USD444.3EUR490.91RUB5.41

АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Кеше 10:22
Семейде өткен Журналистер клубының кеңейтілген отырысында заманауи медианың міндеттері, этножурналистиканың дамуы және жасанды интеллект дәуіріндегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды.
АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Қазіргі қоғамда ақпараттың таралу жылдамдығы артқан сайын бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі де еселене түсуде. Әсіресе, көпэтносты мемлекет жағдайында қоғамдық келісімді сақтау, ұлтаралық татулықты нығайту және азаматтардың бір-біріне деген құрметін қалыптастыруда журналистиканың атқаратын қызметі айрықша. Бүгінде журналист тек жаңалық таратушы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық пікір қалыптастырушы, ақпараттық мәдениетті дамытушы және ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға үлес қосушы маңызды тұлғаға айналды.

Ақпараттық кеңістіктегі заманауи сын-қатерлер, этносаралық қатынастарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаудың жаңа тәсілдері, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен кәсіби журналистиканың болашағы Семей қаласында өткен маңызды басқосуда кеңінен сөз болды.

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана базасында «Этносаралық қатынастардың жаңа архитектурасы: БАҚ-тың рөлі» тақырыбында Журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға еліміздің түрлі өңірінен келген 30-дан астам журналист, этностық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемелерінің баспасөз қызметкерлері мен медиа сарапшылар қатысты.

Абай облыстық әкімдігі ұйытқы болған басқосудың басты мақсаты – журналистер арасындағы кәсіби байланысты нығайту, этносаралық қатынастар тақырыбын ақпарат құралдарында жариялаудың тиімді жолдарын қарастыру, тәжірибе алмасу және қоғамдық келісімді ақпараттық тұрғыдан қолдаудың жаңа тетіктерін айқындау.

 

Қоғамдық келісім – ортақ жауапкершілік

Жиынды алғысөзбен ашқан Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы қоғамдық келісімді сақтауда журналистиканың маңызы зор екенін атап өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарының объективті ақпараттық күн тәртібін қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

Оның айтуынша, қазіргі ақпараттық кеңістікте журналистердің кәсіби ұстанымы, дерекке адалдығы және қоғамдық жауапкершілігі ерекше маңызға ие. Өйткені, кез келген ақпараттың мазмұны мен берілу тәсілі қоғамдағы көңіл күйге, азаматтардың көзқарасына және өзара қарым-қатынасына ықпал етеді.

– Бүгінгі Журналистер клубының кеңейтілген отырысы еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайту тұрғысынан ерекше маңызға ие. Себебі талқылауға ұсынылып отырған тақырып – бүгінгі күннің өзекті әрі жауапты мәселелерінің бірі. Осындай ауқымды әрі маңызды шараның Абай жерінде, жаңашылдықтың бастауы болған өңірде өтуінің өзіндік мәні бар. Журналистер қауымдастығы өкілдерінің басын қосқан бұл кездесу облыс әкімі, журналистердің жанашыры Берік Уәлидің тікелей қолдауымен ұйымдастырылды. Өңірлік журналистиканың жаңа деңгейге көтерілуі мен нақты бағыт-бағдарын айқындауы аймақ басшысының осы салаға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесі, – деді Жарқын Түсіпбекұлы.

Басқарма басшысы өз сөзінде қоғамдық бірлік пен этносаралық келісімді нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалына айрықша тоқталды. Оның пікірінше, ақпарат құралдары қоғамдағы өзекті мәселелерді жариялаумен ғана шектелмей, түрлі этнос өкілдерінің ортақ құндылықтарын, мәдениеті мен дәстүрін танытуға, өзара түсіністік пен сыйластықты қалыптастыруға да белсенді атсалысуы қажет.

– Міржақып Дулатұлының «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген сөзі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі күрделі әрі құбылмалы кезеңде дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары өз ұстанымдарына адал болып, кәсіби бағытынан жаңылмауы керек. Осы тұрғыдан алғанда, Журналистер клубы ақпарат алудың ресми әрі сенімді алаңына айналды. Абай облысында да тұрақтылық пен келісімді сақтау, ақпараттық кеңістікті оң бағытта дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Өңірде құрылған этножурналистика бағытындағы Журналистер клубы этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар БАҚ өкілдерінің тәжірибе алмасуына, өзекті мәселелерді талқылауына және толеранттылық құндылықтарын қоғамда кеңінен насихаттауына мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

Шындығында, журналистің әрбір сөзі мен тақырыпты ұсыну тәсілі қоғам үшін маңызды. Әсіресе, этносаралық қатынастарға қатысты материалдарда дәлдік, бейтараптық және әдептілік қағидаттарын сақтау қажет. Кез келген оқиғаны біржақты көрсету немесе тексерілмеген ақпаратты тарату қоғамдық түсініспеушілікке себеп болуы мүмкін. Сондықтан кәсіби журналистиканың басты міндеті – оқиғаны боямасыз жеткізу, деректерді жан-жақты тексеру және оқырманға толыққанды ақпарат ұсыну.

 

Этножурналистика: Жаңа бағыт, тың мүмкіндіктер

Көпэтносты Қазақстан жағдайында этножурналистиканың маңызы ерекше. Бұл бағыттың негізгі міндеті – елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін таныту, олардың қоғам дамуына қосып отырған үлесін көрсету, ортақ азаматтық құндылықтарды дәріптеу.

Этножурналистика – тек ұлттық мерекелер мен мәдени шараларды жариялау емес. Ол – қоғамдағы өзара құрметті, түсіністік пен ынтымақтастықты қалыптастыруға ықпал ететін маңызды ақпараттық бағыт. Мұндай материалдарда адамдардың тағдыры, еңбек жолы, жетістігі, ортақ мақсаттары мен қоғамға қосқан үлесі кеңінен көрініс табуы тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, Журналистер клубының қызметі кәсіби ортадағы байланысты нығайтып қана қоймай, этносаралық қатынастар тақырыбын жариялаудың мазмұндық және әдістемелік сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Қоғамдық келісім» РММ-нің жетекші сарапшысы Наргиз Шотпай кеңейтілген отырыс аясында қатысушыларға арнайы бағдарлама әзірленгенін жеткізді. Оның айтуынша, басқосу пікір алмасумен шектелмей, тәжірибелік сабақтар мен тақырыптық тренингтер арқылы жалғасын табуы тис.

– Бүгінгі отырыс этносаралық қатынастар саласындағы жаңа архитектура тақырыбына арналған. Іс-шараға журналистер, этностық БАҚ өкілдері, өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ-лерінің баспасөз қызметкерлері мен медиа сарапшылар қатысуда. Әріптестерімізбен бірге өзекті тақырыптарды, контент әзірлеу мәселелерін және жаңалықтар күн тәртібін талқылаймыз. Семинар барысында спикерлер ақпараттық материалдарды сауатты әрі сапалы дайындау жолдары туралы тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушыларға пайдалы мәліметтер ұсынады. Кездесулеріміз еліміздің әртүрлі қалаларында өткізіледі. Бұл жолы іс-шараны өткізу алаңы ретінде Семей қаласы таңдалды, – деді Наргиз Шотпай.

Мұндай кездесулердің басты ерекшелігі – журналистердің бір-бірінен үйреніп, өз саласындағы тәжірибесін ортаға салуында. Әр өңірдің ақпараттық күн тәртібі мен жұмыс тәсілдері әртүрлі болғанымен, барлығына ортақ міндет – сапалы контент әзірлеу, сенімді ақпарат тарату және қоғам алдындағы кәсіби жауапкершілікті сақтау.

 

Жасанды интеллект – журналистиканың жаңа құралы

Кездесудің өзекті тақырыптарының бірі – жасанды интеллектінің медиа саласына ықпалы болды. Қазіргі таңда цифрлық технологиялар журналистиканың жұмыс үдерісіне еніп, ақпарат жинау, мәтін әзірлеу, аударма жасау, деректерді жүйелеу және мультимедиалық контент дайындау мүмкіндіктерін кеңейтуде.

Жасанды интеллект журналистердің уақытын үнемдеп, күнделікті жұмысты жеңілдетуге көмектеседі. Алайда оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін кәсіби бақылау мен жауапкершілік қатар жүруі тиіс. Себебі технология ұсынған кез келген мәлімет шынайы бола бермейді. Кей жағдайда жалған ақпарат, бұрмаланған дерек немесе шындыққа жанаспайтын мазмұн қалыптастыру қаупі бар.

Әсіресе этносаралық қатынастарға қатысты тақырыптарда мұндай мәселелерге бейжай қарауға болмайды. Әлеуметтік желілерде тараған тексерілмеген хабарламалар мен арандатушылық сипаттағы жазбаларға дер кезінде кәсіби баға беріп, шынайы ақпарат ұсыну – қазіргі журналистің маңызды міндеттерінің бірі.

Сондықтан жасанды интеллектіні журналистің орнын алмастыратын құрал емес, оның жұмысын жетілдіруге көмектесетін технология ретінде қарастырған жөн. Ал ақпараттың анықтығы, деректің шынайылығы, тақырыптың қоғамдық маңызы мен материалдың түпкілікті мазмұны үшін жауапкершілік әрдайым журналистің өзіне жүктеледі.

Бүгінгі медиакеңістікте ақпаратты жылдам жариялау ғана емес, оның сапасы мен қоғамға ықпалын бағалау да маңызды. Осы орайда журналистердің цифрлық сауаттылығын арттыру, жаңа технологияларды меңгеру және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері кәсіби дамудың ажырамас бөлігіне айналып отыр.

 

Тәжірибе алмасы – кәсіби даму кепілі

Жиынға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің журналисі Амина Бақытбек те басқосудың маңыздылығына тоқталып, талқыланған тақырыптардың бүгінгі ақпарат кеңістігі үшін өзекті екенін атап өтті.

Оның айтуынша, журналистердің басын қосатын мұндай кездесулер кәсіби тәжірибе алмасуға, жаңа жұмыс тәсілдерін меңгеруге және әріптестер арасындағы байланысты нығайтуға жол ашады.

Шынында да, журналистика үнемі ізденіс пен жаңаруды талап ететін сала. Ақпарат тарату арналары өзгеріп, оқырманның талғамы мен сұранысы жаңарған сайын журналистер де заман талабына бейімделуі керек. Дәстүрлі баспасөздің тәжірибесін сақтай отырып, цифрлық платформалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – бүгінгі медианың басты міндеттерінің бірі.

Кеңейтілген отырыс аясында ұйымдастырылған тақырыптық тренингтер мен пікір алмасулар қатысушыларға осы бағытта тың ой мен жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді. Әсіресе этносаралық қатынастар тақырыбындағы материалдарды әзірлеу кезінде тілдік ерекшеліктерді ескеру, ақпаратты дұрыс жеткізу, кейіпкерлерді таңдау, тақырыпты жан-жақты ашу және оқырманмен тиімді байланыс орнату мәселелері журналистер үшін маңызды тәжірибелік бағыт болып саналады.

Басқосудың Семей қаласында өтуінің де өзіндік символдық мәні бар. Абай есімімен аталатын өңір – руханият пен парасаттың, білім мен мәдениеттің ордасы. Ұлы Абайдың адамзатқа ортақ ізгілік, бірлік пен адамгершілік туралы ойлары бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтқан жоқ. Ал осындай құндылықтарды ақпарат кеңістігінде насихаттау – журналистер қауымына жүктелген жауапты міндет.

 

Сөз қуаты – қоғам бірлігінің тірегі

Жалпы, Журналистер клубының кеңейтілген отырысы қазіргі медианың алдында тұрған бірқатар маңызды міндетті тағы бір мәрте айқындады. Ақпараттық технологиялар қанша дамыса да, журналистиканың негізгі құндылықтары өзгермеуі керек. Олар – шынайылық, әділдік, жауапкершілік және адамға құрмет.

Қоғамдық келісім өздігінен қалыптаспайды. Ол күнделікті еңбекті, өзара түсіністікті, ортақ жауапкершілікті және жүйелі ақпараттық жұмысты қажет етеді. Осы үдерісте бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше. Өйткені журналистің сөзі қоғамға ой салып, азаматтардың көзқарасына ықпал етіп, ортақ құндылықтардың нығаюына қызмет ете алады.

Бүгінгі журналист тек оқиғаның куәгері ғана емес, ақпараттық мәдениетті қалыптастырушы маман. Сондықтан этносаралық қатынастарды жариялауда араздықты емес, татулықты; бөлінуді емес, бірлікті; күмәнді емес, сенімді алға шығаратын кәсіби ұстаным қажет.

Осылайша Семейде өткен Журналистер клубының кеңейтілген отырысы осы бағыттағы маңызды тәжірибе алаңына айналды. Әртүрлі өңірден жиналған журналистердің басқосуы өзара кәсіби байланысты нығайтып қана қоймай, ақпараттық кеңістіктегі жаңа талаптарды талқылауға, ортақ міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді.

Түйіндей айтсақ, бірлік пен татулық – ел дамуының берік негізі. Ал сол құндылықтарды қоғам санасына сіңіруде журналистің сөзі мен қаламының салмағы әрдайым жоғары. Өйткені, сенімді ақпарат – тұрақты қоғамның, ал жауапты журналистика – қоғамдық келісімнің маңызды тіректерінің бірі.

Қ.ЖОЛЫМБЕТ,

«Ертіс өңірі»

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:
Выборы депутатов маслихатов

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2026
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar