Талай жыл жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп, Парламенттің Жоғарғы Палатасында Сенатор болған. Басқа да жауапты қызметтерді қатар алып жүріп, жас буынға үлгі-өнеге көрсеткен азаматтардың бірі. Қай салада, қай қызметте болмасын Ғарифолла мырза адами биіктіктің, кәсіби біліктіліктің жоғары тұғырынан түскен емес. «Абайдың жолы - әлемнің жолы» деп бағалайтын ағамыздың философиялық еңбектерімен, ой-толғауларымен, сан түрлі қоғамдық істерімен, идеяларымен таныс болайық деп арнайы тілдескен едік.
- Абай - дара, Абай - дана қазақта. Облысымыздың аты Абай атамыздың атымен аталғанына көпшілігіміз қуандық. Халық бір серпіліп қалды шыны керек. Осы орайда Сіздің тілегіңізді естісек.
- Абай облысы дегеніміз, жай ғана сөз емес, Абай атауы ерекше идея. Ұлылар жеріне қыдырып келе жатқан қонақтарымызды таң-тамаша ететіндей дәрежеде өсуіміз керек. Абайдың туып, өскен жеріне барып келе жатқан адам, не алып қайттым деген сауалды ойлану керек. Жолдары жөнделіп, әдемі бау-бақшалар салынса нұр үстіне нұр болар еді. Оның барлығын алда көре жатармыз. Тегінде Абайдың жолы - барша қазақтың жолы болары хақ. Облысымыз жұлдыздай жарқырасын деген тілегім бар. Жастарымызға жағдай жасалынса, алдағы уақытта алынбайтын қамалымыз болмас еді. Жас буынның қаласына айналдырса екен деймін осы облысымызды. Себебі, олардың қазіргі біздің қоғамға берері мол. Жастардан үміт күтсек, болашағымыз да жарқын болмақ. Мен соған сенемін.
- Абай - ұлттың атасы. Түркі әлемінің ортақ мақтанышы, қазақтың ұлы тұлғасы. Жалпы, Абай атамыз туралы не айтасыз?
- Ең алдымен, Абай күні мерекесі дәстүрлі мемлекеттік түрде барлық аймақта тойланып жатқанына дән ризамын. Абай жылын тойлаудың басы Президенттің мақаласымен ашылғандығы өте дұрыс болды. Бұл күн той тойлайтын емес, ойды ойға қозғайтын күн! Президент айтады: «Абай туралы қалай айтсақ та жарасымды» дейді. Рас. Ал сол жарасымды сөзді айта білу – әрбір зиялы қауым өкілінің міндеті.
ХХІ ғасырда Абайдың орны қандай болу керек? Оны жаттап алу бір басқа, оқу да бір бөлек, бірақ соны түсініп, әрбір адам өзінің қызметінде, тұрмысында, қоғамдық белсенді істерінде пайдаланса, сонда ғана ақын мұрасы қазіргі ХХІ ғасырдағы қазақтарға үлгі және рухани азық болмақ.
Мені мазалап жүрген бір сұрақ бар. Абай өмір сүрген кезеңді еске алсақ, бұл көшпенділер өркениетінің тынысы тарылып, қазақ жеріндегі хан билігі құлап, ақ патша отарының салтанат құрған шағы болатын. Абайдың үш жыл діни медреседе үш ай орысша оқуымен білім алуы аяқталып, елдің тірлігіне ерте араласқаны белгілі. Ақын Абай ауданы, Қарауыл ауылынан әрі ұзап шықпады. Өзіміз ел мен жерді аралап, өмір бойы оқысақ та, біз Абайға жете алмай жатырмыз. Әлі Абайды түсіне алмай жатырмыз. Атамыз дүниежүзінің үлкен алыптары Физули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдоусидың еңбектерін оқыды. Физулиді өзіне ұстаз санаған. Ал, біздер өзімізге керек емес дүниелермен уақытымызды кетірудеміз. Кеңес үкіметі кезінде, цензура дәуірлеп тұрған кезде автордың еңбектерін оқу толық мүмкін болмады. Енді ғана, оқып, көңілге тоқып насихаттаудамыз. Абай – адасқандарды жөнге салып, тура жолға сілтейтін тұлға. Сондықтан ол адамзат баласына ортақ. Тіпті, өлеңдері гүл сияқты. Жылда бүршік жарып, гүлдеп отырады.
- Ғарифолла аға, Абай шығармашылығын өнімді еңбек етіп келе жатқаныңызды зиялы қауым да, былайғы жұртшылық та жақсы біледі. Солай дей тұрғанмен, бүгінге дейін не тындырғаныңызды қысқаша айтып өтсеңіз...
– Мен осы уақытқа дейін қандай кітап жазсам да, тұздығы Абай атамыз болды. Осы уақытқа дейін 20-дан астам кітап шығардым. Алтын сандықтың ішінде отырған біздер бақыттымыз. Той-думан мен қалжың оспақты шетке ысырып, дара тұлғамыз жайлы кітап шығаруымыз керек. Хакім Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында «Хакім Абай» деген кітабым жарыққа шыққан еді. Содан беріде сол еңбегім орыс, түрік, ағылшын тілдерінде де жарық көрді. “Хакім Абай” кітабы ұлы ақынның даналық дүниетанымын саралауға арналған. Абайдың данышпандық ойлары белгілі бір жүйеге түсіріле таратылмағандықтан, автор ақынның жекелеген ғибратты ой түйіндеріне түсінік беретін герменевтикалық тәсілді қолдандым. Кітапта Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі философиялық тұжырымдарды нақтылы ұғымдар түрінде қарастырдым. Ал, бас ақынымыздың басты шәкірті Шәкәрім қажының 150 жылдық тойы қарсаңында «Данышпан Шәкәрім» және «Мудрость Шакарима» деген атпен екі тілде жарық көрген туындыларым жоғарыдағы еңбегімнің заңды жалғасы деп білемін. Солардың қай-қайсысының болмасын орысша аудармасын өзім жасадым. Ондағы мақсатым асыл құндылықтарымызды ең алдымен орыс тілді қандастарымызға да жеткізу еді. Сол мақсатым дұрыс болды ма деймін. Соның айғағындай әлгі орыс тілді бауырларымның: «Сіздің ұлылар туралы еңбектеріңізді оқыған соң енді олардың түпнұсқасын оқуға ден қойып отырмыз» деген мағынадағы жүрекжарды сөздерін естіп қалып жүрмін. Сондықтан оларды сендер тіл білмейсіңдер деп сыртқа тебе бергеннен гөрі осылайша бауырымызға тарта білуіміз керек деп білемін. Сонымен қатар, мерейтойға орай кеңестік өткені туралы Қазақ естеліктері жайлы жазылған «Социализмнің азабы» кітабын жазып шығардым. Абай Құнанбайұлы шығармашылығы туралы ой толғайтын, «Қазақ ұлты» деген қалың жинақ дүниеге келді. Екеуі де, ағылшын тілдеріне аударылған. Өзге мемлекеттердің қызығушылығын тудырып, сұранысқа ие болды. Бір байқағаным Абайды бәрі оқып, танығысы келеді.
- Сөзіңіз аузыңызда, сіз Асан қайғыны идеал тұтады екенсіз. Ал, зерттеулеріңіз қазақ философиясы деген ұғым тудырды. Абай, Шәкәрім даналықтарына үңілдіңіз. Осы ғұламалар ілімі Сіздің қалыптасуыңызға қаншалықты әсерін тигізді?
- Мен мұғалім болып, сабақ беріп жүрген кезімде қазақ философиясы деген мәселені көтере бастадым. Сол кезде институт философиясында марксизм-ленинизмді оқытып жатқандардың бәрі қарсы шықты. Үлкен академиктер болып, «қазақ философиясы деген жоқ, ұят болады» деп тыйып тастағысы келді. «Сіздер нені жоқ деп тұрсыздар? Қазақта даналық жоқ па, әлде философия жоқ па? Анықтап алайық. Даналық бар, бірақ сол даналықты жүйелеп, зерттеген философия жоқ шығар» дедім. Олар «жоқ, жалпы жоқ» десті. «Жалпы жоқ деген болмайды, қазақ даналығын жүйелеп зерттеген философия жоқ десеңіздер, оған келісемін» дедім. Осыдан кейін біз осы тақырыпты кеңірек қозғап, көптеген азаматтарды іске қостық. Отыз шақты азамат диссертацияларын қорғады. Қазақ философиясы өзінің мәнін тапты. Сонда оның зерттейтіні не? Қазақтың даналығы, Асан қайғыдан бастап, Абайға келіңіз, Шәкәрімге келіңіз... Сол данагөй тұлғалардың бәрін зерттеп, жүйелеу үлкен ізденісті талап етті. Сөйтіп, қазақ философиясы деген ұғымға біраз дүниелер жасап қойдық. Қазір, тәуелсіздіктен кейін қазақ философиясы деген ұғымға ешкім қарсы келе алмайды. Дегенмен, қарсы пікірдегілер әлі аттан түскен жоқ. Таяуда бір отырыста үлкен бір философ: «Ғарифолла, сен қазақша ойлау бар дейсің, олай болмайды» деді. «Сонда қалай, немісше ойлау бар да, қазақша ойлау жоқ па?» дедім мен. Егер біз қазақша ойламасақ, қазақтың лексикасы, қазақтың лексикасында тұрған дүниетанымды қайтеміз? Бізде «құт» деген ұғым бар. Осы ұғымда қазақтың дүниетанымы тұр емес пе? «Құтты» субстанция дейміз, оның атрибуттары береке, ырыс... «Тәңір» дейміз. Осындай сөздерімізде даналық тұрған жоқ па? Өкінішке қарай, әлі күнге дейін, тәуелсіз елімізде өзін философпын деп санап жүрген кейбір азаматтар «қазақ философиясы деген болмау керек, қазақша ойлау деген жоқ, тек әлемдік ойлау ғана бар. Әлемдік ойды Гегель, Кант сияқты неміс философтары, Аристотель, Платон сияқты ежелгі грек ойшылдары ғана ойлаған» деген көзқараста. Бұл біріншіден, қазақтың даналығын түсінбеу, түсінбеушілік, екіншіден, сол даналықты философия ілімінің объектісі ретінде алмаудан, зерттемеушіліктен туған ұғым.
- Сіздің әрбір берген сұхбаттарыңызды қарап шыққан едім. Абайды білу – қазақты білу. Қазақ тілі мен тәуелсіздік мәртебесін көтеру жолына тоқталсаңыз...
- Қазақтың тілін білу үшін, Абайды оқу керек. Сонда қазақтың таза тілі шығады. Абай – азат ойды тірілткен ғұлама. Азат ойы бар ел – бақытты ел. Азат елі бар ел – басына бақ қонған ел. Қазақ елі бақытты деп мен сөзімді аяқтадым. Қазақ елі шынында да бақытты. Бағы – Абай. Бақытты бағалау деген мәселе бар. «Қазақ болып өмір сүрсек, тәуелсіздік қалады. Ең басты нәрсе – қазақтану, толық қазақ болуымыз керек. Қазақ болып өмір сүрсек, қазақ болып әлемді қабылдасақ, біз тәуелсіздікті жоғалтпаймыз. Ал егер қазақтықтан қашатын болсақ, тәуелсіздіктің мәселесі қиын болады. Тәуелсіздікті бағалап жүрміз. Бірақ оны толық тереңінен түсініп жүрміз деп айта алмаймын. Мен кафедра мұғалімдеріне, әріптестеріме жарты беттік эссе жаздырдым. Сонда аңғарғаным, тәуелсіздікті бағалаймыз. Бірақ соны терең түсіндік пе деген мәселе шыға келді. Тәуелсіздік деген әр адамның бойындағы асыл қасиеттерінің шығуының мүмкіндігі ғой. Егеменді ел болу деген тәуелсіз адамдардың бірігіп, жақсы қоғам құрып, әлемдік мәдениетке шығу деген сөз ғой.
- Аға, сүбелі сұхбатыңыз үшін рахмет! Әңгімеңізге мың алғыс.
Сұхбаттасқан Сымбат ҚАЙРАТҚЫЗЫ