн-түнсіз атттанып кетеді. Әдетте мұндайда шалдар келеді. Қонақ кеткен соң үйдегілер бар гәпті түсіне қойып, дереу сырмақ қағады. Қайрағын іздейді. Содан сырмаққа шаншылған бізді көріп, қайрақтың жоғалғанын біледі.
Бұл – "Ұл ержетті, қыз бойжетті. Қосқұлақ бала бізде де бар. Қас сұлу сізде бар. Жекжат болайық" дегені. Егер қызы бар үй қайрақты сұрамаса, әлгі қонақ болып кеткен шалдар келіп құда түседі.
Жалпы қайрақ – ұлдар қолданатын сайман. Ал ине – қыздардыкі. Қайрақ қайырымға керек, инесі кестеге, киім-кешекке керек. Шалдардың сырмаққа біз шаншуы – бізде бір ұл бар, осы шаңыраққа ұл болса дегенді тұспалдап білдіруі. Ал қайрақты алып кетуі – құда болайық дегені, – дейді Дандай Ысқақ.
Көгентүп, жиенқұйрық
– Бұл салт тек қыздан туған жиендердің құрметіне жасалатын. Ондағы мақсат құдалар арасында жиен немеренің де қадірлі екенін көрсету. Алыс жолға шыққан кезде ата-анасымен бірге еріп келген кішкентай балаларға бұзау, құлын, қозы-лақ атайды. Бұл – көгентүп беру. Атаған көгентүбін кейін бермей кету – өнегесіздік, дүниеқоңыздық саналған.
Ал жиенқұйрық сол отбасына жиен болып келетін балаға жасалады. Яғни, нағашы жұртына келген жиен-баланы құда күткендей сыйлап, оның үш қалауын еш қарсылықсыз орындаған. Кейбір өңірлерде "қырық серкеш" деп атаған.
Хан талау
– Қазақ халқы үшін билік, байлық – басты құндылық болып саналмаған. Ар, ұят, намыс, имандылық, әділеттілік қасиеттерін жоғары бағалаған, – дейді Құралай Сәрсембина. – Халық сенімін ақтамаған, мейірімсіз ханды халқы жазалаған. Ханға тиесілі мал-мүлкін, билігін тартып алған. Бұл – барымта емес, хан талапай деп аталған. Ашынған халық ханнан көңілі қалған кезде осындай шешім қабылдаған. Дәл осындай шешімді атқамінер белсенділерге, сұлтандарға, төрелерге қолданған.
Сондықтан жағдайы бар адамдар кедей отбасына, жесір әйелдерге үнемі көмектесіп отырған. Соның бір көрінісі, тұрмысы нашар адам дәулетті адамнан, кейде жақын көршілерінен, жақындарынан ат майын уақытша сұрап алып пайдаланған. Бұл – ат майын сұрау дәстүрі. Осылайша, ауыл адамдары бір-біріне жанашырлық, қамқорлық танытқан.
Деңгене
Қазақта сайыс ретінде ұйымдастырылатын салт-дәстүрлерді де кездестіруге болады. Солардың бірі – "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабында көрсетілген "деңгене" дәстүрі.
Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алып, сол үйдің жанына барып "Деңгене! Деңгене жеуге келдік" деп айғайлайды. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң, семіз бір қойды сойып, етін түгел қазанға салдыртады. Деңгене дәстүрі бойынша келген жігіттер сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішулері керек. Егер тауысып жемесе, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған.