Дроптар – банк картасы немесе шоттарды заңсыз мақсатта қолдануға беретін тұлғалар. Дроп болу үшін алаяқтар халықтың осал топтарын тартады: жұмыссыздар, студенттер, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер және басқа әлеуметтік әлсіз топтар. Олар өз атына ашылған шот пен картаны қылмыскерлерге беріп, жәбірленушілердің қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырады.
ҚР ҚК-нің 232-бабына сәйкес, дропперлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Картаны немесе шотты бергені үшін 3 жылға, ақша аударғаны үшін 5 жылға, ал ұйымдастырғаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар 12 млн теңгеге дейін айыппұл, мүлкін тәркілеу немесе қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза қолданылуы мүмкін, – деді полиция аға лейтенанты Ерназ Тұрлыбеков.
Алаяқтар көбіне «ақша шешу үшін адам керек», «тез карта ашсаң – сыйақы аласың», «жай ғана ақша алып, ары қарай жібересің» деген ұсыныстар жасайды. Шын мәнінде мұндай әрекеттер алаяқтыққа қатысу болып саналады.
Қазіргі таңда азаматтарға профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Өз картаңыз бен шотыңызды ешкімге бермеңіз, интернеттегі күмәнді ұсыныстарға келісім бермеңіз. Егер дроппер болып кеткен болсаңыз, ерікті түрде полицияға хабарласыңыз. Алғаш рет хабарлаған және тергеуге көмектескен адамдар жазадан босатылуы мүмкін, – деп ескертті спикер.