USD0EUR0RUB0

«КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІ» ЕСІК АШТЫ

01 қыркүйек 2025, 14:25
1 қыркүйек - Білім күні Семей қаласының іргесіндегі Водный кентінде жаңа мектеп салтанатты түрде есік ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен еліміз бойынша жүзеге асып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи білім ордасы тұрғындар қуанышына айналды.
«КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІ» ЕСІК АШТЫ

Бұл күнгі салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев, Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Алма Шүкіжанова және білім саласының ардагерлері, кент тұрғындары қатысты.

Осы ауданда 40 жылдан соң есік ашқан 600 орындық еңселі ғимарат Семей қаласындағы екінші, ал Абай облысы бойынша үшінші «Келешек мектебі».

Жиналған қауым алдында аймақ басшысы Берік Уәлиұлы лебіз білдіріп, ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.

Жаңа оқу жылында мұнда 1-11-сынып аралығындағы 22 сынып-комплект және 1 мектепалды даярлық сынып есік ашты. Ал, бірінші сынып табалдырығын алғаш рет 55 бүлдіршін аттап отыр. Биыл мұнда барлығы 539 бала білім алатын болады.

- Құрметті жиналған қауым! Бүгінгі қуанышты жаңалық - жаңа оқу жылын жаңа мектептің ашылуымен бастағалы отырмыз. Біз тек білім ошағының ашылуына ғана емес, сондай-ақ үміт пен сенімнің нық қадамына да куә болып отырмыз. Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында көптеген жаңа ғимараттар салынып жатыр. Біздің облысымызда да сондай мектептердің бірнешеуі бой көтерді. Өздеріңіз білесіздер, өткен оқу жылының төртінші тоқсанында Қарағайлыда 1200 орындық «Келешек мектебінің» тұсауын кестік. Сондай-ақ, Бесқарағай ауданында да жаңа мектепті ел игілігіне пайдалануға берген болатынбыз. Енді міне, тағы да бір осындай мектеп есігін айқара ашып отыр. Мұнымен қатар, Шығыс ықшамауданында бір мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ашылуы адағы күндердің еншісінде. Сондай-ақ, келесі екінші тоқсанда Аягөз қаласында тура осындай жаңа мектептің құрылысы аяқталып, оқушыларға есігін ашатын болады. Әр тоқсан сайын жаңа мектеп ашып, ел-жұртымызды қуантып жатырмыз. Осындай келелі бастамалар арқылы балаларға қолайлы, қауіпсіз, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадамды көруге болады. Соның айқын көрінісі – бүгін бой көтерген 600 орындық жаңа мектеп. Бұл – ұстаздың арманын, ата-ананың сенімін, баланың үмітін тоғыстырған ортақ қуаныш. Бүгінгі ашылған мектеп – болашаққа деген сенімнің символы. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын, - деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Салтанатты шарадан соң облыс әкімі мектептің сыныптарын, асхана, спорт залды көріп, жабдықталуымен таныстып, оқушылармен, мұғалімдермен пікірлесті. Кент тұрғындарының қуанышы шексіз. Аймақ басшысына алғыстарын жаудырып жатты.

-Водный кентінде мұндай заманауи мектеп болмаған еді. Тұрғындар ұзақ жылдар бойы күтті. Өте қуаныштымыз. Барлық тұрғындардың атынан шын жүректен алғыс айтамыз. Мектебіміз үлкен білім ордасы болсын. Түлеп ұшқан шәкірттеріміз елдің мақтанышына айналсын, - деді бұл орайда зейнеткер-ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі Совет Тоғызбаев.

Жаңа білім ордасында арнайы жабдықталған 28 оқу кабинеті, физика, химия, биология, робототехника, графика және модельдеу бөлмелері, ағаш және металл өңдеу, тігін және кулинария шеберханалары бар. Сонымен қатар акт залы, асхана, хореография залы, робототехника кабинеті, 7 зертхана, кітапхана, бастауыш және арнайы пән кабинеттері, оқу залы мен коворкинг аймақтары да қарастырылған. Ал мектептің кең ауласында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолақтары мен спорт залы және кішкентай бүлдіршіндер үшін ойын алаңқайы жабдықталған.

Мектеп директоры міндетін атқарушы Тілек Сапышевтың айтуынша, мұндағы оқыту бір ауысымда жүргізіледі әрі тек мемлекеттік тілде білім беріледі. Оқушылар түске дейін сабақ оқыса, түстен кейінгі мезгілде шығармашылықпен айналысып, түрлі үйірмелерге қатысып, жан-жақты түрде тәлім-тәрбие ала алады. Басты ерекшелік – мектепте инклюзивті білім беру ісі қарастырылып, арнайы кабинеттер бөлінген. Онда логопед, дефектолог сынды мамандар қажеттілігі бар балалармен жұмыс жүргізеді.

Тағы бір айта кетері - шәкірттердің қауіпсіздігі ерекше назарға алынған. Арнайы турникетпен қоса, мектептің аумағын толық қамтитын жалпы саны 98 бейнебақылау камерасы іске қосылған. «Полицияға дабыл басу» сынды өзге де қауіпсіздік шаралары бар. Сондай-ақ, жайлы әрі қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету мақсатында бастауыш және орта сынып оқушылары жеке блоктарда білім алады.  

Айта кетерлігі, аталмыш мектеп Водный кентіндегі барлық балаларды толық қамтиды.

Жалпы облыстағы 8200 орын тапшылығының 31 пайызы «Келешек мектебі» жобасымен салынып жатқан 5 мектеп есебінен шешілмек. Қалған тапшылықты жою үшін республикалық бюджет есебінен алдағы үш жылда 11 мектеп салу жоспарланған.

Абай облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде аймақта 304 мектеп бар екен. Жаңа оқу жылында барлық білім ошақтарында 101 мыңнан аса бала білім алады. 12 мыңнан астам ұстаз еңбек етеді. Мұнымен қатар, биыл 10 мыңнан аса бүлдіршін алғаш рет 1-сынып табылдырығын аттап отыр. Соның ішінде білім мен тәрбие, қауіпсіздік шаралары толық қамтылған заманауи білім ордасына қадам басқан Водный кентінің оқушылары мен ата-аналарының қуаныштары шексіз.

Қуаныш ҚОЖАЕВ,

«Ертіс өңірі»

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2025
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar