Оның айтуынша, өңір жаңа оқу жылын жаңартылған мектептер, жаңа кабинеттер, толық қауіпсіздік және жылытуға дайындықпен қарсы алады. Облыста үш ауысымды мектеп жоқ.
- «Реновация» бағдарламасы аясында 2025–2027 жылдары 75 мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Биылдың өзінде 8 мектеп толық жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылына дейін дайын болады. Оның ішінде Семей қаласындағы №32 орта мектеп, Жаңасемей ауданындағы Түрксіб және Приречное мектептері, Аягөздегі №7 орта мектеп пен Қ.Қадыржанов атындағы мектеп, Бесқарағайдағы Глуховка мектебі, Үржар ауданындағы Б.Момышұлы мектебі бар. Жөндеу жұмыстарының басым бөлігі 1 қыркүйекке дейін аяқталмақ, - деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі жаңа мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Семей қаласы Водный кентіндегі мектеп 1 қыркүйекте ашылады. Аягөз қаласындағы 600 орындық жаңа мектеп 2-тоқсанда пайдалануға берілмек. Бұған қоса, Семейдің Шығыс Оң кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жалғасуда.
- Жалпы облыстағы 8200 орын тапшылығының 31 пайызы осы жобамен салынып жатқан 5 мектеп есебінен шешілмек. Қалған тапшылықты жою үшін республикалық бюджет есебінен алдағы үш жылда 11 мектеп салу жоспарланған. Апатты жағдайда деп танылған үш мектептің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Жарма ауданында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында 300 орындық мектептің жобалық құжаттамасы сараптамаға жіберілді. Семейдегі №11 мектептің орнына жаңа мектеп салуға құжат әзірленіп жатыр, - деді Дәулет Илиясов.
Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында биыл 12 мектепке күрделі жөндеуге 2 млрд 900 млн теңге бөлінген, оның бесеуі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында. Бұдан бөлек, 174 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Оқу сапасын көтеру үшін 75 мектепке 130 жаңа оқу кабинеті сатып алынды (физика – 17, химия – 20, биология – 22, STEM – 20, робототехника – 10, басқа бағыттар – 41). Барлық мектеп 100 пайыз бейнебақылау камераларымен жабдықталып, жедел басқару орталықтарына қосылған.