- Қош келдіңіз аға! Өзіңіз Семей өңірінің тумасы болсаңыз да, ұзақ жылдар бойы Алматыда қызмет етіп келе жатырсыз. Туған өлке Абай облысы болды деген жақсы жаңалыққа орай, өңірімізге бет бұрыпсыз. Жаңа Қазақстан атты бағдарламаның жаңашылдығына көзқарасыңыз қалай?
- Алыста жүрсек те, естіп қуандық. Абай облысының құрылуын үлкен жаңалық деп есептейміз. Қанатын кеңге жайып, алдағы уақытта гүлденеді деп ойлаймын. Алаш арыстарының ізі қалған, қасиетті мың жылдық тарихы бар мекенді жаңартуда сапалы саясат жатыр.
- Сіз көп жылдар Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов музейінің басшысысыз. Яғни, қызметіңіз қазіргі күнге дейін көрнекті жазушылардың дархан шығармашылығы мен өміріне байланысты екенін білеміз. Алдымен еңбек жолыңызды тарқатып айтсаңыз.
- Мен Әл-Фараби атындағы КазМҰУ-дың филология факультетін 1978 жылы аяқтадым. Ұстазым Тұрсынбек Кәкішев ағамыз, жұмысқа бұрынғы Астана, Алматыда қалуымды сұрады. Сол кісінің жөн сілтеуімен еңбек жолымды осы жылы С. Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйінде экскурсовод болып бастаған болатынмын. Біраз жылдан кейін, Қазақ телевизиясының Жастар редакциясында редактор (1979-1981) болып жұмысқа орналастым. Артынша, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі (198-1991) қызметін он жыл көлемінде атқардым. Кейіннен, «Халық кеңесі» газетінде руханият бөлімінің меңгерушісі (1991-1996), «Қазақ елі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Шалқар» қосымшасының редакторы (1996-1999), «Қазақ Энциклопедиясы» бас редакциясының жетекші маманы (1999-2000) болып қызмет атқардым. Жиыны 22 жыл қазақ баспасөзінде журналистердің “егініне” түсіп кеттім. Журналистиканы бітірген көпшілік жастардың арманы «Лениншіл жас» газетінде қызмет атқаруды ойлайтын. Ал, мен сол арманға жеттім.
- С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың шығармашылығы жастарға қалай насихатталуда? Жұмыс барысымен бөлісе отырсаңыз. Музейде қандай ішкі шаралар өткізіледі? Алдағы жоспарларыңыз.
- 2000 жылдан бері С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры болып бекітілдім. Еңбек жолым 100 жылдық мерейтойға дөп келді. Музей ең алдымен, тәрбие орыны. Әдеби музейлер ұлы тұлғалардың шығармашылығын зерттеумен айналысады. Сол тұлғалардың шықпаған дүниелерін шығарып, халыққа насихаттауды көздейді. Көп жылдан бері, екі жазушының да хаттарын жинаумен айналыстық. Биыл Ғ. Мүсіреповтың 120 жылдық мерейтой мерекесі қарсаныңда, жазушылық қырын көрсету мақсат етілді. Классиктің хаттарынан энциклопедия ретінде жинақ қылып, 25 данасын шығардық. Музей құрылысы және ішкі көрінісі де жыл сайын жаңарып отырады. Алдағы уақыттарда, заманауи үлгіде жасауды көздеп отырмыз. Осы мәдени орта мен әдеби ортада тыныстап келе жатқаныма биыл 22 жыл болыпты.
- Біз айналып өте алмайтын бір мәселе – кейбір сыншылар соңғы уақытта ананы атқызды, мынаны жапқызды деп Сәбеңнің басына пәле-жаланы үйіп-төгуден аянар емес. Өткен ғасырда исі қазақтың рухани азығы болған «Ботагөз», «Өмір мектебі» сияқты романдардың авторын осылайша қаралау, турасын айтсақ, аруағын қорлау қаншалықты қисынды?
- Дұрыс айтасың, қарындасым. Жанымды күйзелтіп жүр осы мәселе. Сәбең кешегі солақай саясатпен өткен заманның төл тумасы. Ол дәуірдің шытырманға толы болғандығы соншалықты қазақ оқығандары баррикаданың екі жағына бөлінді. Бірақ, оларда қазаққа адал қызмет етсем деген ортақ ұстаным болды. Сәбеңнің қаламынан туған, қазақы исі бұрқыраған сүйікті туындылардан белгілі, автордың қандай мейірімді, үлкен жүректі, ұлтына ғашық адам болғандығы. Бір ғана осал жері – тап күресі секілді большевиктер идеясына имандай ұйыды. Қалтқысыз сенді. Құбылыстарға осы тұрғыдан қарап, алаш зиялыларын «адасқандар» деп сынға алғаны растық. Алайда, ақиқатты іздеп сын айту мен оппоненттер жаппай атылсын, жойылсын деу бір ме, арасы жер мен көктей емес пе. Сталиндік репрессияның жендеттері оған қарасын ба. Енді келіп, кінәліні қазақ жазушылары арасынан іздестіргенімізге не жорық? Сәбең домалақ хат жазып, сол себепті біреудің өмірін қиды дегізетін ешбір құжат табылған жоқ. Сондықтан НКВД-нің қанды қасабын Сәбеңе артпайық, ағайын! Қилы заманда қазаққа рухани әкенің бірі болған Сәбең туралы сөзімді міне осылай түйіндегім келеді.
- Келісемін, рахмет аға! Сіз музей саласында көп жылдар қызмет атқардыңыз. Осы уақыт аралығында қандай қалалардың музейлерімен таныс болдыңыз?
- Жалпы, еліміздегі музейлердің даму бағыты дұрыс келе жатыр. Олар соғыс кезінде де жабылмаған еді. Музей тарихымызды дәріптеу үшін, салт-дәстүрімізді ұмытпау үшін керек. Бүгінгі күнде әдеби музейлердің қатары өсіп келе жатыр. Атап айтар болсақ: Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық музей мен С.Сейфуллин атындағы, Семейдегі «Достаевский» және «Абай» музейі, Абай ауданындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейі, Алматы қаласында М.Әуезов, С.Мұқанов, А.Байтұрсыновтың аттарындағы музейлер бар. Сонау Қарасазда М.Мақатаевтың музейі бой көтерген. Ұзынағашта Ж.Жабаевтың музейі орналасқан. Барлығымен тығыз қарым-қатынастамыз, алға бірлесе ұмтылып келеміз. Жаңашылдықты, қоғамдық рухтың жаңғырғанын қалаймыз.
- Шығармашыл жан ретінде, өзіңізге үлгі тұтатын адамыңызды атап өтсеңіз...
- Бала кезден «Абай жолы» романымен ес жидық. Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағұлов, Сағи Жиенбаев, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынованың шығармаларын жаттап өстік. Өлеңді түсіну үшін де, адамға білім мен дайындық керек. Теңеу мен суреттеуді түсіну, сезіне білу үлкен өнер.
- Қазіргі жастарымыз шет мемлекетке еліктеп, психологиялық және мотивациялық кітаптарды көп оқып кеткен сияқты. Бұрынғы жазушыларымыздың еңбек қол жазбалары тыста қалмады ма?
- Жастарымыздың шет мемлекеттің туындыларын оқығаны дұрыс деп есептеймін. Себебі, Кеңес үкіметі кезінде де, әр мемлекеттің әдебиетімен таныстық. Ақпарат алмастық. Одан жаман болған жоқпыз. Ендігі мәселе, жазылған дүниенің мән-мазмұнының маңыздылығында. Кейбірі болар-болмас дүниені мақтаныш етеді. Жастарымызға мынаны оқы, мынаны оқыма дей алмаймыз. Бірақ, аға буын жазу-шыларымыздың жазып кеткен еңбектері қашанда сұранысқа ие. Бір сөзінен бірі ерек, екіншісі мүлде бөлек. Қанша жыл мен ғасыр өтсе де, мәнісін жоймаған, жоймайды да.
- Аға, Сіздің жан тербеткен өлең-жырларыңызды білмейтін жан жоқ шығар! Қазіргі таңда поэзияңыздың беталысы қандай?
- Кезінде мен үлкен той жасамадым. Менің ойым, барлық жазылған қолжазбаларымды жинақтап, үлкен кеш беру болатын. Болашақ жастарға тәлім беріп, тәрбие көрсетсем деген үлкен ниетім бар. 22 жылдық еңбегімді жинақтай келе, 10 томдық мұра пайда болды. Оның үш томы поэзия мен поэмалар болса, бір томы С.Мұқанов өмірін зерттеулер. Бір томы тәуелсіздік жылдардағы зерттеулер, қалғандары портреттік поэмалар. Әңгімелер мен күнделігімде жетерлік. Бірақ, соңғы жылдары балладаға деген құлшынысым жоғары екенін байқап жүрмін.
- Жаныңызға жайлы бір шығармаңызды оқып берсеңіз.
- Жазған поэзияларымның барлығын бөліп-жара алмаймын. Әр қайсысының өзіндік орны бар. Соның ішінде, “Мұқағали” деген өлеңді айтып берейін.
Мұқағали мұң шаққан жоқ мұңдарға,
Мұңсыз мұңдар ұлы ақынды тыңдар ма?
Ғапыл дүние сырын кіммен бөліссін...
Ғабең сынды сөз зергері тұрғанда.
Өз үйінде Ғабең сырбаз қалпында,
Радиодан өлең тыңдап, ән тыңдап.
Отырғанда Мұқағали кіріп кеп,
Жыр арнады алды аспандай жарқырап.
Сәлем берді қара сөзге қанатты,
Қара сөзде қабаққа мұң қаматты.
Оңашада ой бөлісті қоса алып,
Талант қана таниды ғой талантты.
- Аға, менімен сұхбат жүргізіп, уақытынызды бөлгеніңізге алғысымды айтамын. Сізге шығармашылық табыстар тілеймін. Жұмысыңыз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан: Сымбат ҚАЙРАТҚЫЗЫ