USD495.2EUR522.34RUB4.94

ЖАҢАШЫЛДЫҚТА, ЖАЙБАСАРЛЫҚТАН АУЛАҚ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК

28 ақпан 2024, 11:38
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Президенттің тапсырмасымен Стратегиялық даму және реформалар агенттігі Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары мемлекеттің орта мерзімді кезеңдегі даму басымдықтары шеңберінде экономикалық қайта құрулар негізінде қағидаттарын айқындады. Оның бір қатарына тоқталғанда: - Экономиканы өсу үшін жеткілікті инвестициялармен қамтамасыз ету белсенділігін кеңейту, болжамды және тартымды экономикалық саясат; - Сапалы білім беруді қамтамасыз ету және шығармашылық бастаманы қолдауға бағытталған қазақстандықтардың әлеуетін ашу; - Өңірлер дамуындағы сыни алшақтықтарға жол бермеу, өңірлердің өз әлеуетін және үлкен экономикалық дербестігін іске асыруы үшін жағдайлар жасау; болды. Осы орайда Аягөз ауданы әкімі Қанат Әділбаев ауданымызда өткен кезеңде атқарылған және Президент тапсырмасының Ұлттық даму жоспары аясында Аягөз өңірінің дамуында 2024 жылы атқарылатын жұмыстардың жайына тоқталып, ой-тұжырымдарын сабақтастыра әңгімеледі.
ЖАҢАШЫЛДЫҚТА, ЖАЙБАСАРЛЫҚТАН АУЛАҚ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Қанат Серікқанұлы, ауданға әкім болып тағайындалған мерзім ішінде    ауданның инфроқұрлымымен танысуыңыз барысынан  түйгендеріңізді оқырмандарымызбен бөлісеңіз.                         

Сөзімнің бастамасында жергілікті атқарушы органдардың, бизнес құрлымдарының, тұрғындардың тұрақты және бірлесе жасаған еңбектері арқасында Аягөз ауданы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосып отырған кәсіпкерлігі, қаржылық коммуникациясы мен мәдениеті бар Қазақстанның дамыған аудандарының қатарында саналатынын айтпақпын. Себебі, бұл ретте қазіргі таңда  ауданның даму локомативі, яғни қозғаушы күшінің капиталы саналатын инвестиция тарту 92 млрд. 244 млн. теңге (100,5 пайыз) болса, бюджеттің игерілуі 21 991392,5 мың теңге ( 99,7  пайыз ) болып отыр. Сонымен қатар 2022 жылмен салыстырғанда өткен мерзімде салық төлемдері 108,2 пайызға өсті немесе өзіндік кіріс жоспары 102,2 пайызға орындалып отыр.                    

Ауданда 1581 шаруа қожалығы жұмыс атқаруда. Онда 91 281 бас ірі қара малы,  200 520 бас ұсақ мүйізді малы, 59 352 бас жылқы  өсірілуде. Аягөз ауданның ауыл шаруашылығы саласына 2023 жылдың қараша айының 01 жұлдызына 2 млрд. 492 млн. теңгенің қаржысы тартылды.     Бұл қаражатар мемлекеттік бағдарламалар, несие беретін қаржы институттары мен шаруалардың өз қаржылары. Қаражатқа ауданымыздың 298 азаматы 50 бірлік трактор, 72 бірлік өзгеде техника, 352 бас асыл тұқымды ірі қара, 1593 бас асыл тұқымды қой және 294 бас жылқы сатып алды. Орай келіп тұрғанда айтып өткенім де артық болмас. Ол өткен жылы жер учаскілерінен шаруа қожалығы иелерінің кейбірі өз еріктерімен бас тартуы мен иелері қайтыс болуы себепті мұрагерлік рәсімдемегенен жалпы 40 863,4 га. жер мемлекетке қайтарылды.

Қаһарлы қыс айларында, әсіресе өткендегі ақпанның саршұнақ аязы алқымыздан алған тұста да қаладағы 6 жылу қазандықтары қалыпты жұмыс жасап, жылуды үзбей беріп  отыр. Рас, жылу беру орындары тарапынан кемшіліктер де болды, бірақ жедел жұмыстар жүргізу нәтижесінде олқылықтар оң шешімін тапты.

 Ауданызда тұрғындарды ауыз сумен қамтуға зор мән беріліп отыр. Яғни 2025 жылға дейін елді мекендерді ауыз сумен қаматамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Малкелді, Байқошқар ауылдарында су құбыры желілеріне су тарту құрылыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 19,3 шақырым су құбыры тартылатын болады. Қазіргі таңда 13,1 шақырым су құбыры монтаждалды. Жобаның аяқталу мерзімі 2024 жылдың 3 ші тоқсаны.                                        

Сондай-ақ, 2018 жылдан бері құрылысы аяқталмаған Ай (Мыңбұлақ), Қопа ауылдарындағы су бөгеті және су құбыры желілерін тарту бойынша біршама қиындықтар туындаған. Жоба бойынша Ай ауылында 13,9 шақырым су құбыры құрылысы, Қопа ауылында 25,6 шақырым су құбыры құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда жобалық –сметалық құжаттамалары түзетуден өтіп, облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөлініп құрылысын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Екі нысанның құрылысы биыл аяқталмақ.

2022 жылы Ақтоғай кентінде 31 шақырымдық су құбыры желілерінің су тарту құрылыстарын салу жобасы қолға алынды. Алайда, мердігер мекеме жұмыс кестесінен қалып, шаруаларын шатқаяқтатуларымен жұмыстарын созбаланға салуына  байланысты істері әділет орнына берілді.  «Аягөз қаласында су құбырлары желісінің құрылысы» жобасы екіге бөлініп, қала ішінде 19 көшеге 37,5 шақырым су желісі тартылуда. Алда бұл жұмыстар жалғастырылмақ. Сонымен қатар, жиындарда жиі қозғалатын қаламыздың Школьная көшесі тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша, резервуардан тікелей су жүйесін тарту жобасымен 2024 жылы 225 млн. теңге бөлу жоспарланған. Осы жоба негізінде аталған көшенің мәселесі толығымен шешілетін болады.   

Сондай-ақ, Аягөз қаласы халқын толық орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген 2 жоба бойынша осы жылы 46 көшеге 87,5 шақырым су құбырын тарту көзделуде. Жобаны іске асыруда бірқатар қиындықтар туындауда: су жүйесі тартылатын жерлерге қазу жұмыстарын жүргізгенде кесек-кесек қатты тас шөгінділері шығуы, оны бұзатын арнайы техниканың жетіспеуі мен жұмыс шығындары құнның артуы.                                          

Алда Аягөз қаласының су жүйесі болашақта үздіксіз қызмет атқару үшін де бір қатар жобаларын әзірлеу жоспарланып отыр.Ол бойынша «Битантау» резервуарына 2000 м3 резервуар қосу, 3 ұңғыма бұрғылау және көлемі 400 мм водовод және насостық станция салу.                                           

Тұрғындарды баспанамен қамтуда Аягөз ауданы бойынша тұрғын үй алу кезегіне 1517 азамат тіркелген.Оларға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында, қаланың Қабанбай батыр көшесі бойында салынған 60 пәтерлі екі бес қабатты тұрғын үйден пәтерлер «Отбасы» банкі арқылы несиеге берілетін болады. Қаланың Р.Қошқарбаев көшесінде «Офтейк контракт»  негізінде 28 екі пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы тұрғын үй кезегіндегі адамдар баспаналы болмақ.                                                                                             

Аягөз қаласынан кейін халықының саны жағынан 2 орындағы Ақтоғай кентінде  екі пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Пәтер кілттерін үстіміздегі жылы иелеріне табыстау көзделсе, Мамырсу ауылында да құрылысы аяқталған 2 пәтерлі 5 үйде он отбасы таяу күндері қоныс тойын тойламақ.                                       

2023 жылы «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы және облыстық бюджет есебінен 830,42 млн. теңгеге 18,7 шақырым ауылдардың кіре беріс жолдарына және ауыл көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы орташа жөндеу жұмыстары негізінде  өткен жылы 1 млрд. 670 млн. теңгеге  29,4 шақырым жолға асфальт төселді.

2024 жылы «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасымен Ақтоғай кенті, Ақшәулі-Мыңбұлақ, Б.Майлин, Бидайық, Сарыарқа мен Бозай ауылының кіре беріс жолдарына, барлығы 40,3 шақырым жолдарды орташа жөндеуге бюджеттік өтінім берілді. Соным бірге қаланың Талды, Би Боранбай, Әділбаев, Аққожа би, Қабанбай батыр көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары бойынша да сұраныс жасалды.                                                           

Аягөз қаласында ағымдағы жылы республикалық бюджет есебінен Шакенов және Барақ батыр көшелерінде құны 432,6 млн. теңге болатын екі автокөлік көпірінің құрылысы басталды. Дегенмен, Барақ батыр көшесіндегі көпірдің құрылыс жұмыстарының  кешіктірілуі бойынша мердігер мекемені жауапкершілікке шақыру қатаң қолға алынып отыр.                                              

Қаламызда шешімін күткен мәселелер қатарында қоғамдық көлік қатынасы, тазалық пен жарықтандыру. Осыларға қысқаша тоқталсам, қоғамдық көліктер саналатын автобустар санын көбейту, жаңа бағыттарын белгілеу жүргіншілер көп шоғырланатын жерлерге жылы аялдамалар салу жоспарымызда бар. Сонымен бірге электронды билет айналымының енгізілуін тереңдету жұмыстары жүргізілуде.

Тазалық мәселесі де күн тәртібімізге өткір қойылған. Қала көшелеріндегі санитарлық жағдайды жақсартуда 1466 қоқыс контейнерін алу мен  12 жерге жер асты контейнерлерін орнату жоспарлануда.

Бүгінгі сұхбатымызды пайдалана отырып көпшілікке ерекше айтарым, қаламыздың әр тұрғыны тазалық мәдениетін өзінен, ауласына тазалық орнықтырудан бастауы қоршаған ортаға деген қамқорлығы, өзінде, өзгені де құрметтеуі болмақ. Сондықтан әрқайысымыздың тұрған үйлеріміздің маңайынан бастап, көшелерді де таза ұстауымыз парасатылық екенін түйсініп, түсінуімен санамызды серпілтетін уақыт жетті.       

Қала көшелерін жарықтандыруда осы жылы 26 көшеге 813 жарық бағандарын орнату, көпқабатты 20 тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру мен 10 көшеге ұзындығы 7687 метр су ағар арық құрылысын жүргізу жоспарда бар.

Ауданымыздың 11 елді мекенінде медициналық қызметің ғимараттары  жоқтығынан 2024 жылы Ақшәулі, Байқошқар, Малтүгел, Емелтау ауылдарына медициналық пункт пен  3 дәрігерлік амбулаторлық пункттерді – Ақши, Мыңбұлақ, Сарыарқа ауылдарына салу жоспарлануда. Сонымен бірге Аягөз ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасындағы 10 төсектік жансақтау бөлімін кеңейту құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды,

Білім саласына тоқталсам «Жайлы мектеп» ұлттық  жоба аясында Аягөз қаласының «Қуаныш» мөлтек ауданында жаңадан 600 орынды мектептің құрлысы бастау алса, Ақтоғай кенттік округінде 300 орындық мектеп салу осы жылға жоспарланған. 

Мобильді интернет бойынша, қазіргі таңда ауданның 22 ауылдық округінің 3-інде мобильді интернет жоқ (Қарағаш,  Емелтау, Мыңбұлақ ауылдары). Мәселені шешу мақсатында Қарағаш, Емелтау ауылдық округтерінегі жұмыстар биылғы жылы аяқталады деп күтілуде.

Мыңбұлақ ауылдық округінде 4G тарататын антенна діңгек құрылысын салу үшін мобильді опрераторлармен келісу жұмыстары жүргізілсе, Ақши, Сарыарқа ауылдарындағы мобильді интернет мәселесі толық шешілмеген. Тарбағатай ауылындағы  антенна діңгегінің электр жабдықтауынан ақаулықтар анықталды.

Қанат Серікқанұлы ауданды басқару тізгінін қолыңызға алған мерзімде бірқатар шаруалардың жүзеге асырылуына басшылық жасауыңыз барысында, түйткілді істерді де шешу қажеттігін жоспарлаған екенсіз. Осындайда «ойды ой қозғайды» демекші, Сіз және аудан әкімшілігі бөлімдері жұмыссыздардың жұмысқа қамтылуын басты назарда ұстағандарыңызбен 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында жұмыс іздеушілер саны 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 667 адамға, ал есепте тұрған жұмыссыздар қатары былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен 269 адамға немесе 4,8 есе артуы  неліктен?                     

Дұрыс аңғарғансыз. Жұмыс іздеушілер санының, сәйкесінше есепте тұрған жұмыссыздардың 2022 жылғы көрсеткішімен салыстырғандағы өсуі :

Біріншіден, 400 АЕК мөлшерінде мемлекет тарапынан берілетін  гранттарға үміткер ретінде азаматтар электронды еңбек биржасы арқылы үйде отырып немесе ондай мүмкіндігі болмаса өзіне-өзі қызмет көрсету алаңы арқылы өтінім бере алады. Мысалы, 2022 жылы Аягөз ауданына республикадан бөлінген қайтарымсыз грант саны 22 орынды құраса, ал сол гранттарға үміткерлер саны 200 ден асқан.

Екіншіден, әртүрлі себептермен жұмыстан шығып жатқан азаматтар мемлекет тарабынан 6 ай мерзімде жәремақы алуы үшін, жұмыспен қамту органдарына келіп «Жұмыссыз» деген статус алуы шарт.

Үшіншіден, белсенді іс-шараларға қатысушыларға ( қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орындары, күміс жас, жастар іс-тәжірибесімен т.б ) бөлінген қаржат артқан. Оған 01.11.2022 ж көрсеткішінде 2514 адам жолданса, 01.11.2023 ж. 3181 адам жолданған. Ал, сол жолдама берілген адамдардың барлығы «Жұмыссыз» статусын иеленді. Есесіне ауданда жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп,жұмысқа орналасқандар саны артқан, яғни 01.11.2022 ж. 976 адам немесе 38.8 пайыз болса, 01.11.2023 жылы 1641 адам, немесе тіркелгендердің 51.5 пайызы жұмысқа орналасқан.     

«Ұлттық жобаға» қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруына қайтарымсыз гранттар беру шарттары негізінде 2023 жылы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған адамдарға 400 АЕК-ке (1 380 000 теңге) көлемінде мемлекеттік гранттар беруде облыстық бюджеттен 22  адамға 30 млн 360 мың теңге  қаражат бөлініп, бүгінгі таңда 22 адам грант иегері атанып, өз кәсіптерін жүргізуде. Аягөз ауданында инфрақұрылымдық 16 жоба бойынша 126 жұмыс орындарын ашу жоспарлағандар, бүгінгі жұмыстарын бастап 129 жұмыс орындары ашқан. 

2023 жылы атаулы әлеуметтік көмекке 306 көпбалалы отбасы мен 397 аз қамтылған отбасылардан өтініштер қабылданды. Дегенмен,атаулы әлеуметтік көмек алушылар 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстарғанда 228 отбасына азайған. Азаюы себебі олардың тұрақты жұмысқа тартылуы мен қайтарымсыз грант алып өз кәсіптерін ашуымен белгіленген мөлшерден табыстарының асыуына байланысты азайып отыр.

Еліміздің дамуына үлкен серпін беретін Аягөз-Бақты темір жол  құрылысының қазығы қағылды, ал ол 2027 жылы пайдалануға берілгенде Абай облысының ішкі және жаңадан потенциалын ашылады деп күтілуде. Ендеше халықаралық  маңызға ие теміржол қатынасының болашақта ауданымызға тигізер пайдасы қалай болмақ ? 

Сұрағыңыз өте орынды. Жалпы, аймақты дамыту бағытында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың бастамасымен ауқымды жобалардың тізімі жасалды. Оның жарқын нәтижесі жақын уақыттарда өз жемісін беретін болады. Қазірдің өзінде Семей қаласында күрмеуі қиын көптеген мәселелердің түйіні тарқатылуда.

2023 жылдың 23-28 қараша күндері Нұрлан Тельманұлы бастаған делегация құрамында жұмыс сапарымен менде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданына барып қайттым. Сапар барысында екі аймақ арасындағы жақты қарым-қатынасты нығайту кеңінен талқыланды.

Абай облысы теміржол, авто, әуе және су көлігі артерияларының стратегиялық торабында орналасқан. Аймақта ИКАО стандартына сай келетін халықаралық әуежай да бар. Облысымыз ҚХР мемлекетін Еуропа елдерімен байланыстыратын «Аягөз-Тачэн» теміржолын, Құрғақ порт пен Ертіс өзені арқылы су көлігі бағытын құрып, транзиттік әлеуетті күшейтуге ынталы.

2023 жылдың 20 желтоқсан күні Аягөз ауданында 272 шақырымды құрайтын Бақты-Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Экс Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір арқылы құрылыс жобасын ресми түрде іске қосты. Іс-шараға Абай облысы әкімдігінің, Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылары, теміржол саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты. 

Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің көлік транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауы аясында жүзеге асырылуда. Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты–Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр.

Жалпы, Бақты–Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Теміржол желісі 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Аягөз үшін бұл теміржол желісі ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін артыратына зор сенімдемін. Сондықтан алдағы уақытта осы жоба толықтай жүзеге асырылғанында Аягөздің ғана емес, Абай облысы республикамызда экономикалық өркендеуі жолында қарышты қадамдар жасамақ. Бұл игіліктің барлығы халқымыздың бай да, қуатты өмірі мен игілігі үшін қызмет етеді.

-  Ақтоғай мыс кені тау-кен байыту кешені өндірісінен аудан бюджетіне салық түрлерінің үлесі айтарлықтай болып отырғанда, аудан шегінде орналасқан Ақбастау, Құсмұрын мыс кен орындарынан кейбір салық түрін Қарағанды облысына емес, Аягөз ауданына өтетіру бағытында іс шаралар ұйымдастырылуда ма?

- Абай облысында ауданымыз экономикалық әліуеті жағынан мықты саналатыны өз алдына, 4 958 803,0 га жер көлемімен де алдыңғы орында. Міне, осыдан-ақ оқырман қауым ауданымыздағы кез-келген ресурстардың, ішкі немесе өмірлік резервтер мен мүмкіндіктері / потенциал/қуаттылығын аңғарары да сөзсіз. Сөз орайында бүгінде Ақтоғайдағы «Казминералс» кен байыту комбинатының бір өзі бюджетімізге орасаң қаржы кіргізіп отыр. Алда аталған кәсіпорын кеннің өнімін арттыру мақсатында тағы екі кен байыту комбинат мен өндеу заводын салмаққа ниетті. Әрине оның бәрі жаңа жұмыс орыны мен инвестиция көзі болап табылады.  

Айтылғандарға қоса қаладағы теміржол мекемелері, ауыл шаруашылығы мен сауда орындарынан түсетін салық бюджет қоржының да кіріс көзі болып саналады.                                      «Кіріс көзі» дегенде әрбір тұтынушының білгені абзал: дүкенен тауар сатып  алушыға сатушы кассалық чек  беруге міндетті, сатып алушы да оны талап етуге   құқылы. Себебі, тұтынушы төлемінің 3 пайызы бюджетке өтелетін салықтың түрі болып табылады.                              

Ия, сауалыңызбен ауданның «қазына» қаражатын» азайтпау, экономикалық қарқынымыздың өсуі мен нарықтық қатынаста инвесторлар мүдесімен санасу қажеттігін меңзеп отырсыз. Бұл орайда аудан әкімшілігі облыс басшылығымен кеңесіп, Ақбастау, Құсмұрын мыс   кен орнындағы жұмысшы, қызметкерлерге есептелетін еңбекақыдан ұсталатын салықтары мекемелердің тіркелген жері Қарағанды облысына өтелуін тоқтатып, Аягөз ауданы бюджетіне өтелуі қажеттігі бағытында  жұмыстар жүргізіудеміз.

Сөзімнің соңында Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қарауымыз керек!» деген тұжырымымен белгілеген міндеттерге басса назар аударып, барлық қазақстандықтардың оны іске асырылуы төңірегінде күш біріктіруге шақыруына біздерде  үн қосамыз.                           

Ауданымызда жасалып жатқан жұмыстардың 2024 жылы да тиянақты да, жоспарлы әрекеттермен жалғасын табатынын, мақсаттарға жетуде уақыттың өзі жаңашылдықта жайбасарлықтан аулақ болуымызды талап етуде. Мұнымен  Қазақстанның  алдағы бес жылға Президент айқындаған дамуына аягөздіктерде өз үлестерін қоспақ.

-   Әңгімеңізге рахмет!     

Сұхбаттасқан Марат Жұмабайұлы, ҚР Журналистер одағының мүшесі               

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar