Бүгінде мобилограф, СММ, таргетолог сынды жаңашыл мамандықтар сұранысқа ие. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, «бір айда 500 мың теңгеге дейін табысыңды арттыруға көмектесемін» деген сияқты жарнамалардан көз сүрінеді. Расымен де, онлайн түрде үйден шықпай-ақ табыс табуға болады. Өйткені, қазіргі таңда студенттер мен бала күтімімен үйде отырған аналардың арасында осындай мамандықтар игеріп, кәсіп бастағандар көп. Әлеуметтік желілердің дамуына байланысты жаңа мамандықтар ашылуда. Instagram желісінің өзінде ғана СMM-менеджер, мобилогроф, таргетолог, коуч, инфлюенсер және тағы сол сияқты мамандықтар бар.
СMM-менеджер – әлеуметтік желілерде брендті, компанияны, өнімді жарнамалайтын адам. Оның негізгі міндеті – сату стратегиясын, сатушы контент жоспарын құру. Одан басқа, әлеуметтік желілердің статистикасын үнемі қадағалап отыру мен таргет жарнамаларын жасау. Әлеуметтік желілерде көретін жарнама таргет жарнама деп аталады. Яғни, біраз уақыт бұрын көйлекке қызықсаңыз, сіздің алдыңыздан көйлектің жарнамасы шығады. Ең бастысы, SMM маманға белсенділік талап етіледі. Сурет пен бейнеролик түсіре алу, камерамен жұмыс істей білу – басты міндет. Екіншіден, қырағылық. Ол дегеніміз, соңғы қарқынмен өмір сүру, қоғамға не қызық екенін білу. Мысалы, біз күнде «Tik-tok» сияқты бірнеше желіні бақылап отырамыз, трендтен қалмауға тырысамыз. Шынында қазір 2-3 жыл бұрынғы контент өте аз. Сатып алушыны өзіңнің ерекшелігіңмен қызықтыру – заман талабына айналған. Әлемнің көптеген елінде бұл мамандық өте өзекті. Себебі, пандемиядан кейін онлайн жұмыс істеуді үйрендік. Үйде отырып, тауарға тапсырыс беру үйреншікті іске айналды.
Мобилография – кәсіби фотоаппараттың көмегіне жүгінбей, қолымыздағы телефонды қолдану арқылы сапалы бейне жасайтын жаңа саланың түрі. Ал мобилограф – әдемі кадрлар жасайтын адам. Желілерден бұл мамандықтың сұранысы күннен-күнге артып жатқанын байқайсыздар. Жазылушыларымен үнемі кері байланыста жүретін кез келген парақша мобилографтарға әрқашанда зәру. Бұл зат шет елде танымал болғандықтан, біздің елді де айналып өтпеді және болашақта жоғалмайтыны анық.
Мобилография жас таңдамайды. 18 жаста да, 30 жаста да айналысып кетуге болады. Тіпті, бұрыннан келе жатқан мамандықтардан қарағанда мобилографтардың табысы жоғарырақ болады. Қалай үйренемін десеңіз, курстарға қатысып көріңіз «Жай телефонға түсіру мен үлкен камераға түсірудің айырмашылығы қандай?» дегенге келер болсақ, ең біріншісі, олардың көлемі. Өздеріңіз білетіндей, камераның салмағы өте ауыр, оны алып жүру үшін жеке сөмке қажет. Ал, телефон өте ыңғайлы. Сонымен қатар, бейнеролик түсіріп жатқан кезде әдемі кадрлар жасауға жылдамдық керек, камерамен оны жасау өте қиын. Екіншіден, камераның жадындағы видеоларды алу үшін ноутбук немесе компьютерді қолданасыздар. Ол белгілі бір уақытты алады. Яғни, бұл жерде жылдамдық та рөл атқарады. Заман дамығандықтан, телефондағы қосымшалар арқылы видеоңызды лезде өңдей аласыз. Тапсырыс беруші де ұзақ күтпей, сіздің жұмысыңызға алғысын айтатын болады.
Таргет – маркетингтің негізі. Бұл арқылы біз қандай да бір әлеуметтік желілердегі пайдаланушыларға жарнамалық ақпаратты жеткіземіз. Ал таргетолог – осы жарнаманы жасайтын адам. Басқа жаңадан шыққан мамандықтар сияқты таргетологтардың да сұранысы өте жоғары. Елімізде кәсіпкерлер көп болғандықтан, кәсіптерін дөңгелету үшін таргетологтарды жалдайды. Қалалардың шетінде, ауылдарда онлайн кәсіпке кірмегендер әлі көп. Сондықтан да осы мамандық алдағы 3-4 жылда сұраныста болып, өсетініне күмән келтірмеймін. Таргетолог үшін үш маңызды мәселе:
Біріншіден, тапсырыс берушінің кәсібіне сараптама жасау. Екіншіден, мақсатты аудиториясын таңдай білу. Үшіншіден, таңдалған аудиторияға креатив құрастыра алу. Барлығымызға қолжетімді YouTube желісінде мағлұматтар өте көп. Сол жердегі ақпаратты дұрыс меңгеріп, тәжірибе жасасаңыз, табыс табуға болады. Білімді міндетті түрде арттырып отырған жөн. Мықты таргетологтардың жеке сабағынан өтсеңіз де, артық болмайды.
Инфлюенсер ұғымы бізге батыстан келген. Ағылшын тілінен аударғанда инфлюенсер (influence) «ықпал ету» деген мағынаны білдіреді. Іс жүзінде жарнама арқылы ақша табатын кез-келген контентмейкер инфлюенсер болып саналады. Сонымен инфлюенсер дегеніміз – өзіндік пікірі мен таңдауы адамдардың қызығушылығын оятатын ықпалды адам. Түсінікті сөзбен айтқанда, инфлюенсер – бұл біздің кумиріміз. Біз кішкентай кезімізден біреуге ұқсағымыз келіп, еліктеп өсеміз. Ол біздің табиғатымыздан берілген. Инфленсерлер сол бізге ұнайтын әлеуметтік желідегі ықпалды адамдар. Осыдан 10 жыл бұрын бұл рөлді тек атақты адамдар ала алушы еді. Бүгінде бұл атаққа кез келген адам ие бола алады. Инфлюенсерлер микро және макро инфлюенсерлер деп әлеуметтік желідегі оқырмандар санына байланысты осылай екіге бөлінеді.
Микро инфлюенсерлердің оқырмандарының саны 5 мыңнан 100 мыңға, одан миллионға дейін жетеді. Ал, макро инфлюенсерлердің оқырмандарының саны миллионнан асады. Бірақ мұнда саннан сапа маңызды екендігін айта кетуіміз керек.
Микроинфлюенсерлер көбінесе шағын бизнес пен ірі компаниялардың әлеуметтік желідегі маркетингтік науқандарына тартылады. Атап айтқанда, кішкентай, бірақ лоялді аудиториямен олар брендті жақсы жарнамалай алады. Инфлюенсерлердің бұл түрі қазір Facebook және Instagram желісі арқылы қарқынды даму жолына түскен. Мұндай блогерлер әлеуметтік желіде өздері бағытталған саланың үздігі екендігін көрсете білген сайын аудиториясын кеңейте береді. Олардың қатарына бұрын ешкім білмеген ақпаратпен бөлісетін, атақты дүкен қызметкерлері, түрлі ойын-сауықты ұйымдастырушылар, блогерлердің көмекшілері, карьера мен отбасын қатар алып жүрген аналар кіреді
Жастар – жаңа идеясы мол жандар. Техниканың барлығын меңгергендіктен, дәл осы мамандықтар бойынша 18 жастан асқан жандар өте үлкен сұраныста. XXI ғасырдағы сұранысқа ие мамандық санатына қосылған СММ, таргетолог, мобилограф сынды мамандардың жаңашыл бағытқа бет бұруы көңіл қуантады. Заманына қарай онлайн түрде қызмет ететіндердің дәуірі жүріп тұрған кезде түрлі курстар оқып, жаңа кәсіп бастау артықшылық етпейді. Ең бастысы, бұл салаларда уақыт еркіндігі бар. Тіпті, жұмыс уақытыңызды өзіңіз құрап алуыңызға да қақыңыз бар. Еркіндік бар жерде, еңбектің де ақталары сөзсіз.
Асем КИБАШЕВА