USD444.22EUR476.38RUB4.82

Тұтынушылардың назарына

25 шілде 2022, 16:29
Тұтынушы тауардың кемшіліктергеқатысты қандай мерзім ішінде талаптар қоюға құқылы?
Тұтынушылардың назарына

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» 2010 жылғы 4 мамырдағы №274-IV Қазақстан Республикасының Заңының 17-бабына сәйкес, жарамдылық мерзімі белгіленген тауарға қатысты тұтынушы тауардағы кемшіліктер туралы, егер олар тауардың жарамдылық мерзімі ішінде табылса, талаптар қоюға құқылы.

Егер тауарға кепілдік мерзімі белгіленген болса, тауардағы кемшіліктер кепілдік мерзімі ішінде табылған кезде тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоюға құқылы. Егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі тауар сатып алушыға берілген кезден бастап есептеледі. Егер тауарға кепілдік мерзімі немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауардағы кемшіліктер тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл шегінде табылған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта бұдан да ұзақ мерзімдер белгіленбесе, тұтынушы тауардың кемшіліктерімен байланысты талаптарды қоя алады. Шартта көзделген кепілдік мерзімі екі жылдан аз уақытты құраған және тұтынушы тауардағы кемшіліктерді кепілдік мерзімі өткеннен кейін, бірақ тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл ішінде тапқан жағдайларда, егер тұтынушы тауардағы кемшіліктердің тауар тұтынушыға берілгенге дейін немесе сол кезге дейін туындаған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, сатушы (дайындаушы) жауапты болады.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, жиынтықтаушы бұйымға кепілдік мерзімі негізгі бұйымға кепілдік мерзіміне тең болып есептеледі және негізгі бұйымға кепілдік мерзіммен бір мезгілде жүре бастайды.Тауарды (жинақтаушы бұйымды) ауыстырған жағдайда, егер  шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі қайта есептеледі. Шартта жиынтықтаушы бұйымдарға және тауардың құрамдас бөлігіне кепілдік мерзімінің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің ұзақтығынан аз болып белгіленген жағдайда, тұтынушы жиынтықтаушы бұйымдағы және тауардың құрамдас бөлігіндегі кемшіліктер туралы талаптарды олар негізгі бұйымның кепілдік мерзімі ішінде табылған кезде қоюға құқылы. Егер шартта жиынтықтаушы бұйымдарға кепілдік мерзімінің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің ұзақтығынан артық болып белгіленсе, егер негізгі бұйымға кепілдік мерзімінің өтіп кетуіне қарамастан, жиынтықтаушы бұйымның кемшіліктері оған белгіленген кепілдік мерзімі ішінде табылса, тұтынушы тауардың кемшіліктері туралы талаптар қоюға құқылы.

Тауарларды үлгілері бойынша, пошта арқылы, электрондық сауда жолымен сату кезінде, сондай-ақ сатып алу-сату шартын жасасу кезі мен тауарды тұтынушыға беру кезі сәйкес келмейтін жағдайларда, кепілдік мерзімі не тауардың кемшіліктерін анықтау мерзімі – тауарды тұтынушыға берген (жеткізген) күнінен бастап, ал егер тауар арнайы орнатуды (қосуды) немесе жинауды қажет ететін болса, оны орнату (қосу) немесе жинау күнінен бастап есептеледі. Егер тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) байланысты мән-жайлар бойынша тауарды пайдалану мүмкіндігінен айырылса, кепілдік мерзімі не тауардың кемшіліктерін анықтау мерзімі сатушы (дайындаушы) осындай мән-жайларды жойғанға дейін есептелмейді. Егер тауарды беру (жеткізу), орнату (қосу) немесе жинау, соның салдарынан тұтынушы тауарды мақсаты бойынша пайдалана алмайтын сатушыға байланысты мән-жайларды жою күнін анықтау мүмкін болмаса, бұл мерзім сатып алу-сату шартын жасасқан күннен бастап есептеледі. Егер берілген күнді анықтау мүмкін болмаса, бұл мерзімдер тауар дайындалған күннен бастап есептеледі.

Егер тауардың дайындалу күнінде тауардың дайындалған айы мен жылы немесе жылы ғана көрсетілсе, оның дайындалу күні тиісті айдың немесе жылдың соңғы күні болып есептеледі.

Осы бапта көрсетілген мерзімдер тұтынушының назарына осы Заңның 25-бабына сәйкес тұтынушыға берілетін тауар туралы ақпаратта жеткізіледі.

Тұтынушылар өздерінің тұтынушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ШҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласа алады (Өскемен қ., Крылов көшесі, 114, телефон 8(7232)267207, электрондық пошта: dzpp.vko@mti.gov.kz).

Өз құқықтарыңызды қорғаңыз және сауатты тұтынушы болыңыз!

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar