USD458.57EUR501.54RUB5.57

Абай облысында фискалдық чек тіркегендер автокөлік пен бағалы сыйлық ұтып ала алады

4 сағатқа жетпей
Қазақстанда Business Go цифрлық платформасындағы Amian сервисі арқылы «Автомобильдер мен бағалы сыйлықтар ұтыс ойыны» республикалық акциясы басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникауиялар қызметі алаңында Абай облысы мемлекеттік кірістер департаменті Камералдық мониторинг басқармасының басшысы Еркежан Бүркітова мәлімдеді.
Абай облысында фискалдық чек тіркегендер автокөлік пен бағалы сыйлық ұтып ала алады

Оның айтуынша, акция Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 2026 жылғы 10 қарашадан 2027 жылғы 30 сәуірге дейін өткізіледі. Оған жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер қатыса алады. Әр санат бойынша қатысушылардың жеке базасы жасақталып, жеңімпаздар бөлек анықталады.

– Жеке тұлғалар ұтыс ойынына қатысу үшін Amian мобильді қосымшасын орнатып, тіркеуден өтуі қажет. Одан кейін Amian Business сервисіне қосылған, акция кезеңінде белсенді маркетингтік ұсынысы бар кәсіпкерден кемінде 1 000 теңгеге сатып алу жасап, бақылау-касса машинасы берген фискалдық чектің QR-кодын қосымша арқылы сканерлеуі керек. Жүйе чекті автоматты түрде тексереді, – деді спикер.

Маңыздысы, азаматтардан чекті тіркеу және ұтыс ойынына қатысу үшін қосымша ақы алынбайды. Сондай-ақ, Business Go платформасының ақылы тарифін сатып алу міндетті емес.

Ұтысқа қатысу үшін чек бірнеше талапқа сай болуы тиіс. Атап айтқанда, ол фискалдық белгісі бар, QR-коды жарамды және акция мерзімінде берілген болуы керек. Бұған қоса, чек бұрын тіркелмеген, сатып алу күші жойылмаған және тауар қайтарылмаған болуы қажет. Бір қатысушы күніне үш чекке дейін, ал бір күнтізбелік айда 100 чекке дейін тіркей алады. Тексеруден өткен әрбір чек бір ұтыс мүмкіндігін береді.

– Кәсіпкерлер де акцияға қатыса алады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы Business Go платформасында тіркеліп, Amian Business сервисіне қосылуы, кемінде бір сауда нүктесін тіркеуі және белсенді маркетингтік ұсыныс жасауы қажет. Кәсіпкерлер санатындағы ұтыс ойынына қатысу үшін Business Go жылдық пакетін сатып алу талап етіледі, –  деді Еркежан Бүркітова.

Акцияның жалпы жүлде қоры – 12 бағалы сыйлық. Оның ішінде алты автомобиль, екі смартфон, екі планшет және екі ноутбук бар. Ұтыс ойындары 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 2027 жылғы 1 мамырға дейін ай сайын өткізіледі.

Әр кезеңде екі жеңімпаз анықталады: бірі – сатып алушылар арасынан, екіншісі – кәсіпкерлер арасынан. Осылайша, акция қорытындысы бойынша алты сатып алушы мен алты кәсіпкер бағалы сыйлық иегері атанады.

Жеңімпаздар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми парақшаларында тікелей эфирде кездейсоқ сандар генераторы арқылы анықталады. Ұтыс ойыны тиісті кезеңге қатысуға жіберілген азаматтар мен кәсіпкерлердің электрондық базасы негізінде өткізіледі.

Акция Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің және «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараттық қолдауымен жүзеге асырылуда. Жүлде қоры бюджеттен тыс қаражат есебінен қалыптастырылады. Ақшалай сыйлықтар қарастырылмаған.

– Бұл акция азаматтардың фискалдық чектерді талап ету және тексеру дағдысын қалыптастыруға, кәсіпкерлердің бақылау-касса машиналарын қолдануын ынталандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар есеп айырысулардың ашықтығын арттырып, кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасындағы цифрлық өзара іс-қимылды дамытуға және көлеңкелі айналымды қысқартуға ықпал етеді, – деді Еркежан Бүркітова.

Айта кетейік, акцияға қатысу ерікті. Азаматтар тауарлар мен қызметтерді өз қажеттілігіне қарай сатып алады. Ал ұтыс ойынына қатысу мүмкіндігі белгіленген талаптарға сәйкес келетін фискалдық чекті Amian мобильді қосымшасында тіркегеннен кейін беріледі.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:
Выборы депутатов маслихатов

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2026
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar