USD426.99EUR514.35RUB5.72

МЕШІТТЕН «ШЫҚҚАН» МӘДЕНИЕТ ҮЙІ

10 наурыз 2021, 14:50
«Естімеген елде көп» расында. Бірақ та о заман да, бұ заман мешітті Мәдениет үйіне айналдырғанды кім көрген?!
МЕШІТТЕН «ШЫҚҚАН» МӘДЕНИЕТ ҮЙІ

Тарбағатай ауданы, Екпін ауылына жолы түскен қонақ кешкілік сейіл-серуен құрмақ оймен нысандарын көргісі келсе, көзімен жер шұқитын бір ғимарат бар. Ол – ауылдық әкімдіктің тап қасында орналасқан жергнілікті мәдениет үйі. Тек қана Мәдениет үйі емес, кітапхана болып та саналады. Ал, бұрышы дөңгеленген бұл ғимараттың сыртқы пішіні бұрынғы мешіт екенін еске түсіріп тұратыны тағы бар. Шынында да солай екен.

-Бұл кезінде совхоздың кеңсесі болатын. Ғимарат 1979 жылы салынған. Совхоздар жекешелендіру саясатымен тарағанда бос қалды. 2003 жылдан 2009 жылға дейін мешіт болды. 2009 жылы жаңадан мешіт салынды да бұл Мәдениет үйне айналды. Жергілікті басшылық жөндеуден өткізіп, қайтадан пайдалануға берілген күннің өзінде бір жағын кітапханаға айналдырды. Ішіне топ кісі де сыймады, әйтеуір бос тұрмасын деген тірлік болды. Қазір енді, пандемия желеуімен жабық тұр. Бірақ, бізге жаңа Мәдениет ғимараты салынуы керек. Кезінде босаған мешіттер төңкерістен кейін кеңсеге, қоймаға, тіпті, мектепке айналып кеткенін естуім бар еді. Ал, ескі конторды мешіт, одан Мәдениет үйі жасағаны ұят нәрсе болды. Шын мәнінде совет өкіметінің саясатынан да асып кетіппіз. Не үлкен залы жоқ. Ауыл жастары не жиылып келе алмайды, не адамша бір шара өткізе алмаймыз, жиырма адамның өзі әрең сыяды. Сонда бұл ғимарат кімге керек?,- деп күйінеді ауыл ақсақалы Тұрғали Тоқтаров.

Тағы бір таңғаларлығы бұл ғимаратқа шатыр шақ келмейді екен. «Не құдыреті барын кім білсін, жаңадан шатырланса болды, әлдебір ауа райының сынағын көтере алмай, бірнеше рет ұшып кеткеніне куә болдық. Бәлкім, мешіттен Мәдени нысан жасағанның салдары ма, әйтеуір, жылға жетпей шатыры ұшып кетеді. Тағы бір жасырмайтын жайт, осында жұмыс істеген адам ауырады. Атын атамай-ақ қояйын, кітапхана меңгерушісі де, Мәдениет үйінің қызметкері де әлдебір себеппен дәрігерге қаралып жүрді.» дейді Тұрғали ақсақал.

 Т. Тоқтаровтың сөзіне сүйенсек, бұл туралы аудан басшылығына бірнеше рет айтылған. Ауыл адамдарының ортақ арманы – жаңадан Мәдениет үйін салуға ықпалы ету. Алайда, оған қазір жергілікті атқарушы биліктің шамасы жоқ көрінеді. Ал, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаевтың айтуынша, мәселені шешу жайының жобасы бар. 

«Аудан әкімдігінің бұл ғимаратты жөндеуден өткізу жайындағы жоспары бар. Жаңа Мәдениет үйі керек екенін білеміз. Болашақта Мәдениет үйі жоқ ауылдарға көңіл бөлінеді»,-деп қысқа қайырды Е. Сабырбаев.

 Тоқетерін айтқанда, 2 мыңнан астам тұрғыны бар, аудан орталығынан үш шақырым ғана жерде тұрған үлкен ауылдың түйткілді мәселесіне айналған Мәдениет үйнің жаңадан салынар -салынбасы әзірге белгісіз. Ауылдағы қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, жастардың тұрақтауы да осында Мәдениет үйінің болуына көп байланысты. Ал, сыртынан қарасаң мешіттті еске түсіріп тұрған Мәдениет үйі олардың әзір ойынан шыға қоймайды. Сондықтан да аудан басшысының тарапынан пәрменді қимыл, салмақты жауап керектігін әлі күнге дейін айтып-ақ келеді.

Сәтжан Қасымжанұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

14 сәуір 2021, 11:43
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2021
Әрленім және құрастыру
SemStar