Оның айтуынша, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 100,8%-ды құрады. Бірқатар салаларда өсім байқалған: көлік саласында – 123,4%, байланыста – 106,4%, ішкі саудада – 105,9%, инвестицияда – 103,1%, ауыл шаруашылығында – 102,8%, ал өңдеу өнеркәсібінде – 101,3%. Жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн 914,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 31,5%-ға артқан.
Роза Құдайбергенқызының айтуынша, облыс экономикасындағы тұрақты өсімге инвестициялық жобалардың артуы тікелей әсер етуде. Қазір аймақта жалпы құны 3,2 трлн теңгеден асатын 97 жоба жүзеге асырылуы жоспарлануда.
– Оның ішінде шетелдік капитал қатысқан 3 мың жұмыс орнын ашатын 11 жоба бар, жалпы құны 713,7 млрд теңге. Солардың ең ірілерінің бірі – KAZ Minerals компаниясымен бірлесіп салынып жатқан жаңа мыс балқыту зауыты. Құны 587,7 млрд теңгеге бағаланған бұл жоба аясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, – деді басқарма басшысы.
Басқарманың мәліметінше, жыл соңына дейін өңірде 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 767 жаңа жұмыс орны құрылады.