Жақсы адамға жолықсаңыз, жолыңызға нұр жауады. Қазақ “Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат” деп тегін айтпаған. Осы орайда Семей өңірінің газет-журналдарында ұзақ жылдай абыройлы еңбек етіп, үлкен беделге ие болған әріптесіміз Перизат Кәукенқызын мақтан тұтамыз. Өз мамандығын жанындай жақсы сүйетін, көздің қарашығындай қастерлейтін Перизат Абульдинова соңғы 20 жылдан астам уақыт «Ертіс өңірі» газетінде аға корректор болып мінсіз қызмет атқарып келеді. Газеттің қатесіз сауатты басылуы корректорлардың еңбегіне тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл жұмыс барынша сауаттылықты, әрі қатені қалт жібермейтін қырағылықты талап етеді. Осыған орай, Перизат тіл маманы тұрғысында газет материалдарын мұқият оқып, қатесіз шығуына үлес қосып, оқырмандар құрметіне бөленіп жүр. Сондай-ақ, оның ең бастысы ұжымға сыйлы, алдыңғы толқын ағаларына – қарындас, апаларына – сіңлі, кейінгі ізбасарларына үлгі болуы, оның бойындағы қазақ қызына тән асыл қасиеттерінің молдығы деп білеміз.
Өмір – өзен. Ағысымен ағып, кері қайтпайды. Сол бір ағынмен тең бұл жалғанда азаматтық пен адамгершілікті сақтай білген жан ғана қадірлі. Зерделік пен даналықты жан әлеміне жаныстырған адамдар рухани бақытты.
Және тағылымы мен танымын ұрпақтарына беріп-егіп өскен жан мағыналы да сәнді өмірдің иесі жоғарыда айтқанымыздай Перизат Кәукенқызы Абдульдинова – екі әлемнің тізгінін тең ұстаған замандас. Оның бірі – баспасөз саласындағы ұзақ жылғы еңбегі мен корректорлық қызметі, екіншісі – отбасы мен жар күтімі, бала тәрбиесі. Құдай қосқан қосағы Тұрсынхан екеуі өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсіріп отыр.
Балалары бүгінде ата-анасының даңқын асырып, мерейін тасытып жүр. Тұңғышы Дулат әкесінің жолымен суретші-дизайнер. Талғат – математика пәнінің білгірі. Нұр-Сұлтан қаласында дарынды балаларға дәріс беруде. Келіндері Әсел мен Гүлжанат та бір-бір мамандық иелері. Екеуі де ұстаздық жолды қалаған. Біреуі музыка пәнінен сабақ берсе, екіншісі математика маманы. Алтын асықтай бес немересі бар. Али-нұры 1-сыныпты үздік бітірді. Музыкадан да хабары бар. Әлімханы болса, дайындық сыныбын бітіріп, биыл 1-сынып-қа барады. Қосымша спортпен айналысады. Айзересі дайындық топқа барса, Азиза мен Нұрахметі балабақшада.
Тұрсынхан мен Перизат немерелерінің сүйікті атасы мен апасы. Адами бақыт дегеніңіз осы. Ұзағынан сүйіндірсін!
Д.Бақтыгелдин