Келіссөздер барысында тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу, ет пен сүтті экспорттау, жүн мен теріні тиімді пайдалану, сондай-ақ дайын тауар шығару арқылы қосылған құнды арттыру мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, туризм саласын дамытуға ерекше назар аударылып, Абай елінің тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау, этнотуризмді ілгерілету және өңірдің емдік-сауықтыру әлеуетін тиімді пайдалану жайы сөз болды. Әңгіме барысында Алакөлдің туристік тартымдылығын арттыруға, оны екі ел арасындағы туризмнің маңызды орталығына айналдыруға қатысты бастамалар көтерілді.
Сонымен қатар тараптар шекаралық ынтымақтастық шеңберінде тауар айналымын кеңейту, бірлескен көрмелер ұйымдастыру, кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстарды нығайту, Семей қаласын іскерлік орталық ретінде дамыту және логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін қарастырды.
Кездесу соңында екі тарап көтерілген мәселелердің маңызына ерекше тоқталып, айтылған ұсыныстар мен бастамалардың тек қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты қадамдар арқылы іске асуы қажет екенін баса айтты. Тараптардың ортаға салған идеялары іскерлік деңгейде жалғасын тауып, нақты жобаларға ұласуы үшін алдағы уақытта тағы да кездесу ұйымдастырылатын болды. Сол жиын барысында екі ел кәсіпкерлері заң жүзінде нақты келісімшарттарға қол қоюға уағдаласты.
Жиынның негізгі бөлімінен кейін өңір кәсіпкерлері мен бизнес-делегация арасында B2B кездесу өткізіліп, екі өңір кәсіпорындары мен бизнесі арасындағы байланысты нығайту тетіктері қаралды.