USD446.49EUR475.38RUB4.79

«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ҮШІН ТИІМДІ

03 ақпан 2021, 10:57
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы - жұмыссыз жүрген азаматтарымыз үшін жақсы мүмкіндіктерге жол ашқаны анық. Қолына диплом алған студенттер үшін алдымен «қайда барамын, жұмысты қайдан іздеймін?» деген сұраққа жауап іздейтіні белгілі. Оның үстіне қазіргі пандемиялық жағдай көптеген жұмыс орындардың жабылуына, кіріс көздерінің тоқтауына әкеліп соққанын көзіміз көріп отыр. Осындайда «Еңбек» бағдарламасының аясында мемлекеттік қолдау барын екінің бірі біле бермейді. 2020 жылы «Еңбек» бағдарламасы үш бағыт бойынша жұмыспен қамтуды жүзеге асырған екен. Атап айтсақ, бірінші бағыты «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» болса, екіншісі «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша жалғасқан. Ал, үшінші бағыт «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» аясында қарастырылыпты. «Еңбектің» осы үш бағыты бойынша ашық, халыққа түсінікті тілмен жеткізу мақсатында сұхбат жүргізілді. Баршаға пайдалы болады деген ниетте назарларыңызға ұсынамыз .
«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ҮШІН ТИІМДІ

Бірінші бағыты бойынша Семей қаласының «Жұмыспен қамту орталығының» маманы Алтынай Құрманғалиевамен сұхбаттасудың сәті түсті.

-Пандемия салдарынан жұмыссыздық саны артқанын байқап отырмыз. Мұндай жағдайда жұмыс іздеушілердің мұқтаждығын қалай шештіңіздер?

-Негізі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы 2017 жылы қабылданған болатын. Оның үш бағыты бар. Бірінші бағыты бойынша жауап берсем яғни, ол бағытта қысқа мерзімді оқыту арқылы жұмыс сұраған жанға кәсіптік және техникалық білім беріледі. Сол бойынша жұмысқа тұрып кете алады. 2020 жылы «Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға» 686 адам жіберілді.

-Ол курстар  қандай бағытта және неше ай көлемінде оқытылады?

-Еңбек нарығында қазіргі уақытта сұранысқа ие болып отырған мамандықтарды оқытамыз.  Қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін біз Семей қаласындағы кәсіпорындарға хат жазу арқылы анықтап, сол бойынша әр жылдың тізбесін жасаймыз. Осы тізбе бойынша жоғарғы жақтан жоспар жасалады. Сол жоспардың негізінде қанша адамды оқыту керектігі шешіледі. Ал, курс жалпы үш ай оқытылады. Курс тегін, өзіндік шәкіртақысы 21787 теңге төленеді.

Егерде осы Семей қаласына қарасты ауыл тұрғындары келсе оларға тұратын жер бойынша 5АЕК негізінде ақы төленеді және 4 АЕК келіп кету жол шығыны төленеді. Курсты тәмамдағаннан кейін оқыған оқу орны бойынша тәжірибе алуға жіберіледі. Әр айда әртүрлі мамандарды дайындаймыз. Мысалы, бірінші ай әйел адамдарға арналған курстар болса келесісінде ерлерге арналған курстарды оқытып алмастырып отырамыз. Биылғы жылға берілгені 200 маманды оқыту жоспарда тұр. Жыл басынан бастап курс оқығысы келгендер алдын-ала жазылып, өздеріне орын алып қояды.

-Сол тәжірибеге жіберілген курс бітірушілер жұмысқа орналаса алмай жатса қандай да бір көмек бола ма? Басқа курсты тағы да оқып шығу мүмкіндігі бар ма негізі?

-Оқуға мүмкіндігі бар, әрине. Бірақ, келесі жылдық курстарды оқиды. Яғни, бір жылда екі рет оқу мүмкіндігі жоқ. Курс бітіруші адамның жеке кәсіп ашуына да болады. Тіпті, аталған бағдарлама бойынша грант ала алады. Бизнес бастаймын деген азаматымыз комиссиялық тұрғыда шешімін тапса 200АЕК негізінде грант беріледі. Ол тек құрал-жабдықтарын алу үшін беріледі. Және берілген грантты мақсатты түрде пайдалануы тиіс. Былтырғы жылы 218 адам грант алды.

Алтынай Сайлаубекқызынан кейінгі сұхбатымызды «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша Семей қаласының жұмыспен қамту орталығының шағын несие беру және қоныс аудару бөлімінің маманы Ерболат Бейсенбекұлымен жалғасты.

-Жалпы осы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты ол кәсіп ашамын деушілерді және кәсіпкерлерді қолдау үшін жасалған ба?

- Бұл бағыттың да бірнеше бағыты бар. Соның екінші бағыты «Кәсіпкерлік бастамаларды» қолдау деп аталады. Өңірлік Бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жылда жоспар береді. Былтыр өте жақсы жұмыс істедік. Барлығы осы бағыт аясында келген кәсібін дамытамыз деген жандарға кеңес береміз, оған  қатысатындардың жас шамасы 18-ден зейнет жасына дейінгі кез-келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Яғни, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Біз соларға жолдама береміз.

-Ал, кімдер қаржыландырып отыр осы азаматтарымызды? Яғни бұл қаржыны қайтарымсыз емес, несие түрінде ала ма?

-Семей қаласының құрылымдық округі бойынша 16 округтан келеді. Осындай ауылдан келгендерге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан бөлінеді, ал Семей қаласындағы кәсіп бастаушыларға, жалғастырушыларға қаланың екінші деңгейлі банктері бар, олардың ішінде жеті банкпен келісімшарт жасастық, соның негізінде қаржыландырылады.  Несие түрінде берілетіндіктен, қайтарылады. Жалпы 6 пайызбен 5 жыл мерзімге дейін беріледі. Ал қайтарымсыз гранттар кәсібін енді-енді бастағандарға беріледі. Ал бізде сол грантты алып,  әрі қарай кәсібі дөңгеленіп жатса одан ары қарай дамытуға миллионнан артық қаражат несиелер беріледі. Жалпы, Семей қаласында 18 милионнан артық қаражат негізінде несие ала алады. Орнына кепілдік қою арқылы, әрине.

- Жалпы өткен жылы осы бағытта қанша адамға жолдама бердіңіздер? Олардың қаншасы қолдауын тапты?

- 2020 жылы 223 бағдарлама қатысушысына жолдама бердік. Оның ішінде «Екінші деңгейлі банктерден» қала бойынша 54 үміткерге, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 158 үміткерге, Агрокредиттік корпорациясынан 11 үміткерге  берілді. Нақты 2020 жылы 140 адам осының негізінде қолдау тауып несие алды.

-Сіздер бизнес жоспарын ұсынған азаматтардың барлығына жолдама бересіздер ме?

-Егер бизнес жоспарының талаптары сай келсе, соларға жолдама береміз. Себебі, олар жұмыс жасамауы керек, бір жерден жалақы алып отырмауы керек дегендей. Оны базадан қарап білеміз. Егер қаржыландыру көзі, жалақы алып отырған болса ол жұмыспен қамтылған азамат болып есептеледі. Және бір талап кәсіпкерлік негіздерін оқыған, техникасын білу керек. Онысы жоқ болса кәсіпкерлер палатасына жібереміз. Сол жерде кәсібін шыңдап, мақсатын айқындап алуына мүмкіндік туады.

  Сөзіміздің басында айтылған, үшінші бағыт, яғни, «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту»  бағыты бойынша Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді қолдау және Әлеуметтік жұмыс орыны, Жастар тәжірибесі, Қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру бөлімінің  басшысы Ардак Байсаринаның айтуынша,

қоғамдық жұмысқа жіберілетін жұмысшылардың жалақысы өскен. 2020 жылы 42500 теңге алып жүрсе, қазіргі уақытта ол 60000 теңгеге өсті. Ал келісімшарт мерзімі 3 айдан 6 айға дейін жіберілсе қазіргі уақытта 12 айға шарт жасалынады. Бұл әрине, жақсы көрсеткіш. 2020 жылы 956 адам осы бағытта жұмысқа орналастырылды.

Ал, әлеуметтік жұмыспен қамтылу өзгеріссіз. Яғни, біз жалақының 35 пайызын төлесек, жұмыс беруші мекеме 65 пайызын төлейді. Келісімшарт 12 айға дейін жасалады. Яғни, жұмысқа тұрушы ешқандай да ұтылмайды.  2020 жылы 240 адам осы бағытта жұмысқа орналастырылды.

Жастар тәжірибесі бойынша аты айтып тұрғандай дипломмен қамтылған мамандарды  ары қарай мамандығына ыңғайландыру мақсатында тәжірибе алуға жібереміз. Яғни, 29 жасқа дейінгі жастар соның ішінде колледж бітіргендер, жоғары оқу орынын бітіргендер бар солардың бәрін қамтимыз. Жұмыс берушінің өтініш беруіне байланысьты сай келетін және өзі оқып шыққан мамандығы бойынша жібереміз. Мерзімі 6 ай. Бұл бағыт бойынша 2020 жылы 293 жастар жіберілді.

-Ал 6 ай біткеннен кейін олар сол жұмыс орнына қабылданбай жатса ары қарай тағы осы бағытта басқа мекемеге бара ала ма?

6 ай жалпы өзінің бар шеберлігін көрсетуге берілген аз уақыт емес деп ойлаймын. Жастар тәжірибесіне бір реттен артық қатыса алмайды. Айта кететін жайт 5 қаңтарда Семей қаласы Жұмыспен қамту орталығы «Пилоттық бағдарлама» енді. Электрондық үкімет порталы дейді. Кез келген адам өзінің электрондық цифрлы қолтаңбасы арқылы «enbek.kz» сайтына кіріп, есепке тұруына болады. Үш күн бойы база сол адаммен жұмыс істейді яғни, қандай вакансия бар соны ұсынады. Соңғы жаңалығымыз осындай.

-Рахмет, жаңалықтарыңыз көп болсын.

Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar