USD448.89EUR477.93RUB4.76

COVID-19 талаптарын салғырт қараған басшыларға сөгіс жарияланды

29 сәуір 2021, 12:33
Өткен аптадан бері COVID-19 індетінің толқыны күшейіп кетуі Өскемен, Семей, Аягөз қалаларының «қызыл аймаққа» енуіне әсер еткені белгілі. Соған орай облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е. Омарбеков қаладағы жағдайды реттеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді. Басқарма басшысының БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында баяндағанындай, облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы, сонымен қатар адамдардың қауіпті індеттен көз жұму себептерін анықтаумен айналысқан комиссия жұмысының қорытындысында бірқатар жайлар анықталған.
COVID-19 талаптарын салғырт қараған басшыларға сөгіс жарияланды

Пандемия басталғаннан бері аймақта коронавирус ауруының 24,5 мың жағдайы тіркелсе, оның 17 мыңы клиникалық көріністермен, ал 7,5 мыңы вирустың асимптоматикалық тасымалдаушылары екені мәлім болып отыр.

Ермек Омарбековтың айтуынша, бүгінгі таңда 3 544 инфекциялық төсек іске қосылған. Оның ішінде 319-реанимациялық және 490-карантиндік. Стационарларда 350 науқас ем алуда. Үшеуінің жағдайы өте ауыр. Қазір ондағы пациенттердің 28-інің жағдайы ауыр болса, 319-ы орташа ауыр жағдайда. Бұл ретте төрт пациент ӨЖЖ аппараттарына және 23-өкпені инвазивті емес желдетуге қосылған.

Статистикалық мәліметке сүйенсек,  жыл басынан бері аймақта коронавирустан 25 адам қайтыс болды. Оның 22-і фактісі Семей қаласындағы ауруханалардың бірінде тіркелгені жағдайдың алаңдатарлық күйге жеткенін аңғартады. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша, 23-25 сәуір аралығында науқастардың көз жұмуына байланысты арнайы жұмыс тобы Семейге аттанған болатын. Нәтижесінде жұқпалы аурулар ауруханасының қызметінен бірқатар кемшіліктер кеткені анықталды. Мәселен науқастың ауру тарихында ҚР ДСМ CОVID-19 індетін емдеудің қолданыстағы хаттамасының толық сақталмағаны өз алдына, осы дертпен қабат жүретін аурулары бар адамдардың денсаулық паспорттарындағы деректер де назарға алынып, дәрігерлер тарапынан емдеу мен диагноздар түзетілмеген. Гормондық терапияны тағайындау кезінде аурудың басталуы, зертханалық зерттеулер мен ЭКГ нәтижелеріне де жіті мән берілмеген. Ауруханаға жатқызу кезінде алғашқы тәулікте науқастарды КТ тексерісінен өткізбегені тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, деректер мұқият тексерілмей, емдеу компьютерлік зерттеулердің нәтижелерін ескерусіз тағайындалған. Антибиотиктердің, диуретиктердің бірнеше тобын негізсіз бағыттағаны анықталды.

Сонымен қатар, Семейде КТ-аппараттарының істен шыққан жайы бар. 20 наурыздан бастап алты құрылғының тек 2 аппараты жұмыс істейді.

Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, жағдайдың шиеленіскен кезеңінде КТ жұмыс істеп тұрған аппараттардың тәулік бойы жұмысы ұйымдастырылмаған. Медициналық сапа және бақылау департаменті тарапынан да ешқандай реакция болған жоқ. Сондықтан Семей қаласы әкімінің орынбасарына, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының Семей бойынша орынбасарына, сондай-ақ, жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігеріне қатаң сөгіс жарияланады.

Апта басынан бастап Семейге облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ілияс Мұхамеджан бастаған жұмыс тобы келіп, қала жасыл аймаққа шыққанға дейін арнайы жұмысын жүргізуге кірісті. ШҚО әкімі жұмыс тобына әрбір өлім жағдайы бойынша тағы да егжей-тегжейлі тергеу жүргізуді, істен шыққан КТ-ны пайдалануға беру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Тағы бір айтар жайт, тәулік бойы үш КТ-аппараты іске қосылған. 15 мамырға дейін істен шыққан аппараттарды жөндеу жоспарлануда.

– Бүгінгі күні облыстағы, атап айтқанда Семейдегі эпидемиологиялық жағдай бізге қазіргі кездегі науқастар легін еңсеруге мүмкіндік береді. КТ үш аппаратында covid-19 анықтау бойынша тәулік бойы жұмыс істейді. 15 мамырға қарай барлық алты КТ - аппарат штаттық режимде жұмыс істейтін болады, - дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Омарбеков.

Е.ө. ақпараттары

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar