Келген жылмен бірге жуған қар қаланы бір түннің ішінде басып-ақ тастады. Ғажап бір романтика дерсің! Бірақ өмір тек романтикаға ғана құрылмаған ғой. Таң атысымен басталатын өмірдің қым-қуыт тірлігімен бірге табиғат тамашасының мінезіне төтеп беріп, шаруасын жасау кез келген адамның міндеті болмақ.
«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, қара күзде қысқа дайындыққа«сақадай саймыз» деп есеп беретін тиісті мекемелердің жұмысының нәтиже беретін тұсы да осы кез.
Қалың жауған қардан қала көшелерін аршып алып, оны қала сыртына тасу жұмыстары қаншалықты жүргізіліп жатыр деген сұрақпен көше тазалығы жұмыстары жөнінде коммуналдық шаруашылық мекемелерінің өкілдерімен, кездестік.
Өтелбаев Амантай Хайроллыұлы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының жауабы мынау болды:
- Бір аптаның ішінде жауған қар қала көшелерін, аулаларды басып салды. Қаланы қардан тазалау жұмыстары қалпына келтіріліп жатыр. Орталық көшелерді, алаңдарды қардан аршып, көшелерді ашты. Халықтың жүретін жол жиегін, аялдамаларды тазаланды. Жолаушыларды тасымалдау көлігінің, яғни автобустар жолдарын ашып, жағдай жасап жатыр. Бізге қатысты алаңдарды тазалап жатырмыз.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жұманов Серікқали Самарқанұлына жолықпақ болған мақсатымыз орындалмады. Жұмыс бабымен басқа нысандарда жүргенге ұқсайды. Осы мекеменің бас маманына жолығып, мән-жайды түсіндіруді сұрадық.
Шығыс кентінен жанайқайын айтып, қардың әлегінен құтыла алмай отырған мұңын айтқан ақсақал Сәлиев Махмұт ақсақалды бас маманның алдына барып, сұрағына жөндеп жауап ала алмай отырғанының үстінен түстік.
- Қар жауғалы есіміз шықты. Бүгін бастықтарына жолығайын деп келіп едім, орнында жоқ болып шықты. Әрбір ұсақ-түйекке әкім жауап бере бермейтін шығар. Осыдан келіп, елдің «әкім жұмыс істемейді» деген пікірі қалыптасады. Әрбір осы жұмыстарға жауапты маман бар, солар өз жұмысы бойынша жауап беруі керек. Осында отырған әр маман бұны түсінуі керек, халықпен жұмыс істеу керек. Күндіз күреп, тасып үлгермесе, түнде неге жұмыс істемейді? Өткенде түнде қоңырау шалдым. Он күн болды. Бізге қарай жіберілген қар күрегіш көлік әлі келген жоқ. Сендерде бақылау жоқ. Көлік сынып қалды деген жауап алдым. Сынған жеріне іздеп бардым таппадым,- деген ақсақалдың айқайын түсінуге әбден болады.
Қар жауғалы бірталай күн өтсе де, әр мекеме жанында, ауласында үйілген қар таудай болған. Негізгі көшелер күрелгенімен, үйілген қар сыртқа шығарылмаған. Шеткері көшелерді айтпаған күннің өзінде халық көп жүретін орталық көшелерде, үлкен сауда үйлері орналасқан нысандардың алдындағы қар әлі де мызғымастан сол күйінше, тау болып үйілген қалпында жатыр. Жеке секторлардың, аулаларындағы қары да сыртқа шығарылмаған. Онсыз да жаяу жүргінші жолына жарымаған қала көшелеріндегі жалғыз аяқ сүрлеуде екі кісі адам қарсы келсе, біреуі тоқтап жол беруге тура келеді. Бұл қолайсыздықты қалай түсінуге болады? Тиісті мекемелердің өз жұмыстарына салғырттығы деп «бағалауымыз» жөн шығар? Қысы қатты Шығыс өңірінің бұл мезгілдегі жағдайы осы өлке тұратындарға мәлім. Қысқа дайындық мәселесін қарастырғанда тиісті орындар «Бұл мәселегі неге тыңғылықты ойластырмаған?» деген сұрақ өз-өзінен көлденеңдейді.
Бұл сұрақтарға тікелей жауап беретін бас маман Какенова Динараға осы сауалдарды қойғанымызбен мардымды жауап ала алмадық.
- Қыс басталысымен қар аз еді, кейінгі екі-үш күндегі қарды күрегенімізбен, қала сыртына тасымалдауда үлгермей жатырмыз. Көлік жетіспейді емес, жетіседі. Техника жұмыс істеп жатыр. Қар жауысымен грейдер күреді. Қазіргі таңда қар шығару жұмыстарына жұмыла кірісіп жатыр. Бір уақытта бүкіл қаланы тазалап біту мүмкін емес. Қала бойынша 81 техника бар, оның ішінде 60 арнайы техника, 21 жүк машиналары жұмыс жасайды. Қар көп жауған кезде жеке кәсіпкерлерді де жұмылдырып жатырмыз, - деген сырғытпа жауап алдық.
«Семей» коммуналдық мекемесінде грейдер бар, бірақ қаланы толық тазалап шығу үшін оның саны 12-ден кем болмауы тиіс екен. Жүргізушілер көліктерін жол жиегіне қоятындықтан, қар тазалауға едәуір кедергі келтіріп жатыр.
Аялдамалардағы ахуалды да көрдік. Қасында үйілген қар. Қар тазалаумен шұғылданып жүрген жандарды кездестірмедік. Мысалы, қалада көлікке қар тиеліп жатқанын көрген жоқпыз. Көшелерді қардан тазартуда кәсіпкерлік нысандарының иелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу де маңызды. Олар өз аумақтарынан қар шығаруды қамтамасыз етулері тиіс. Бұл жұмыстарға құқық қорғау органдарын да жұмылдыру керек. Сондай-ақ, адамдар қарды неге жолға тастайды? Әрбір мекеменің қожайыны өз аумағына жауапты ғой. Сондықтан олар қарды қала сыртына өздері шығарып тастап отыруға міндетті.
Қыс маусымында Семейдегі жолдарды қамтамасыз етуге қала бюджетінен қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Қала көшелерінен қанша текше метр қар шығарылғаныны да бас маман атып бере алмады. Басты көшелер мен қосалқы көшелерде үйілген қар сол қалпында жатыр. Қазіргі көктайғақ пен қалың қар қала көшелеріндегі көліктер мен жаяу жүргіншілерге қиындық туғызуда.
Бұл мақсатқа қаржы жеткілікті мөлшерде бөлінетіндіктен, қала көшелеріндегі қарды тазалау және шығару жұмыстарын күшейту жұмыстарына аса ыждахаттылықпен қарамаса, үйілген қарды уақытында шығарып, жеңілдетіп отырмаса, келесі жауған қар тағы да осындай қиындықтар тудырары сөзсіз.«Қар тазалау жұмысы жалғасуда» деп тиісті мекеменің маманы жауап бергенімен, қала көшелеріндегі тазалық жұмыстары тым сылбыр жүргізілуде. Табиғат біздің жайбарақат қалпымызды күтпейді. Оның тосын «сыйына» дайын болу әр адамнан, әсіресе, өз қызметтеріне жауапты болып отырған мекеме қызметкерлерінен сұралары сөзсіз. Әрбір тұрғын өзінің тұрып жатқан туған қаласының қар астында қалмауына алаңдаулы. Қаланың дер кезінде қардан тазаланбауы көктем келіп, күн жылынысымен көшелерге толатын лайсаңның тағы да ыңғайсыздық тудыратыны саналы адамға белгілі. Көктемдегі сарқырама сулардың келеңсіздіктеріне тап болмас үшін, осы бастан тау болып үйілген қардан уақытында құтылудың қамын ойлайық, ағайын!
Үміт ШӘРІПОВА