USD444.32EUR473.33RUB4.76

”Қазақконцерт” Қазақстанның жаңа облысының тұрғындарын құттықтайды

08 тамыз 2022, 19:07
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «ЕЛ БІРЛІГІ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» атты жаңа жобаны бастайтынын хабарлайды.
”Қазақконцерт” Қазақстанның жаңа облысының тұрғындарын құттықтайды

Жобаның аясында еліміздегі басты концерт ұйымының солистері Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Жамбыл облыстарының аудандары мен моноқалаларында мерекелік концерттер береді. Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен, облыстардағы жергілікті атқарушы органдарының қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның үйлестірушісі Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы.

«ЕЛ БІРЛІГІ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» жобасы 2022-2025 жылдар аралығында кезең-кезеңмен іске асырылады. Жобаның мақсаты – өңір тұрғындарына мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өңірлердегі шығармашылық ұжымдар мен артистерді қолдау, еліміздің ұлттық құндылықтарын дәріптеу.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, Алаш қозғалысының орталығы болған Абай облысының орталығы Семей қаласы, халқымыздың қаншама ұлы тұлғасы дүниеге келген киелі өңірді жаңғырту экономикалық қана емес, мәдени-рухани маңызға ие. Сондықтан «Қазақконцерт» гастрольдер маусымын осы киелі өңірден бастамақшы. 10-12 тамыз аралығында Семей, Курчатов қалаларында және Абай ауданының Қарауыл ауылында шығармашылық ұжымның концерттері өтеді.

Бұдан басқа гастрольдік сапар аясында 10 тамыз күні Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде (Семей қ., Қайым Мұхамеджанов к., 29) баспасөз мәслихаты және Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына арналған «Әуезов әлемі» атты дөңгелек үстел өтеді. Іс-шара барысында «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымы қоғам және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездеседі. «Ұлы Дала – Ұлы Абай» атты салтанатты концерт 10 тамыз күні сағат 18:00-де Облыстық Абай атындағы драма театрының концерт залында өтеді.

Гастрольдік концерттердің шығармашылық құрамында «Қазақконцерттің» солистері: Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Раушан Оразбаева, Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев, Салтанат Ахметова, Жанна Орынбасарова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Ардақ Елеусіз, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Дарын Құдайберген, Әлібек Әлмадиев, Әйгерім Алтынбек, Салтанат Меңдіғалиева, Дидар Әбдіхалық.

Сонымен қатар, аталған жоба өңірлер мен елорданың арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған. Концертті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Александр Галсанов жетекшілік ететін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрі сүйемелдейді.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

09 қаңтар 2024, 15:47
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar