USD447.52EUR502.21RUB5.41

Салықтық құқық бұзушылықтарының алдын алу – мемлекет, бизнес және қоғамның ортақ жауапкершілігі

3 сағатқа жетпей
Салықтарды уақтылы әрі толық төлеу – әрбір салық төлеушінің заңнамада белгіленген міндеті ғана емес, сонымен қатар елдің дамуына, экономиканың нығаюына және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан маңызды үлесі.
Салықтық құқық бұзушылықтарының алдын алу – мемлекет, бизнес және қоғамның ортақ жауапкершілігі

Қазіргі жағдайда мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – салық құқықбұзушылықтарының алдын алу, көлеңкелі экономиканың жолын кесу және қоғамда салық төлеуден жалтаруға деген ымырасыз көзқарасты қалыптастыру.

Көлеңкелі экономика экономикалық тұрақтылыққа төнетін елеулі қатерлердің бірі болып табылады. Ресми емес жұмыспен қамту, кірістерді жасыру, жалақыны «конвертпен» төлеу, кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асыру, сондай-ақ нақты айналымдарды жасыру бюджетке салық түсімдерінің толық түспеуіне әкеледі.

Мұндай әрекеттердің салдары тек мемлекетке ғана емес, әрбір азаматқа да әсер етеді. Әлеуметтік салаға, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесіне, жол құрылысына және инфрақұрылымды дамытуға бағытталатын қаржыландыру мүмкіндіктері шектеледі.

Сонымен қатар, адал емес кәсіпкерлер өз қызметін ашық жүргізіп, салық міндеттемелерін адал орындайтын кәсіпкерлермен салыстырғанда негізсіз бәсекелестік артықшылықтарға ие болады.

Салықтық құқық бұзушылықтарына қарсы іс-қимылдың маңызды тетігі – орын алған құқықбұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу.

Осы бағытта мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілермен түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Халық пен бизнес өкілдерінің салықтық сауаттылығын арттыруға, салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпараттандыруға, салық міндеттемелерін орындау тәртібін түсіндіруге және заңнама талаптарын бұзу тәуекелдерінің алдын алуға ерекше назар аударылады.

Салықтық әкімшілендірудің заманауи цифрлық құралдары кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын арттыруға, тауарлар мен ақша қаражатының қозғалысын бақылауға, сондай-ақ ықтимал салықтық құқықбұзушылықтардың белгілерін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте мемлекет пен бизнес арасындағы ашықтыққа, сенімге және заң талаптарын сақтауға негізделген әріптестік қатынастарды қалыптастыруға басымдық беріледі.

Салық міндеттемелерін адал орындау мәдениетін қалыптастыру мемлекет пен қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс.

Әрбір кәсіпкер бизнесті заң аясында жүргізу оның тұрақты дамуы мен іскерлік беделінің негізі екенін түсінуі қажет. Әрбір жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға, қызметкерлерді ресми түрде жұмысқа қабылдауға және белгіленген төлемдерді уақтылы аударуға міндетті. Ал әрбір тұтынушы тауар сатып алу немесе қызмет алу кезінде фискалдық чекті талап ету арқылы көлеңкелі экономиканың қысқаруына өз үлесін қоса алады.

Салық төлеуден жалтару үнемдеу тәсілі емес, заңнамада көзделген жауаптылыққа әкеп соғатын құқықбұзушылық екенін түсіну маңызды.

Салықтық құқық бұзушылықтарының алдын алу, көлеңкелі экономиканың ауқымын қысқарту және салық тәртібін арттыру – әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамудың маңызды шарттары.

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтар мен бизнес өкілдерін салық міндеттемелерін орындауға жауапкершілікпен қарауға, қызметті заңды түрде жүргізуге, заңнама талаптарын сақтауға және кірістерді жасырмауға шақырады.

Тек бірлескен күш-жігердің арқасында бизнесті адал жүргізу қалыпты жағдайға айналып, салық төлеуден жалтару қоғам тарапынан қолдау таппайтын экономикалық орта қалыптастыра аламыз.

Салықты адал төлеу – өз еліңнің болашағына үлес қосу!

 

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияров

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:
Выборы депутатов маслихатов

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2026
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar