USD448.15EUR483.46RUB4.86

Махмұт Сариев: «Мен Ақордаға барып Президентпен жолықтым, елге оның аманатын арқалап қайттым»

22 шілде 2022, 15:34
Таяуда «Ертіс өңірі» газетінің редакциясына таяғына сүйенген ақсақал келіп кірді. Амандық-саулық сұрасқан соң өзін: «Мен, Сариев Махмұт Сейітұлы, Семей қаласының Ақсақалдар алқасының төрағасымын, сол қызметті жасап келе жатқаныма биыл жиырма жылдан асты. Жасым 82-де», - деп таныстырған еді. Қандай шаруамен жүрсіз дегенімізге қария: «Мен таяуда Елордаға барып, Президентке жолықтым, сол сапардан алған әсерімді баяндасам деймін» деп жауап берді. Әрі қарай сұхбатымыз жарасып жүре берді.
Махмұт Сариев: «Мен Ақордаға барып Президентпен жолықтым, елге оның аманатын арқалап қайттым»

Махмұт ақсақал еліміз тәуелсіздігін алған жылдардың ішінде қоғамдық жұмыстарға тәуір-ақ араласқан екен. Қала тіршілігінің талай ыстық-суығын басымнан өткердім деді. Қойшы, сонымен,   тақауда елдің аманатын арқалап мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қабылдауында болып қайтыпты. Ақорда төрінде жас жігіттер құрақұшып қарсы алып, төрге оздырған екен. Бұл жайында «барлық әкімшілікте осылай болса ғой» деп үлкен ризашылықпен жеткізді. Мемлекет басшысына ұлы Абай атамыздың есімін иемденіп жаңа облыс атанып жатқан облыс орталығында шешімін таппай жатқан түйткілді мәселелерді жеткіздім деді Махаң. Өз кезегінде Қасым- Жомарт Кемелұлы ақсақалдардың қоғамдағы орнын жоғары бағалаған екен. «Қариясы бар елдің қазынасы бар. Елдің береке-бірлігі сақталуы һәм жаңа Қазақстан алдында тұрған мақсат-міндеттерді атқаруға жұмыла кірісу үшін аға буынның белсенді позициясына зәруміз. Сіздер халық пен билікті жалғастырушы алтын көпір болыңыздар. Менің тапсырмам да, аманатым да осы деп риза көңілмен шығарып салды» деп әңгімесін түйіндеді Махмұт Сейітұлы. Қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы бізге бос келмей, қаламызда болып жатқан естіген, көзі көрген кемшіліктерді қағазға түсіріп ала келіпті. Төменде ақсақалдың қол жазбасын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.

1. Осыдан екі жыл бұрын Шығыс кентінде № 34-ші мектептің алдынан балалар мен жасөспірімдерге арнап салынған шағын футбол алаңы салынған еді. Бірақ кейінірек сол шағын футбол алаңы ол жерден мүлде алынып тасталды. Адамдар арқылы жеткен ақпараттарға сүйенер болсам, оны алғызуға пәрмен берген қала әкімінің орынбасары Д. Гариков деген ақпараттар айтылуда, тікелей айтуға бәрі де жасқанады. Бұл туралы Д.Гариковтің өзінен сұрағаныммен ешқандай мардымды жауап ала алмадым, тіпті кейінгі уақытта маңайына да жолатпайды. Осы мәселеге арнайы тексеріс жүргізіп, балалар спортпен айналысатын шағын футбол алаңын не үшін алғызып тасталғаны туралы анықтап беруін сұрап облыстық мәслихат хатшысы Қуаныш Сүлейменовке хат жолдап отырмын. Бір шешімі шығып қалар деген үміттемін.

2. Қазіргі уақытта Семей қаласының жауапты лауазым иелеріне деген қарттар атынан өз ренішіміз бар. Есімдерін атап айтар болсам, А.Садырбаев, Д.Гариков, О.Соғымбайлар әкімдікке қаламыздағы мәселелерді көтеріп бара қалсақ кіргізбейді, алдап-сулап босағадан шығарып салумен келеді. Қаламыздың шенеуніктері алдында еш қадіріміз қалмаған соң тақауда мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың алдына баруға да мәжбүр болдым. Жергілікті шенеуніктер қазыналы қарияларымыз деп құрметтеп, пікірімізбен санасатын болса мемлекет басшысының алдына барып алтын уақытын алар ма едім. Тіпті, кейінгі кезде әкімдіктің кіреберісінде отыратын күзетшілерге: «Мына адамдарды кіргізбеңдер!» деп тізімін беріп арнайы тапсырма да беріліп қойылғанын білдім. Бұл орын алып отырған жағдай, кәрі қойдың жасындай ғұмыры қалған кәрі көңілімізді қатты жабырқатты. Қарныңның ашқаны емес, немереңмен жасты шенеунік балалардың алдында қадіріңнің қашқаны қиын екен. Мен, Махмұт Сейітұлы құлағымның мүкісі бар болғандықтан даусым қаттырақ шығарып сөйлейтінім бар. Соны көтере алмаған қала әкімінің орынбасары А. Садырбаевтың: «Шаңыраққа қараңыз!» деп сес көрсете ескерту жасағаны да күні бүгінге дейін құлағымның түбінен кетер емес. Қадіріңнің түскені емей немене... Лауазым иесі осынша әдепсіздік танытатындай әкімдіктің шаңырағы оның жеке меншік баспанасы ма еді? Мені сыйламаса да мемлекеттік қызметкерлерден қызмет бабында сыпайы да мәдениетті болуды міндеттейтін «Әдеп кодексі» неге сақталмайды? Біз ақсақалдар, қаламыздың қордаланып шешімін таппаған мәселелерін билікке жеткізгіміз келеді. Жеке өз басымызға ештеңе сұрамаймыз, халықтың әл-ауқаты жақсарса екен дейміз. Егер жергілікті қаламыздың әкімдігінің тосын мінезді, тоңмойын шенеуніктері халықтың жоғын түгендегісі келетін қарияларын силамаса халыққа деген оң көзқарастары қалай қалыптаспақ? Оның үстіне қаламызға мемлекеттік жоғары өкілетті орындардан жауапты адамдармен кездесу болса алдын ала арнайы дайындап қойған, тек мақтауға машықтанған зейнеткерлерді ғана шақыру үрдіске айналған. Біздер ондай қабылдауларға мүлде шақырылмаймыз. Сонда шындықты бетке айтатын қарттардан гөрі өмір жолдарында тек мақтан айтуға машықтанған зейнеткерлер қадірлі болғаны ма? Дана халқымыздың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мәтелі осындайда айтылса керек. Мұндай алдын ала дайындалып қойылатын «өтірікті-шындай, ақсақты-тыңдай» етіп көрсететін жағымпаздық қойылыммен жаңа Қазақстанды қалай құрмақшымыз? Мүйіз шығатын болса 30 жыл мақтаудан кенде болмадық, жапатармағай мақтаудан елімізде жұмақ орнап кетті ме? Қаңтарда ашынған халықты көшеге алып шыққан да, нақақ қанын төккен де, сол «бәрі жақсы!» деп беріліп келген жалған ұрандардан емес пе еді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әділетті Қазақстанды құрып жатыр! Жаңа Қазақстанның басты талабы, халық пен билік арасын жақындастыру,  тығыз қарым-қатынас орнату, еститін Үкімет орнатып, ашық диалог жүргізу екені белгілі. «Сын түзелмей-мін түзелмейді», қоғамда орын алған кем-кетікті оңалтып, мінді түзесек, шама-шарқымызша көмек қолымызды созсақ дейміз.

3. Кезінде күллі қазаққа үлгі болған киелі Семейдің оқу-ағарту саласын (қазақша білмейтін адам басқарып отыр), сондай-ақ, бүгінгі иделогиясы және мәдениетін көңіл толарлық деңгейде деп айта алмас едік. Соның бір мысалы, жақында әлеуметтік желіде жарияланған мәдениет саласында болып жатқан келеңсіз жағдайды оқып қатты түңілдік. Мезгілсіз өмірден өткен мәдениет сарайы басшысының жерленгеніне екі күн өтпей жатып босаған орынға ұжымынан қол жинап, өз адамдарын ұсынып жатқаны жайлы ақпаратты оқып жағамызды ұстадық. Мейлі ғой, ұжым мүшелерінің сырттан қандай адам келеді деп алаңдағаны да болар. Бірақ, қазақ: «жақсы адам» деп, марқұм болғанын құрметтеген елміз. Өмірден өткен адамның топырағы кеппей, тіпті жетісі берілмей жатып жанталаса қол жинауы адамгершілікке жата ма екен. Сонда марқұмның аруағына деген құрмет қайда қалады? Мұндай мансап қуған сорақылыққа жол берілуі – мәдениетке, адамгершілікке, тіпті мұсылманшылыққа да мүлде жат дүние деп санаймыз. Ондай мәдениеті төмен, мансапты көксеген адамдар мәдениет көшін қалай көгертпекші? Біз қазақ халқы қашанда тізгін ұстағанына қарап көшін түзеген елміз. Жаңашылдыққа үрке қарайтын, басқарып отырған мекемесін меншігіндей бауырына басып иемденгісі келетін адамдар өздерін ұсына берсе еліміз қандай пұшпаққа жетпекпіз. Міне, бұл орын алып отырған келеңсіз жағдайлар, қаламыздың идеологиясы мен мәдениетінің рухани деңгейіне берілген баға болса керек. Семей — Алаштың жүрегі, руханияттың астанасы болған қала. Алаш арысы Ж. Аймауытов: «Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде»,- дейді.  Бұдан асырып айта да алмаспыз. Абай облысы болып жатырмыз, ұлы ақынның есіміне кір келтірмейік. Қаламыздың бір қариясы ретінде айтарым, қала руханиятын, сол ұлы ақынның айтып кеткен адамгершілік деген биік ойларына лайық болайық, аманатын аласартып алмайық деген тілегім бар.

Сұхбаттасқан Асан ОМАРОВ 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar