USD495.2EUR522.34RUB4.94

КӨЗҚАРАС

23 ақпан 2023, 12:15
Көзқарас
КӨЗҚАРАС

– Сіз мені ешқашан түсінген емессіз! Түсінгіңіз келмейді де! – деп есікті тарс жапқан қыз бала өз бөлмесіне кіріп кете барды.

Шеше де орнынан атып тұрып, соңынан ілесті. Алайда, есік іштен ілулі болған соң, кіре алмай, сол жерде бөгелді. Бірақ онда да берілгісі келмей:

– Иттің баласы, «түсінбейсің!» деймісің? Осының бәрін сенің қамыңды ойлаған соң айтып отырмын емес пе? Өсейін деген екенсің. Дастарқаннан асыңды ішіп бітпей неге тұрып кетесің? Есікті неге бекітесің? Аш қане! Шық бері! Қанша ашулы болсаң да, астан үлкен емессің. Отыр да, тамағыңды іш! – деп есіктің тұтқасын жұлқып жатып, қатты-қатты сөйледі.

Ар жақтан:

– Шықпаймын! Ішкім келмейді. Тойдым! – деп зорығып жылаған дауыс естілді.

Сонда тың тыңдағандай кейіппен шеше біраз есікке құлағын төсеп тұрды да, қайта дастарқанға отырды. Бірақ алдында тұрған асты шанышқымен әрлі-берлі қозғағаны болмаса, жапырып жеп жібермеді. Кенет дастарқан үстінде жатқан телефонның бірі шыр ете түсті. Соны қолына алып, шылдырлағанына біраз қарап отырған соң, құлағына апарып:

–Иә! Тыңдап тұрмын, – деді салқын үнмен.

Сәл кідірістен кейін қайта:

– Мөлдір жауап бере алмайды. Айналайын, сөзімді тыңда.  Есіңде болсын, екеуіңнің кездесулеріңе қарсымын. Ақылыма құлақ ас, енді оны іздеме. Жайына қалдыр. Егер тілімді алмасаңдар, басқаша әрекет етуіме тура келеді. Мына жүрістеріңді әкесі естісе... – дей беріп еді, мана ғана «енді бөлмемнен өмірі шықпаймын» деп сес көрсеткендей болған қыз бөлмесінен атып шығып:

–Мама, неге өйтесіз?! Менің телефоныма неге жауап бересіз? Айтыңызшы, ол сонша не істеді? Оған неге бұлай ауыр сөйлейсіз? Бар кінәсі мені сүйгені ме? – деп безек қағып жылады.

Қызының мына кейпінен шошып кеткендей, тұтқаны дастарқан үстіне тарс еткізіп қоя салған шеше:

– Мына қыз қайтеді, ей?! Андағы түрің не? Бесіктен белің шықпай жатып, шешеңе неге дауыс көтересің? Әлі мектепті де біріген жоқсың. Қайдағы махаббат? Осы жігіттің кесірінен соңғы кездері өзіңді танымай жүрмін. Мінезің өзгеріп шыға келді. Бұрынғы Мөлдір қайда? Әлде мына жігіттің кесірінен есіңнен алжасайын дедің бе? Жаныңның барында қысқарт! Естимісің? Мен сенен сұрап тұрмын... – деп біресе дауысы діріл қағып, біресе қарлыға өтімді-өтімді сөйлеп жатыр еді, онысынан аса жасқана қоймаған қыз:

–Менің айтқанымды естімей, тек өз қалауыңызды тықпалай берсеңіз, қалай ғана қарап отырамын? Сонда, сіз қарсы болған соң, махаббатымнан бас тарта салуым керек пе? Ол сіз ойлағандай жаман жігіт емес. Ол мені силайды, – деп енді көзінің жасын сүртіп тастап, өз ойын дәлелдеуге көшті. Мұны көрген шеше:

–Сені расында танымай отырмын. Сен расында менің ақылды Мөлдірімбісің? – деп күйіне алақанымен аузын басып.

Жанарынан тамшы жас атқып та кеткендей көрінді. Алайда сәлден кейін олай әлсіздік таныта алмасын түсінгендей қайта бойын жинап ап, дастарқанды сұқ саусағымен нұқып отырып:

–Біліп қой, әлгі жігітпен жүруіңе жол бермеймін. Ол кәмелеттік жасқа толған, жоғарғы оқу бітірген ересек адам. Ойында не бары бір Құдайға ғана аян. Егер сабаңа түсіп, ақыл тоқтатпасаң, әкеңе айтып, ананы темір торға жаптыруға бармын. Оған әкеңнің де, заңның да күші жетеді, – деп сес көрсете сөйледі.

Сонда дәл біреу бетінен салып кеп қалғандай қызара бөртіп, жанары қайта жасқа толып шыға келген қыз:

–Әне, көрдіңіз бе? Сіз мені еш түсінбейсіз. Мені ойламайсыз да. Мені жақсы көрсеңіз бұлай етпес едіңіз. Сол себепті, сізді тыңдамаймын. Егер бұлай қыспаққа ала берсеңіз, мен үйден қашып кетемін. Бұлай өмір сүргенше далада күн көргенім мың есе артық! – деді де, қайта бөлмесіне кіріп, есігін тарс жапты.

Шеше де қайта атқып тұрып, соңынан ілесті. Бұл жолы да есіктің жабық боларын ойлаған мен аяғымның ұшына тұрып, терезенің темір торына жармаса, ішке үңіле беріп ем, ту сыртымнан:

–Кімсің, ей? – деген зілді дауыс естіп, жалт бұрылдым.

Қарсы алдымда полиция киімін киген жасы 40-45 шамасындағы ер адам тұр еді. Мұндайлардың мендей жанды аямасын бала күннен жақсы білетінмін. Жүрегім зырқ ете түсті. Жолымды бөгеп тұрған соң, қашып құтыла алар емеспін. Сол себепті, не де болса мән-жайды түсіндірмек боп:

–Ұрлық жасағалы келгем жоқ! Рас айтамын! – дедім мына күздің суығынан жарылып кеткен қос қолымды бұлғап тұрып.

Сонда мені бастан-аяқ сынай қарап шыққан ол ең соңында аяғымдағы екі сыңар тозығы жеткен аяқ киіміме көз тоқтатып:

Ұрлық жасауға келмесең, өзгенің терезесіне неге сығалап қарайсың? – деді сөзіме сенбегендей.

Сол себепті, жылуы жоқ күртешемнің қойнынан мана ғана осы терезеде ілулі тұрған жерінен шешіп алған бір дорба қатқан нанды шығардым да, не деп ақталарымды білмей, төмен қарадым. Ол да тіл қатпады. Сонда сәл де болса, ұпай жинағым кеп:

–Қаласаңыз, мына нанды алған жеріме қайта іліп қояйын, тек ұстамаңызшы, – деп өтіндім.

Осыдан кейін ғана сәл жібіген әлгі;

–Бар! Бір жолға жіберейін. Бірақ келесі жолы үйімнің маңынан көретін болсам, аямаймын! Ұқтың ба мені? – деп сұрады.

Ұққанда қандай... Бірден үнсіз бас шұлғыдым да, қасынан асығыс өте шығып, жүгіре жөнелдім. Ол соңымнан біраз қарап тұрған соң, бұрылып үйіне кірді, білемін. Ал мен болсам басымның бәлеге қалмай, сол жерден аман шыққаныма қуанып, тоқтамадым. Бірақ қанша алыстап кетсем де, мана көрген шешенің балаға деген мейірімі мен жылулығын есімнен шығара алмадым. Бір шетінен тоңып, қарның ашып, не болмаса өзгеден жеген соққың жаныңа батқан соң емес, жәй ғана өзгенің сөзіне бола, жылауға болатынына, тіпті сол үшін, астан бас тартуға болатынына таң қалдым. Десе де, көргенімнің бәрі ұнады. Ананың қаталдығы да, баланың еркелігі де сондай жып-жылы болатын. Сол жылуға сәл де болса бойымды жылытқым келген соң, қойнымдағы нанды бауырыма баса түсіп, алыстап кете бердім, кете бердім...

Мейлі, түсінбейтін болсын, мейлі талғамыңды қолдамайтын, әйтеуір, сен үшін алаңдайтын болсын адам қасымызда, болсын!    

Торғын ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ. 
Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:
ҚЫЗЫЛ КІРПІШ
07 қыркүйек 2023, 16:57
СУ ЖҰТҚАН ІЗДЕР
24 тамыз 2023, 17:30
ӨКІНІШТІҢ ӨКСІГІ
19 мамыр 2023, 17:14
Қасқырдың көз жасы
20 желтоқсан 2019, 17:26

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar